ЕРЕЙМЕННІҢ ТАРИХЫ – ТАУСЫЛМАС ҚАЗЫНА

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Ереймен еліндегі Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың жорықтарының ізімен» атты автожорық осы ауданның күн шығысындағы Қоржынкөлдің жағасында орналасқан Саққұлақ бидің мазарын көруден басталды.

Ал, маусым айының алғашқы аптасында шара Сілеті өзені бойындағы Түйте әулие мазарына, соңынан Степногорск қаласы маңындағы Ақсу кентінен 18-20 шақырым жерде орналасқан «Бөгенбай батыр сөресіне» бару сапарымен жалғасып, қызығушылық білдірген жастарды тарихи нысандармен жақын таныстыруға жақсы мүмкіндік берді. Осы жолғы өлкетану жұмысында біз жолға шыққан кісілерге Орта жүздің боз арғымағы атанған Саққұлақ би және оның балалары Әжімбет, Ералы мен Нұралы туралы мол мағлұмат беруге тырыстық.
Саққұлақ би кесенесі шикі кірпіштен салынған. Қасбеттерінің қырларының аралығы доға тәрізді әрі сегіз қырлы күмбез түрінде өрілген. Уақыт әсерімен көне мазар қабырғалары мүжіліп, жартылай құлаған еді. Бірақ, 2000 жылы Бөгенбай батырдың Әлихан Барлыбаев бастаған ұрпақтары ескі нұсқасының сыртынан жаңа күмбезді
мазар тұрғызып, оны қайта жаңғыртты.
Қара сөздің жүйрігі, Арғынның ақсақалы атанған Саққұлақтың шын есімі Сәбден (кей деректерде Сәбелең), ерекше зейін мен алғырлығының арқасында Саққұлақ атанған деседі. Бұл есімді ризалықпен қойған Алтайдың ақиығы – атақты Байдалы шешен.
Бөгенбай батырдың Бапан деген немересінен туған шөбересі елге алғырлығы әрі шешендігімен жасынан жақсы таныс болған. Осы Саққұлақ бала күнінде қатты сырқаттанып, көп уақытқа дейін айықпай, ата-анасын қатты састырса керек. Әке балаға сыншы деген ғой бұрынғылар. Жабырқаған Бапан бидің:
Көп баланың ішінде Анай да бар,
Анай атқа мінгенше талай да бар.
Жанқұлақ пен Қонқайға сенгеніңше,
Кетпен ал да, көріңді сарайлап ал, –
деген аталы сөзінен оның осы баласына зор үміт артқанын байқаймыз.
«Сағекең айтыпты» деген ауыз әдебиетінің үлгілері қазір көп кездеседі. Жас бидің: «Адам баласына тән және бір-бірінен туатын үш жаман қасиет бар. Ол қылжаңдық, мылжыңдық, алжушылық. Жасында қылжаң болған адам, өскенде мылжың болады, қартайған соң мылжыңнан алжу туады»; «Бас болатын жігіттің бес белгісі болады: тыңдай білу, сыйлай білу, сынай білу, жылай білу (аяушылық мағынасында), шырай беру» деген ұлағатты сөздері
бар. Саққұлақтың әрбір айтқан шешендік сөздерінің философиялық мағынасы терең, тәрбиелік мәні зор.
Кезінде Абылайды Төле бидің қозысын бағып жүрген жерінен Бөгенбай батыр өз қолына алып, әскери іске машықтандырып, тәрбиелегенін көзі ашық жұрт біледі. Кейін Абылай хан сайланған кезде Бөгенбай батыр оның ұсынысымен қазақ елінің ішкі және сыртқы саяси жағдайына байланысты жиі ақылдасатын адамдарының қатарында болған. Сол сыйластық қарым-қатынас өздерінен кейінгі ұрпақтарының арасында да жақсы жалғасын тапты. Қазақтың маңдайына біткен біртуар ғалымы Шоқан Уәлиханов Баянауылдың Ерейменмен шектес-кен жерінде жайлауы болған нағашы атасы Шорман биге барар жолда міндетті түрде Саққұлақ биді әдейі іздеп барып, оның даналық сөздерін тыңдайды екен. Сол кездесулердің бірінде Саққұлақ би бата сұраған Шоқанға: «Басшың – ақыл, жолдасың – ой, жолаушың – еңбек, қорғаның – кәсіп, қорғаушың – сабыр, қолдаушың – мінез, қымбатың – ар, таусылмайтының – арман, таразың – жүрек, қызығың – өмір болсын» деп ағалық тілегін айтқан көрінеді.
Музей қызметкерлері оқушыларға Саққұлақ биге қатысты осы және өзге де оқиғалар жөнінде ақпарат беріп, Бөгенбай ұрпақтарының өмірдегі ұлы істері мен мұралары туралы ой қозғады. Кей деректерде осы мазардан 20-30 қадам жерде Бөгенбай батырдың үшінші әйелі Лабадан туған Жылқыбай деген баласы мен батырдың немересі атақты Бапан
бидің мүрделері жатыр деп көрсетілген.
Саққұлақ би мазарынан кейін экспедиция мар-шруты Ерейментаудың күнбатысында жайғасқан Сілеті өзені жанындағы Кеңөткел ауылына бет алды.
Жол үстінде жастарға Бөгенбайдың бәйбішесі Баяудан туған баласы Тасыбектің қыстауын көрсеттік. Қазіргі таңда бұл жерді Тасбақа деп атайды. Және осы жерде Бөгенбайдың үшінші әйелі, қалмақтың қызы – Лаба анамыздың бейіті тұр. Қалмақ пен қазақ арасындағы бір қақтығыста жауласқан ел тізерлеп, Уса Серен қонтайшының екі қызы Лаба мен Лағба ескі шарт бойынша қазақтың бас адамдарына беріледі. Лабаны Қанжығалы Бөгенбай батыр әйелдікке алса, Лағбаға Сүйіндік Олжабай батыр үйленіпті.
Тасбақадан Ерейменге бет алған тұста Жаманның ағашы аталатын жерден өттік. Бөгенбай батырдың ұрпағы Жаман қажы өз заманында ауқатты кісі болыпты. Кезінде осы жерде қыстауы болғандықтан, ел оны Жаманның ағашы деп атап кеткен екен. Көне ауыл тұсынан өткен адамдар қол жайып зиярат етеді, әйтпесе жолдары болмауы мүмкін деседі.
Жаманнан 80 шақырым жерде орналасқан Кіші Майдан тауына дейінгі жолда Бөгенбай батыр мен оның ұрпақтары, Ереймен елі мен киелі жерлері жайлы аңыз-деректерді айтып отырып, көздеген нысанға қалай келгенімізді аңғармай да қалыппыз.
Кіші Майдан тауына жеткенде музейдің ғылыми қызметкері Мәнап Әдірешев осы тауға байланысты айтылған аңыз-әңгімелермен бөлісті. Жаугершілік заманда Кіші Майдан тауының жанында Бөгенбай жасағы орналасқан. Батыр үнемі жас сарбаздардан тұратын жасағын әскери іске машықтандырып, соғыс тактикасын жетілдіріп отырған. Кіші Майданның жанында ұрысқа дайындалған әскер Кеңөткелден өтіп, Үлкен Майдан тауының ар жағында орналасқан жоңғар әскерімен шайқасады. Қазіргі кезде бұл тауларды кейбір адамдар шатастырып, «Майлан» тауы деп айтып жүр. Және бұл таудың шығу тарихын Майлан деген жас қызбен байланыстырады. Бірақ, дұрысы оның Майдан деп аталуында деп сөзін түйіндеді ол.
Осы Майдан тауының шығу тарихы жөнінде жазған тұлғалардың бірі – Қимаш Сыздықұлы Шақабай. Бұл кісі Ақмола өңірінің тумасы. Көп жылдар бойы Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарының партия және атқару комитеттерінде беделді жұмыстар атқарған. Зейнеткерлікке шыққанан кейін өлкетану жұмысымен айналысып, бұрмаланған жер-су атаулары жайында тарихи деректерге бай шығармалар жазған. Соның бірі – 1994 жылы шыққан «Сілеті өзені» кітабы.
Автор осы шығармасында Целиноград ауданы мен Ерейментау аудандарын бөліп тұрған Майдан тауының «Майлан» болып өзгеріске түскеніне таңданыс білдіреді. Өзінің туып-өскен жеріне кімдердің және не үшін өзгеріс жасағанына ренішін айтады.
Аталмыш кітапта жасы 90-нан асқан ақсақал мынадай нақты деректерді алға тартқан: «… Приречный поселкесінің күншығыс жағында Үлкен Майдан тауы тұр. Ертеректе, ХVІІІ ғасырдың орта шенінде жоңғар әскерлері Ертіс өзені арқылы өтіп келіп, Сарыарқаға шабуыл жасайды. Сонда жоңғар шапқыншылығына тойтарыс беруге шыққан Абылай хан мен Қанжығалы қарт Бөгенбайдың таңдаулы жасақтары осы тұста кездесіп, біразға созылған үлкен шайқас болады. Таудың Майдан атанған тұсы осы кезден басталады. Бірақ, кейін неге екені белгісіз, сөз саптауы бұрмаланып, таудың аталуы «Майлан» болып кетеді. Ал, шындығында таудың дұрыс атауы – Майдан. Майданнан кейін Сілеті әрі қарай арнасын кеңейтіп, жайыла ағады да Кіші Майданды айналып өтеді», – дейді.
Кіші Майданнан Кеңөткелге келген тұста ұлы бабамыз Бөгенбайдың жүрген жолымен келгенімізді мақтан тұтып, рухани азық алып, жүрегімізді шынайы патриоттық сезім кернеді. Жан-жақты саралап қарасақ, Кеңөткелде 2-3 қана үй көзімізге түсті. Соның ішіндегі шарбағы биік, ауласы кең, бау-бақшасы келіскен бір үйдің жанына барып тоқтадық. Сұрастыра келе бұл үйдің иесі Серік Бейімжанов есімді азамат болып шықты. Осында ата кәсібін жалғастырып, мал шаруашылығымен айналысады екен. Бір көргеннен бізді жылы шыраймен қабылдады. Біздің осы жерге келу мақсатымызбен танысқасын,
үйге асқа шақырды. Сөйтіп, жолаушы жандар дастархан басына Роза апамыздың қолынан дәм татып, біраз шүйіркелескеннен кейін елге ат басын бұрдық. Жол-жөнекей бұрынғы Стаханов, қазіргі Қарағайлы ауылының ішімен өтіп, оқушыларды бұл жердің көнеден тамырланған тарихымен таныстырдық. Еркіншілік ауданы құрылған кезде ең алғашқы орталығы болған елді мекен бұл. Осы ауылда болған комсомол жастары мектебі ғимаратының қабырғалары әлі күнге дейін сақтаулы.
Қарағайлы ауылынан шыққан соң жастарға Қазақстанның киелі жерлері тізіміне енген Құмай түріктік-этнографиялық кешенін көрсеттік. Бірі-бірінің жанында қатар орналасқан тарихи ескерткіштер 2009 жылы жүргізілген барлау жұмыстарының барысында, атақты ғалым Айман Досымбаеваның мұқият зерттеуі нәтижесінде ашылды. Мұндағы ескерткіштер түрік мұрасының озық үлгісі боп табылады.
Түріктер Ерейменнің бұл жерін аса құнарлы әрі киелі жер ретінде жоғары бағалаған. Бабаларының мүсіндерін олар тасқа бедерлеп, ұлы мекендеріне орнатып, ел сенімін ақтауға, туған жердің киелілігін қорғауға ант еткені көрініп-ақ тұр.
Жалпы бұл тарихи-этнографиялық кешеннен 100-ден астам құрылыс нышандары табылды. Бұл мәліметтер мен жәдігерлер көрушілерді қатты қызықтырғаны анық.

Ләззат ТҮГЕЛБАЕВА,
Ерейментаудағы Бөгенбай батыр атындағы
тарихи-өлкетану музейінің
директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар