Қаржы әлеуетін нығайтудамыз

Бұдан 24 жыл бұрын енгізілген теңгеміз экономикалық дамудың негізін қалады. Сол кездегі жағдай экономикалық реформаның нақты стратегия-
сы мен саяси ерікті талап етті. Бұл – дағдарыстан шығудың нақты бағыты мен жолын табуға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда мұны банк саласының белсенді дамуынан байқауға болады.

Облыстағы қаржы нарығының барлық сегментінде оң серпін байқалады. Жыл басынан бері өңірдің банк секторында екінші деңгейлі банктердің 19 филиалы, 109 ақша айырбастау пункті жұмыс істеуде. Биылғы жылы Көкшетау қаласында «Bank RBK» және «Tengri Bank» акционерлік қоғамдарының филиалдары ашылды. 2017 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша өңірдің банктеріндегі депозиттердің жалпы көлемі 134,1 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 20,8 пайызға көбейді. Шетел валютасының депозиттері 4 пайызға қысқарып, 46,8 миллиард теңгені құрады. Ұлттық валюта депозиттерінің өсуі долларландыруды 34,9 пайызға дейін азайтуға ықпалын тигізді. Теңге депозиттері бойынша орташа пайыздық мөлшерлеме 10,8 пайыз, шетел валютасы бойынша 2,7 пайыз болды. Банктердің несиелік белсенділігінің жандануы жалғасуда. Есептік мерзімдегі жағдай бойынша банктердің экономикаға несие беру көлемі 191,9 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 16,3 пайызға артық. Банктер жеке тұлғалардың 48,5 пайызына, заңды тұлғалардың 51,5 пайызына несие берген. Несиелерді долларландыру деңгейі жалпы несиелер көлемінің 20,6 пайызына дейін жетті. Орташа пайыздық мөлшерлеме теңге несиесі бойынша 18,3 пайызды, шетел валютасы бойынша 8,4 пайызды құрады. Биылғы жылдың 9 айында облыс банктері 107,7 миллиард теңге несие берді. Сондай-ақ, тұтынушылар несиесі өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 54,1 пайызға өсіп, 40,2 миллиард теңгені, ипотекалық несие 6,3 миллиард теңгені құрады.
Ұлттық банк қабылдаған ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы 2004-2009 жылдары банктерден ипотека алғандарға көмектесуге бағытталған. Осы орайда, Ақмола облысында 1,8 миллиард теңгенің 473 өтінімі мақұлданып, 444-і қайта қаржыландырылды. Үстіміздегі жылы Мемлекет басшысы бағдарламаны ұлғайтудың орындылығы жөнінде Үкіметпен бірге ұсыныс енгізуді Ұлттық банкке тапсырды. Ипотекалық рыноктың мониторингісі қазіргі экономикалық жағдайда әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар, сондай-ақ, 2016 жылға дейін шетел валютасымен қарыз алғандар мемлекеттік қолдауды қажет ететінін көрсетті. Бүгінгі таңда Ұлттық банк Үкіметпен бірге бұл тапсырма аясында жұмыс жүргізуде.
Ұлттық банк сақтандыру рыногын дамыту үшін ірі қалалар мен өңірлерде сақтандыру қызметінің қолжетімділігін қарастыратын жағдай жасауға бағытталған заң жобасын жасады. Мұнда сапаны арттыру және тұрғындар мен бизнес үшін сақтандыру қызметінің бағасын түсіру, бұл қызметте тұтынушылар құқын қорғауды нығайту және сақтандыру рыногының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету қарастырылған. Заң жобасының негізгі бағыты онлайн сақтандыруды енгізу. Оның шешуші элементі міндетті сақтандырудың полисі бойынша бірыңғай есептік ұйым саналатын бірыңғай сақтандырудың мәлімет базасы болады. Бүгінгі таңда заң жобасы Парламенттің қарауында жатыр.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен мемлекеттік қызметтің тізіміне «Коллекторлық агенттіктің есептік тіркеуі» қызметі енгізілді. Бұл қызметті Ұлттық банктің аумақтық филиалдары атқарады. Қаулы биылғы жылдың 16 қазанында қолданысқа енгізілді. Төлем рыногы барлық негізгі бағыт бойынша жоғары өсу қарқынын көрсетуде. Әсіресе, онлайн төлемінің сегменті (интернет пен мобильдік төлемдер) жедел дамып келеді. Заңды тұлғалар төлемдерінің 70 пайызынан астамы және жеке тұлғалардың әрбір екінші қолма-қол ақшасыз төлемі бүгінгі күні дистанциялық арналар арқылы жүргізіледі. Қаржы секторы инновациялық технологияны қолдану бойынша көшбасшы болып келеді. Жаңа технология бүгінгі күнгі бизнес үрдістерін тек қана оңтайландырып қоймай, бизнес жүргізудің жаңа модельдерін құруға мүмкіндік береді. Барлық қаржылық секторды қамтып, дамудың жаңа деңгейін қамтамасыз ету үшін бұл факторларды есепке алу қажет. Осыған байланысты қаржылық сектордың қызметін цифрландыру аясында жаңа технологиялар қолданылатын жобаларға үлкен назар аударылуда. Оның ішінде қолма-қол ақшасыз төлемдерді ұлғайту үшін мобильдік технология енгізу, цифрлық қаржылық сервистерді тиімді дамыту, блокчейн технологиясын қолдану, сондай-ақ, қаржы секторының барлық аумағы бойынша ақпараттық және кибер қауіпсіздікті арттыру бар. Ұлттық банк мобильдік технологияны белсенді қолданады. Мәселен, жаңалықтарды таратып, тұрғындар сауалдарына жедел жауап беру үшін «НБК Онлайн» мобильдік қосымша жұмыс істейді. Оның көмегімен пайдаланушы Ұлттық банкпен тікелей хабарласа алады.
Қазақстанның банкноттары мен ақшасы жыл өткен сайын әртүрлі халықаралық конкурстар мен көрмелерде жүлделі орынға ие болуда. Теңгенің әрлендірілуі мен қорғалуын саланың әлемдегі мамандарының жоғары бағалауы қуантады. Осы жетістікке алдыңғы қатарлы технологиялардың арқасында қол жеткізілді. Биылғы жылдың 24 қазанында халықаралық валюта конференциясын өткізу аясында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болып өтті. Біздің банктің «Космос» сериясынан «Венера-10» танталдық кірістірмесі бар күміс ақшасы «BEST COIN INNOVATION» аталымын жеңіп алды. Тантал космостық техникада кеңінен пайдаланылатыны белгілі. Қазақстан аумағында әлемдегі ең ірі «Байқоңыр» космодромы орналасқан. Бұдан ТМД-ның үлкен космостық аппараттары, оның ішінде халықаралық экипаждар ұшырылады. Осы орайда, Ұлттық банк жерде сирек кездесетін металды пайдаланып, космостық тақырыпқа арналған коллекциялық ақша сериясын ұшыру жөнінде шешім қабылдады. Сирек кездесетін металдармен тек қана Австрия мен Қазақстан жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда Ұлттық банктің Ақмола филиалы алтыннан жасалған коллекциялық және ескерткіш ақшаның 27 түрін және күмістен жасалғанының елуден астам түрін ұсына алады. Сондай-ақ, алтын құйма да пайда болды. Ұлттық банк үшін алтын құйма бойынша жобаны жүзеге асыру кезінде тек қана тұрғындарға алтын сатумен қамтамасыз ету емес, белсенді рынок ашу негізгі мақсат болды. Қатысушылар жинақтау үшін алтынды сақтауды немесе кіріс алу мақсатында сатып алу және сату бойынша операция жасауды таңдауы мүмкін.
Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, әріптестерімді кәсіптік мерекелері – Ұлттық валюта Теңге күнімен құттықтағым келеді. Баршаңызға зор денсаулық, отбастарыңыздың амандығын және еңбектеріңіздің жемісін тілеймін.

Виталий ЧЕУСОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі
Ақмола филиалының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар