Бюджеттің жобасы қаралды

Облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдиннің төрағалығымен облыстық әкімдікте өткен тұрақты комиссия отырысында 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджеттің жобасы қаралып, талқыланды. Комиссия отырысына облыс әкімінің орынбасары Олжас Бектенов қатысты.

2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджеттің қайда, қалай бөлінетінін анықтауға, талқылап қарауға облыстық мәслихат депутаттарының, басқармалар мен департаменттердің басшыларының қатысуы бекерден бекер емес. Себебі, бұл облыстың әр тұрғыны үшін маңызды, олардың әрқайсысының болашағы деуге болады. Облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың депутаттары ағымдағы жылдың екінші тоқсанында облыс әкімдігіне бюджетті бөлуге байланысты алдағы үш жылға 270-тен астам ұсыныстар жолдапты.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы
Бауыржан Мәлғаждаров бюджетті жоспарлау бойынша негізгі баяндаманы жасады. Бюджеттің негізгі үлесі әлеуметтік салаларды дамытуға бағытталғандығына назар аударылды. Сонымен бірге, Елбасының жыл сайын халыққа жолдайтын Жолдауларында белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыруға арналған іс-шараларға да қомақты қаржының жұмсалатыны ескертілді. Облыстық бюджетті бөлу кезінде кейбір жобалар мен нысандардың бой көтеруіне республикалық бюджеттен де қаражат бөлінетіндігі айтылды. Мәселен, облыста іске асып жатқан 2020 жылға дейін Астанаға жақын елді мекендерді дамытудың кешенді жоспары, Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту бойынша 2017-2020 арналған жоспары секілді жобалар бар.
Комиссия отырысында сонымен бірге мәслихаттың бірқатар шешімдері мен регламенттеріне өзгертулер мен түзетулер енгізу туралы мәселелер қаралды. Осы отырыста А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің президенті, «Құрмет» орденінің иегері Сағынтай Елубаевқа «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім шығаруды мәслихат сессия-сында қарауды ұсынды. Сонымен бірге, облыстық бюджеттің комиссияның құрамына облыс әкімінің жаңадан тағайындалған орынбасары Асқарбек Үйсімбаевты енгізу туралы ұсынысты мәслихат сессиясының күн тәртібінде қарау мақұлданды.
Облыстық бюджетті 2018-2020 жылдарға жоспарлау жобасы бойынша депутаттар тарапынан түрлі ұсыныстар айтылып, қарсылықтар білдірілді. Мәселен, жетім балалар үйлеріндегі қазіргі контингентті есепке алғанда, алдағы уақытта тарап кетулері мүмкін. Сондықтан, осындай мекемелерге қыруар қаржыны бөлгенше, оны үнемдеп, басқа салаларға бөлу туралы ұсыныстар
айтылды. Сол сияқты Атбасар қаласындағы дамбыны салуға жыл сайын қаржы бөле бергенше, қар суларын алдын алудың басқа да шараларын қарастыру ұсынылды.
Тұрақты комиссия отырысында қаралған мәселелердің барлығы облыстық мәслихаттың сессиясында қаралып, нақты шешімдер шығарылады.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *