Көштің басын Көкшетауға да бұрған игі…

Соңғы жылдары халқы тығыз қоныстанған Қазақстанның оңтүстік аймақтарынан солтүстік өңірлерге көшуге ниет білдірген адамдарды, тұтас отбасыларын қоныстандыру жүргізіле бастады. Бұған Үкімет көңіл де, қаржы да бөліп отыр. Арнайы мемлекеттік бағдарлама да жасалды. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2017 жылы республика бойынша қазынадан 85 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеген болатын.
«Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген жаңа тармақ бойынша Үкімет оңтүстік аймақтарды – халқы көшуші, солтүстік аймақтарды – көшті қарсы алушы аймақтар ретінде белгіледі.
Үкіметтің ішкі көші-қонды жүйелеп, жұмыс күшін дұрыс бөлуді реттейтін қанатқақты жобасына сәйкес, 463 отбасына бөлінген квотаның 22-сі Қостанай, 40-ы Шығыс Қазақстан, 101-і Солтүстік Қазақстан, 300-і Павлодар облыстарына тиесілі. Осы бағдарламадан Ақмола облысы, соның ішінде Көкшетау өңірі неге тыс қалып отыр?

Көшіп келгендерге көрсетілер көмек те қомақты

Бағдарлама бойынша оңтүстіктен солтүстікке өз еркімен көшіп келгендерге баспана, тұрақты жұмыс ұсынылуда. Көшуге кететін шығын үшін әр отбасы мүшесіне 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаражат төленеді. Үйді бір жылға жалға алу үшін қаржылай көмек көрсетіледі. Әр отбасыға 34 мың теңгеден 68 мың теңгеге дейін субсидия беріледі. Егер бір адам көшіп келген болса, оған пәтерақы ретінде 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек көрсетіледі. Ал, егер отбасында 3-4 адам болатын болса, олардың әрқайсысына 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төленеді. Жалпы бағдарлама бойынша тұрғын үй кезегіне қойылады. Мәліметтерге қарағанда, қазірдің өзінде солтүстік өңірге 19 мың адам көшкен.
Бұл әбден ойластырылған шаруа. Ұлттық және халықаралық сарапшылармен Ұлттық экономика министрлігі орын алып отырған жағдайды мұқият елеп-екшеп, халық санағын жүргізген. Халықтың 38 пайызы оңтүстік өңірлерде қоныстанғаны белгілі болып отыр. Ал, солтүстік аймақтағы халық саны небары 17 пайыз ғана. Тағы бір мынадай мысалды келтіре кетуге болады. Оңтүстік облыстарда 100 сәбиге 12 қариядан келетін болса, солтүстік өңірлерде 100 сәбиге 53 қариядан келеді. Яғни, қазірдің өзінде еңбек ресурсы мәселесі туындап отыр деген сөз.
Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәліметтерді саралағанда, оңтүстік халқының 0,7 пайызы Солтүстік Қазақстанға, 1 пайызы Қостанай облысына, 1 пайызы Павлодар облысына көшкендігі белгілі. Ересек адамдарды көшірумен бірге, жастарды «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға жіберу де маңызды. Осы жерде оқып, білім алған олардың күні ертең тұрақтап қалуы әбден ықтимал. Облыстық «Арқа ажары» газеті өңіріміздегі кәсіптік-техникалық білім саласында білім алған жастардың алғашқы легі жүз пайызға жуық өз өңірімізде жұмысқа орналасқаны туралы жазған болатын. Демек, бағдарламаның нәтижесі осы мысалдан-ақ көрініп тұрған жоқ па?

 

Жапандағы жалғыз үй

Жаз ортасында еңбек ардагері, ел ақсақалы Болат аға Көшімбаев жоқ жерден қолқа салған. Туған жеріне барып қайтпақ. Еліне деп айта алмас еді. Туған жері болғанымен, туған елі жоқ қой қазір. Ақсақалдың атқосшысы ретінде көлігіне отырғанбыз. Туған жері – Бурабай ауданына қарасты Жаңатуған ауылы. Осыдан оншақты жыл бұрын ауылдың жетпіс жылдығын тойлаған. Сол жолы бар беделін салып, қирап қалған жолды жөндеткен. Ол кезде ауыл іргесі сөгілмеген, берекесі қашпаған уақыт еді. Рас, аздап жүдеген, айдай жүзіне кіреуке түскен. Бірақ, үміті үзілмеген. Болашаққа деген сенімі зор болатын.
Жолдағы Викторовка селосын басып өткеннен кейін жол үстіндегі ойдым-ойдым қазан шұңқырларға кезіктік. Түсіп көреміз, доңғалақты қай жеріне салсақ екен деп. Жеңіл машинаға қол емес екен. Тас жолды тастап, дала жолына түстік. Қара шаң қолқаны қапқаны болмаса, ту талқаны шыққан тас жолдан тәуір.
–Соңғы кезде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы мақаласынан кейін туған жерге көңіл аударыла бастады ғой. Мен де міне, кіндік қаным тамған топырақты, табиғатты, өңірдегі қасиетті орындарды көзбен шолып, көкірегімдегі сезіммен аймалап қайтсам деп едім. Біздің Зеренді, Бурабайдың төңірегі байыбына барған адамға тұнып тұрған тарих қой, – дейді Болат Ахметжанұлы.
Жол үстіндегі Алаштың ардақты перзентінің бірі әз-Бөгенбайдың мазарына соқтық. Жапан даланы күңірентіп құран оқылды.
–Арыдағы Абылай заманының бергі тарихты түре келсең, кейінгі ұрпақ үшін мәңгілік өнеге болатын тұлғалар аз емес, – дейді экономика ғылымдарының докторы Қасымхан Құсайынов, – соңғы уақытта қолыма қалам алып жазып жатырмын. Бекше би туралы індетіп іздедім. Апырмай сұрапыл соқпақ. Рас, ел жадынан өшкен, там-тұм ғана. Жоғалуға жақын, таусылуға таяу.
Күзгі даланың сәл сұрғылт тартқан
бояуы шөп басына қонақтап қалыпты. Бір-біріне елбесіп-селбесіп шұбап жатқан Жыландының қос қапталы ит тұмсығы өтпейтін сыңсыған орман. Жап-жасыл. Көкпеңбек. Көгілдір түс ауа-
дан. Ауаның тазалығынан. Адам көңілі де дәл осындай таза болса ғой.
Шоқалақтай мөңкіп, төрт табанына тегіс тиетін жер таппай, бөгелек тиген бестідей тулаған жеңіл машина Жаңатуғанның қотанына келіп, тізгін тартты. Қотан деген сөз жай әншейін айтыла салған ұғым-дағы. Әйтпесе, ауыл шетінде көшкен елдің жұртындағы жалғыз қарауыл сияқты мұржасының ұшы сорайып жалғыз үй отыр екен. Оң қапталында, сол қапталында қираған үйлердің орны. Әлдекімдер ауылдың үйін де, мал базын да, машина-трактор шеберханасын да бұзып әкеткен. Орнында үйіндісі ғана жатыр. Кісі бойы ошаған, қаптап кеткен арам шөп.
Ауылдың қақ ортасында екінші дүниежүзілік соғысында қаза болған осы ауылдың перзенттеріне қойылған тәп-тәуір ескерткіш бар екен. Төңірегі ұқыпталып қоршалыпты. Аталар аруағына адал кейінгі ұрпақтың қошемет құрметінің ізі менмұндалап сайрап тұр. Тек күтімсіз. Кей жері жауынның суынан, желдің өтінен тозыңқырап, сыры түскен.
–Осы ат төбеліндей ауылдан қан майданға 70-ке жуық азамат аттанып, түгел дерлік Отан қорғау жорығында опат болған, – дейді Болат Ахметжанұлы, – соғыстан соңғы жылдардың зілмауыр салмағынан ауыл адамдарының қабырғасы қайысса да, туған жерін тас-
тап төрт құбыланы бетке алып тентіреп кетпеген еді. Міне, көрдіңіз бе, жетпіс үй болған Жаңатуғанда жалғыз-ақ үй қалыпты. Жапандағы жалғыз үй.
Бурабай ауданына қарайтын, табиғаты тамылжыған ғажайып өлкеде іргесі сөгіліп, тарап кеткен ауыл аз емес екен. Санап көрелік. Алдымен, Крупская ауылы. Аты марқұм «әжеміздің» есімімен аталса да, кілең қазақ тұрған елді мекен еді. Қазір жұрты ғана жатыр. Құстың ұясындай жылылық есіп тұратын жетпіс үйлі Ұялы ауылында жеті-ақ үй қалған. Бурабай ауданының осы бір шекарасы Зеренді
ауданымен шектеседі. Зеренді ауданына қарасты Ақтас
ауылы қазір жоқ. Алпыс үйлі Қызылқайнарға барсаңыз, қазір орнын сипап қаласыз. Түтін түтетіп отырған бір шаңырақ қалмаған. Осы өңірдегі ең ірі елді мекеннің бірі Қостомарды да өтпелі кезеңнің өкпек желі шамырқанта соғып талай үйдің шаңырағын шайқаған. Қара ормандай қалың 200 үйлі елді мекеннен қалғаны елуге жете ме, жетпей ме. Ынтымақ-бірлігі мол Қарашіліктің жүз үйінен он шақты шаңырақ қалыпты. Заречный поселкесі түп орнымен үдере көшкен. ХVІІ партсъезд атындағы сексен үйлі елді мекеннің сұлбасы ғана жатыр.
–Әне, анау көлді көрдің бе, балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған, – деді Болат Ахметжанұлы, – өкініштен қалтыраған қолымен толқып жатқан ақ айдынды нұсқап, – қаншама қазына. Бағзы замандағы бабаларымыз «өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген. Осы жерде құс фабрикасын ұйымдастыруға болар еді. Фабрика болса елге жұмыс болмай ма. Жұмыс болса, осы ауылдың азаматтары туған жерін тастай қашпас еді ғой.
Шынында да, жұмақ жер. Топырағы қандай. Кәдімгідей әсірелеп айтқан адамға жетек шаншысаң, арба өсіп шығатын жер. Көкмайса шөп кеудеден келеді. Ағаш бауырындағы жоңышқа киіздей ұйысып, тұнып тұр. Нешеме жылдан бері шалғы тимегендіктен өлі қауы аяққа оратылып, туырылып жатыр. Нағыз жетім тоқты бір отар қой болатын берекелі жер екен.
–Ну орман да қараусыз қалған, – дейді Болат Ахметжанұлы. – Бір кезде елдің үлкендері осы орманнан рұқсатсыз қамшыға сап та алғызбайтын. Қазір туған жердің баға жетпес байлығы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатыр.
Төңіректің бәрі мәңгі жасыл қарағай, ақ балтыр қайың, ұшар басы зәулім көкке ұмтылған сыптығыр терек. Ауыл тау етегіндегі ығы мол алаңға қоныстанған екен. Бір кезде ортақ қазынаның ырысын еселеуге есепсіз еңбек сіңірген қаншама адамның түтін түтеткен қара қонысы.
Тау етегінде, қалың қарағайдың ортасында Әулиебұлақ ағып жатыр. Суы шипа, мың сан дертке ем. Ертеректе екінші дүниежүзілік соғысына боздақтар осы Әулиебұлақтың басына мінажат етіп, құтысына қасиетті суын құйып алып аттанған. Ағзасы дертке шалынған осы төңіректің адамдары қасиетті бұлақ басына келіп, дертіне дауа тапқан. Ауылға қарайтын қамқор көз, жанашыр жанар бітелгенімен, бұлақ көзі бітелмепті. Мөлт-мөлт етіп ағып жатыр. Құтты адамның көз жасы тәрізді. Жағасын жайлаған қалың ел үдере көшкенде жалпақ жонда жалғыз қалған Әулиебұлақ бауырында өскен перзенттерін жоқтап, жылап жатқан тәрізді.

Елге ел қосылса – құт

Облыс аудандары оңтүстік өңірден көшіп келушілерді қабылдауға орай дайындық жасаған екен. Бірақ, аяқсыз қалған. Біздің облыс республикалық бағдарламаға енгізілмеген. Ал, енгізілуі керек еді. Жоғарыда шағын ауылдардың облыс картасынан жоғалып кету қаупі туып отырғандығын айттық. Тарап кету қаупі төніп отырған ауылдар біреу емес, бірнешеу. Ондап саналады. Егер көштің басын Көкшетауға бұрса, біз сол арқылы ата қоныстағы шағын ауылдарымызды, сол ауылдардағы мектептерді, мәдениет ошақтарын, фельдшерлік-акушерлік пункттерді, басқа да ғимараттарды сақтап қалар едік.
Қазір ауылды мектеп сақтап отырғандығы баршаға белгілі. Ал, мектепті сақтап қалатын көшпен ілесе келген халықтың оқушы балалары болмақ. Алдын ала түзілген тізімге әр ауданға қандай мамандар қажет екендіктері көрсетілген. Мәселен, Ақкөл ауданының орталығына, Азат, Наумовка, Урюпинка селоларына құрылысшылар, медбикелер, спорт жөніндегі әдіскерлер, сондай-ақ, көптеген мектептерге пән мұғалімдері қажет екен.
Ал, Бұланды ауданындағы білім ошақтарының қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін сыныптарына физика, география, математика, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері және дәрігерлер керек. Осы аудандағы Отрадное, Алтынды, Шұбарағаш, Айнакөл, Тастыөзек, Воробьевка, Алакөл, Жаңаталап ауылдарындағы орта мектептер жоғарыда аталған мамандықтар бойынша сабақ беретін мұғалімдерге сусап отыр. Бұл аудан 25 отбасын қабылдауға әзір. Егіндікөл ауданының «Ушаков агро» серіктестігі айына 150 мың теңге еңбекақы төленетін механизаторға, 90 мың теңге төленетін жүк көлігінің жүргізушісіне, 70 мың теңге төленетін малшыға, 160 мың теңге төленетін комбайнерға зәру. Ал, Еңбекшілдер ауданына рентгенолог, дерматолог, офтальмолог, хирург, маммолог, онколог, нарколог, психиатр, фармацевт дәрігерлер қажет. Ерейментау ауданында мұғалім, дәрігерлермен қатар, механизаторлар, малшы мен жылқышы, ауыл шаруашылығының жұмысшылары жетіспейді. Аудандағы «Жұмай», «Атамекен Аққу» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қолына құрық ұстайтын малшы таба алмай отыр. Міне, осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Біз теріп алған мысалдар ел ішінде жұмыстың барлығын, мамандардың жетіспейтіндігін көрсетеді. Демек, оңтүстіктен ескен леп облыс экономикасын көтеруге септігін тигізетіні анық. Қаймағы бұзылмаған қазақы өңірден келген ағайындар тілімізге де, рухани әлемімізге де мол әсерін тигізер еді.
Ендігі бір ұсыныс көштің басын Ақмола облысына бұрғызу. Сөйтсек, демографиямыздың демігуі басылып, дертінен арылып, халық саны үстемелеп, көбейер еді. Бала саны жетпей, жабылып жатқан мектептеріміз аман қалар еді. Мектеп ауылды сақтар еді.
Жасыратыны жоқ, жер емшегін емген оңтүстіктің еңбекқор жұртынан үйренеріміз аз емес қой. Елбесіп-селбесіп жақсысын үйреніп, дәстүрімізге қосып, дастархандағы дәмді молайтар едік. Ол үшін көшіп келушілерге әр ауданның әкімдігі баспанасын сайлап, жұмысын дайындап, ауылға арналған «Алтын асық», «Құлан» тәрізді бағдарламалардың жай-жапсарын насихаттап, жеткіншектерін мектепке орналастырса болғаны.

Байқал Байәділов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар