Аршалыда нақтылы істер бар

Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында Аршалы ауданындағы өнеркәсіп орындарының аяқалысымен таныстық.

Алдымен, Анар станциясында орналасқан «Аян» астық қабылдау кәсіпорны» серіктестігінің ұн және макарон өндіретін комбинатын аралап көрдік. Мұнда тәулігіне 150 тонна ұн тартылады, 50 тонна кебек шығарылады. Жоғары, бірінші және екінші сұрыпты ұн бункерлерге бөлінеді. Ол толғаннан кейін ұн елу келілік дозатор арқылы қаптарға салынып, өндірілген күні көрсетіліп қоймаға жіберіледі. Кешендегі қазіргі заманғы технологиямен жұмыс істейтін қондырғылардың барлығы Түркияда жасалған. Жұмыс орталықтандырылған компьютермен басқарылады. Компьютерден қанша мөлшерде бидай қабылданғаны және ұнның сұрыптары жөнінде білуге болады. Әрқайсысының сыйымдылығы 33 тонна болатын үш бункердегі ұн шнек арқылы макарон цехына келеді. Мұнда Ерлан Қамбаров пен Есімбек Елжанның басшылығымен 22 адам жұмыс істейді. Цехтағы қондырғылар Италияда жасалған. Арнайы қондырғы арқылы иленген қамыр конвейерге жіберіледі. Осында қамыр қажетті көлемде кесіліп, пеште кептіріледі. Сөйтіп, тәулігіне 24 тонна макарон, 4 тонна жайма өндіріледі. Жалпы мұнда он түрлі сапалы өнім өндіріліп, салмағы әртүрлі арнайы қағаз қапшықтарға салынады. Көтерме саудада жоғары сұрыпты ұнның бір келісі 100-110 теңге, бірінші сұрыпты ұнның бір келісі 75-80 теңге, 400 грамм макарон 100 теңгеден сатылады.
– Серіктестік мал шаруашылығымен қатар, егіншілікпен де айналысады. Яғни, шикізаттың бір бөлігі өзімізде өндіріледі. Комбинат ешқандай қоспасыз табиғи өнім шығарады. Макарон бидайдың қатты сұрпынан жасалады. Сондықтан, өніміміз жоғары сапасымен ерекшеленеді. Өнімдер Астана қаласына, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан мен Қырғызстанға шығарылады. Жоғары және бірінші сұрыпты ұнды Ақмола облысының наубайханалары сатып алады. Астана, Көкшетау және Қарағанды қалаларында өткізілетін жәрмеңкелерге жиі қатысамыз. Аудан тұрғындарын жұмыспен қамтып отырмыз. Кәсіпорында қырықтан астам адам екі ауысыммен жұмыс істейді. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Сырттан келген мамандар комбинат жанындағы қонақ үйде тұрады. Үш мезгіл тамақ беріледі, – дейді өндіріс меңгерушісі Елена Ким.
Бұдан соң Түрген ауылында орналасқан «Кабель-КТ» серіктестігінің электр кабелін өндіретін цехында болдық. Кәсіпорын үш жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда ток өткізбейтін 1,5-нан 10 шаршы миллиметрге дейінгі әртүрлі кабель жасалып шығарылады. Бір желіден бес желіге дейін жасалатын өнім құрылыс саласында кеңінен пайдаланылуда. Цехта оператор Валерий Самсонов пен Евгений Пасечный жұмыс істеп, сағатына 6 шақырым кабель жасап шығарады. Жалпы, бір айда 10 мың тонна өнім өндіріледі. Кабель жасаудың технологиясы өте қарапайым. Цех басшысы Дмитрий Немченко өз сөзінде бұл өнімдер Астана қаласының тұрғын үй және өзге де құрылыс салаларында кеңінен пайдаланылатынын, сауда рыногын ұлғайтқылары келетіндерін айтып өтті. Сапалы өнімдерінің сертификаты бар. Шикізаттың 85 пайызы Қазақстанда жасалған.
Мемлекеттік және жекеменшік серіктестігі аясында жеке кәсіпкер Самархан Өмірханұлы 80 орындық балабақша ашыпты. Мұнда он екі адам жұмыспен қамтылған. Төрт топ «Балапан» бағдарламасымен жұмыс істейді. Екі топтың бүлдіршіндері мемлекеттік тілде тәрбиеленуде. Екіден алты жасқа дейінгі балалар арнайы автокөлікпен тасымалданады. Келешекте жеке кәсіпкер жаңа балабақша салуды жоспарлап отыр.
– Орталық аудандық ауруханада жұмыс істеймін. Кезекте тұрып, балабақшаның ашылуын біраз күттім. Биыл бұл мекеме ашылғанда қуанышымда шек болмады. Қазір алаңсыз жұмыс істеймін. Кент тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылды. Бүгінгі таңда аудан орталығында екі балабақша жұмыс істейді, – дейді кент тұрғыны Жібек Рамазанова. Бұдан бір жыл бұрын Самархан Өмірханұлы аудандық әкімдіктің қолдауымен Жалтыркөл ауылында 50 орындық балабақшаны пайдалануға бергенін атап өткен жөн.
«Heil Астана» серіктестігі Волгодоновка селосында жылыжай шаруашылығының құрылысын жүргізуде. Серіктестік директоры Аян Нұғыман өз сөзінде серіктестіктің азық-түлік тасымалдаумен айналысатынын, бұған қоса, көкөніс өсіретін жылыжай бизнесімен айналысқылары келетіндерін айтып өтті.
– Рынокта қияр тәрізді көкөніс жетіспейтінін көріп жүрміз. Осыған байланысты жылыжай кешенін салуды жөн көрдік. Бұған дейін бір мың шаршы метр жылыжайды жалға алып, 2200 түп алғашқы өніміміздің пайдасын көрдік. Әр түптен екі күнде бір-бірден қияр алсақ, ол үш жүз келіні құрайды. Жарты айда 7,5 тонна өнім жиналды. 1200 шаршы метр жерде құрылысы жүріп жатқан жылыжай бір қабаттан тұрады. Келесі жылы екінші қабатын саламыз. Бұл жылыжайда тек қана қияр өсіріледі. Сондай-ақ, келесі жылы тағы бір жер телімін игеруді жоспарлап отырмыз. Сөйтіп, жалпы сегіз мың шаршы метр жер телімінде көкөніс өсірмекшіміз. Екінші жобаны жүзеге асыру үшін 37 гектар жер телімін жалға алдық. Ол жерге екі жылыжай саламыз. Бірінші жылыжайға қияр, екінші жылыжайға қияр мен қызанақ өсіреміз. Қызанақ та қияр тәрізді төрт күнде бір мәрте жиналады. 79 мың түптің әрбіреуінен бір қызанақтан алсақ, төрт күнде төрт тонна қызанақ жинауға болады. Қызанақ екі жарым ай жиналады. Бұдан соң жер қайтадан өңделіп, тұқым отырғызылады. Он жеті гектар алқапқа картоп пен қызылша отырғызуды да жоспарлап отырмыз. Сөйтіп, 320 тонна картоп, 400 тонна қызылша жинап алмақшымыз. Осы маңда балық өсіруді де қолға аламыз. Бүгінгі таңда аталмыш өнімдер Астанаға оңтүстіктен тасымалданады. Қыс айларында қиярдың бір келісі 1,5 мың теңгеден саудаланады. Бұл еттің бағасымен тепе-тең. Жаз айларында қиярдың бір келісін 130-150 теңгеден саттық,–дейді серіктестік директоры.
Жылыжай жыл бойы жұмыс істеп, қияр мен қызанақ екі мәрте жиналмақшы. Астаналықтар Ақмола өңірінде өндірілген өнімді ұнатады. Серіктестік өнімді өз автокөліктерімен тасымалдайды. Сондықтан, өнім бағасы да шарықтамайды. Қыс айларында жылыжайды жылыту үшін шығын көп болатыны белгілі. Баға сонда ғана аздап көтеріледі. Үлкен жылыжайда отыз жұмыс орны ашылмақшы. Агроном Александр Небоганың айтуынша, жылыжайдағы көкөністер тамшылап суарылады. Тыңайтқыштар жергілікті жерден алынады. Химия қолданылмайды. Тұқым тасымалдаушылармен де келісім жасалған. Қиярдың жаңа сұрпы тұтынушылар көңілінен шығыпты. Сөйтіп, астаналықтар бағасы арзандау көкөніске қол жеткізеді.
Бұдан кейін «Vortemet» серіктестігінің Жалтыркөл ауылында орналасқан қиыршық тас өндіретін зауытында болдық. Екі жылдан бері жұмыс істейтін кәсіпорын еуропалық стандартпен жол мен тұрғын үй құрылысы үшін әртүрлі қиыршық тас өндіреді. Серіктестіктің директоры Сергей Дзюбаның айтуынша, елу адам еңбек ететін зауыт жыл бойы жұмыс істеп, аудандағы ең көп салық төлеушілердің қатарына енген. Кәсіпорын ауданда өтетін барлық шараларға қатысады. Зауытта «Sandru» фирмасы жасап шығарған тас уатқыш қондырғысы орнатылған. Осының арқасында кәсіпорын еуропалық стандартқа сәйкес, жоғары сапалы қиыршық тас өндіреді. Бұл өнімді Астанадағы құрылыс саласы мен жол құрылысы тұтынады. Мәселен, «Астана-Қарағанды» бетон жолына осы кәсіпорын өндірген қиыршық тас пайдаланыпты. Зауытқа автокөліктер көп келетіндіктен, жол жарамсыз болып қалған. Серіктестік биыл осы үш шақырым жолды жөндеп, асфальт төсепті. Бұл жұмысқа 100 миллион теңге қаржы жұмсалған екен. Айдалада бой көтерген кәсіпорынның техникалық паркі экскаваторлармен, тиегіштермен және жүк көліктерімен жабдықталғанын көрдік. Бәсекелестікті өздерінің сапалы өнімімен жеңе білетін кәсіпорынның болашағы зор екенін аңғардық.
– Жұмысшылардың 30 пайызы Жалтыркөл ауылынан, өзгелері ауданның елді мекендерінен келіп жұмыс істейді. Оларды өз автобусымызбен тасымалдаймыз. Түскі астың бағасы 130 теңге. Келешекте несиені жауып, кәсіпорынды ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Мұнда тастың қоры жеткілікті. Астана қаласына ең жақын зауыт болғандықтан, қиыршық тасымызды бетон және асфальт-бетон зауыттары алады. Сондай-ақ, өнім темір-бетон плитасын, іргетас блогын жасауға, бетон құюға пайдаланылады, – дейді серіктестік басшысы.

Рамазан Тілеуов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар