«Тіршіліктің» ғасырлық ғұмыры

Облыстық «Арқа ажары» газетіне 100 жыл толуына орай Көкшетаудағы Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында дөңгелек үстел отырысы болып өтті. Шараға «Ақмола – «Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы, драматург Жабал Ерғалиев қатысып, ғасыр жасаған басылымның тарихы, бүгінгі жаһандану дәуіріндегі қазақ баспасөзінің рөлі жайлы толғамды сөз сөйледі, кездесуге жиналған жастарға ұлағатты ой айтты.

Дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин 1917 жылы негізін қалап, «Тіршілік» деген атаумен оқырманына жол тартқан басылымға биыл міне, 100 жыл толып отыр. 1917 жылдан бастап газет талай-талай атаулармен жарыққа шықты. «Тіршілік», одан кейін «Жаңа Арқа», «Колхоз екпіндісі», «Сталин туы», «Коммунизм нұры» деп аталып, өз дәуірінің сөзін сөйлеп, саясатын айтты. Сөйтіп, 1991 жылы еліміз тәуелсіздігін алған тұста сөз бостандығына еркіндік беріліп, басылымның «Коммунизм нұры» деген аты «Арқа ажарына» өзгертілді. 1999 жылға дейін Ақмола қаласында басылып, 2007 жылы газет редакциясы Көкшетауға көшірілді. Облыс орталығындағы колледждердің білім алушылары, оқырман қауым қатысқан дөңгелек үстел отырысында газет директоры Жабал Ерғалиев осы жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.
–1917 жылы Ресейде Ақпан төңкерісі орын алғаны баршамызға тарихтан мәлім. Бұл оқиғаның ауаны қазақ даласына да жеткен еді. Сол кезде қазақ интеллегенциясының ұлтымызды сақтап қалу, мемлекет болып қалыптасу, халқын білім-ғылымға жеткізу жолындағы жұмыстары газет шығарудан бастау алды. «Арқа ажары» газетінің жүз жылдығы – барша қазақ баспасөзінің тарихы екендігі шындық. Газеттің тарихын айтқан кезде, талай-талай саясаттың өкпек желіне кеудесін тосып қойып жұмыс істеген аға-әпкелерімізді еске аламыз. Сәкен Сейфуллин, Рақымжан Дүйсенбаев, Зарап Темірбеков, Әбу Айзахметов, Сүлеймен Сейітов, Сапаржан Қайдаров, Әнуар Ипмағамбетов, Кеңесбай Үсебаев, Октябрь Әлібеков, Жомарт Әбдіқалықов сынды белді азаматтар газетке басшылық жасады, – дей келе, Жабал Ерғалиев Алаш қайраткерлерінің, осы басылымда еңбек еткен, газетті көркейтуге атсалысқан қарымды қаламгерлердің есімдерін ерекше ықыласпен ауызға алды.
Одан кейін сөз тізгіні берілген газеттің бас редакторы Қайырбай Төреғожа «Жастардың кітапхана, редакция сынды мәдени, көпшілік орындарға барып тұруы – ұлтжанды азамат болып өсіп, қалыптасуының бір жолы» деген пікірін білдірді. Ал, осы басылымның жауапты хатшысы Асылай Айжарықова, журналист Қалкөз Жүсіп өз ойларымен бөлісіп, кітапхана ұжымына алғысын айтса, газет журналисі, ақын Ұлмекен Шаменова жырдан шашу шашты. Кездесуге қатысқан қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиев «Арқа ажары» газетінің ұжымын 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Кітапхана қызметкері Гүлдана Қайратқызы өлең оқыса, облыс орталығындағы қазақ гуманитарлық-техникалық колледжінің білім алушысы Айжарық Әділет басылымға колледж басшылығының атынан естелік сыйлықты табыс етті.
Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары, ақын Мерген Тоқсанбаевтың газетіміздің атына айтқан құттықтау тілегі де, оқырмандар залында ұйымдастырылған «Тіршіліктің» ғасырлық ғұмыры» атты кітап көрмесі де кездесудің мәнін аша түсті. Бұл көрмеде осы басылымда еңбек етіп жүрген қарымды қаламгерлердің еңбектері, газеттің әр жылдары шыққан сандары қойылған екен. Кездесу соңында колледж оқушылары «Арқа ажары» газетінің ұжымымен естелік суретке түсіп, ойлы да толғамды сөз айтылған кеш осылайша өз мәресіне жетті.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар