Бабадан мирас болған атбегілік

Бүгінгі күні еліміздің ұлттық спортын жаңғыртуға айрықша мән беріліп келеді. Өскелең ұрпақтың санасына бабадан қалған салт-дәстүрді сіңіруді, оның түпкі бастауына үңілуді парыз деп білгеніміз жөн.

Халқымыз жеті қазынаның біріне балайтын жүйрік ат ежелден көшпенділердің адал досы, мақтанышы, жан дүниесінің бір бөлшегі болып келді. Бұл жолғы кейіпкерлерім – өз өмірі мен күнделікті кәсібінде шабандоз шәкірт тәрбиесімен, ат баптаумен айналысып жүрген жандар. Спорт шебері, облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің көкпар, аударыспақ бөлімшесінің бапкері Аман Сәбитовпен Ерейментаудағы Аудан күні мерекесінде жүздесіп, аталған спорт түрлерін дамыту жайында әңгімелескен едік. Қазақстан тарихына үңілсеңіз, онда Ермолов есімді орыс генералының зайырлы журналда осы ойынды алғаш рет қалай сипаттағанын аңғарасыз. Автор көкпарды жағдайды қолма-қол бағалай білетін, қиындықты сәтімен еңсере алатын күштілер мен қажырлыларды баптайтын қырғыз-қайсақ ойыны деп атаған екен.
Орта Азия республикалары тәуелсіздік алғаннан кейін көне ойын қайта жаңғыртыла бастады. Нәтижесінде Халықаралық спорт федерациясы құрылып, оған көршілес республикаларға қоса Қытай, Пәкістан, Түркияның, тіпті Францияның өкілдері де кірді. 2000 жылы Халықаралық «Көк Бөрі» федерациясына енген «Қазақстан көкпаршыларының «Көк бөрі» республикалық қоғамдық бірлестігінің ресми тіркелімі өтті. Құрамына облысымыздың көптеген аудандарының спортшылары кірген ақмолалық команда 2001 жылдан бастап ересектер арасындағы жыл сайынғы Қазақстан Республикасының дәстүрлі чемпионаттарына қатысып келеді. 2006 жылдан бері ұдайы жүлдегерлер қатарында екенімізді мақтанышпен айта аламыз.
Көкпаршылар командасында 8 спорт шебері бар. Олар Целиноград және Ерейментау аудандарының өкілдері – Марат Нүрпейісов, Мерихан Хамитов, Жасұлан Жолдасов, Мұхтар Қадыров, Кенжебек Амангелдинов. Олардың біразы көкпармен қатар, аударыспаққа да қатысады. Облыста тіркелген командалардың жалпы саны он сегізден асады. Олар ересектер мен балалар командасы болып бөлінеді. Облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 2006 жылдан бері көкпар, аударыспақ, теңге ату, қыз қуу бөлімшелері ашылған. Алғашқы екі ойын ауданымызда жақсы дамыған. Аударыспақтың аға бапкері – спорт шебері Азамат Қадыров. Спорт шебері Берік Ахметов 16-18 жастағы жастар командасын жеті жылдан бері чемпионатқа қосуға даярлап келеді.
–Мен 18-21 жастағы жігіттерді жаттықтырамын. «Қобыланды батыр»
эпосын еске түсірсек, батырдың алыс қашықтықты еңсеретін төзімді де сенімді сәйгүлігі Тайбурылын сапарға шығарарда Құртқаның: «…қырық үш күні кем еді» дегені әйелдің парасаттылығына көз жеткізеді. Бүгінде Өлеңті, Қойтас, Еркіншілік, Новомарковка, Ақмырза, Байсары, Жаңажол ауылдарының епті жігіттерінің арқасында көкпар ойыны жанданып келеді. Мысалы, Ақмырза мен Новомарковкада дәстүрлі ойын жабағыны жайдақ мінген 9-15 жас аралығындағы балалар арасында өтеді. Осылайша көкпарды ұстауға, қарсыласқа есе жібермеуге, атқа мінуге, командалық ойын әдісін меңгеруге ерте жастан ден қойылады. Ол үшін ауылдарда ойын алаңдары, қарсыласқа салым тас-
тайтын қазандықтар да бар. Балаларды көкпарға үйретуге ішіне құм толтырылған мал тұлыбы жиі қолданылады, – дейді Берік Ахметов.
Ешқандай қолдау болмаса, бұл спорт та оңайлықпен дамымас еді. Осы орайда, «Темірбек», «Әділет» шаруа қожалықтарын ерекше айта кетуіміз қажет. Олар көкпар ойындарына демеушілік етуді дәстүрге айналдырған. Биыл аудан әкімі Ермек Нұғымановтың қолдауымен көкпар құрамасына 12 жұп етік, бірыңғай спорт киімдері сатып алынды. Әрине, сапалы ер-тоқымды қолға түсіру оңай емес. Ол айрықша әдіспен республикамыздың оңтүстік өңірлерінде жасалады. Көкпаршылар бұл мәселенің де уақытымен шешілетініне үмітті.
Бізбен әңгімесінде ат күтімі алаңын ашқызуға, осы спортты жаппай дамытуға бастама көтерген Қайрат Біләлов мырза ойын былайша сабақтады:
–Біз бүгінгі күні 28 ат қора даярлап, жылқы өсіруді тұрақты қолға алдық. Жуырда таза қанды ағылшын-араб тұқымды 4 бие әкелдік. Алғашқысы құлындады. Жылқыларды шағылыстыру үшін америкалық айғыр ұрығын пайдаландық. Осы өңірдің ауа райына төзімді, көкпар ойынына бейімді тұқым өсіргіміз келеді. Өйткені, атымыз ақылды, күшті, мығым болуы тиіс. Асылдандыру жұмысын жалғастыра береміз. Демалыс күндері бізге бірнеше бала келеді. Олар жылқыны күтуге, оған мініп серуендеуге құмар. Арнайы алаң дайын болғанда, балалар мен ересектерді жаттығуға шақыратын боламыз. Оған дейін жайлаудан өзге ат та алдырылады, – дейді Қайрат Біләлов.
Спортшылар бізден аудандағы көкпар ойынының алғаш негізін салушыларды атап өтуімізді өтінген еді. Талғат Сәбитов, Серікпай Шомаев, Бораш Серғазин, Ермек Әлиев, Жақсылық Күреңбаев, Иван Битюк, Тұрғын Биімжанов, Тұрсынбай Төлеуов, Абзал Бахмешев, Қабиден Жолдасов, Серік Елешев сынды азаматтар – облыс пен республикаға танымал көкпаршылар. Біз олардың ізбасарларының атбегілікпен ұштасқан игі дәстүрді әрі қарай батыл жалғастыра берулерін тіледік.

Раушан НҰРҒАЗИНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар