Дамудың дұрыс жолында

Кеше облыс әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев «2014 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2015 жылдың міндеттері туралы» тұрғындар алдында есеп берді.

«Достар» мәдениет сарайында өткен алқалы жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Нина Дьячек пен депутаттар, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалар, кәсіпорын-ұйым  басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Есеп беруден бұрын жиналғандарға облыс орталығы кәсіпорындарының өнімдері мен инновациялық жобаларының шағын көрмесі ұсынылды. Бұдан кейін қала әкімі  Ермек Маржықпаев 2014 жылы атқарылған шаруалар, алда тұрған міндеттер жөнінде баяндама жасап, Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолда-уында айтылған  тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту, коммуналдық шаруашылық мәселелері кеңінен сөз болды. Экономикалық өсім мен инвестиция тарту, шағын және орта кәсіпкерлік саласының жай-жапсары да айтылмай қалған жоқ.
Облыс орталығында өнеркәсіп өндірісі 2014 жылы 76,7 миллиард теңгені құраған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,2 миллиард теңгеге жоғары. Өнеркәсіп өндірісінің негізгі көлемі қаладағы қайта өңдеу кәсіпорындарының үлесінде. Полипропилен және  полиэтилен қаптарын шығаратын «Новопэк» серіктестігі 2013 жылғы деңгеймен салыстырғанда 135,7 пайыз, сүт және қаймақ өндірумен айналысатын «Молоко Синегорья»КМЗ» серіктестігі 126,5 пайыз, керамикалық кірпіш өндіретін «ЕНКИ» серіктестігі 114,4 пайыз өсімге қол жеткізген. 
Индустрияландыру картасы аясында құны 19,3 миллиард теңгеге 15 жоба жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде 400 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Олардың арасында темір-бетон өнімдерін шығаратын «РегионСтрой», «Көкшетау жолдары» серіктестіктері, «Агротрейдинг – 2007» серіктестігі бар. Облыс орталығында шағын және орта бизнесті дамытуға да көңіл бөлінген. Өткен жылы осындай 3,7 мың шағын бизнес субъектілері тіркелген. Осының арқасында 462 жаңа жұмыс орны ашылды.
«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының барлық бағыттары бойынша өңірлік үйлестіру кеңесімен алпыс өтініш қолдау тапқан. Азық-түлік бағасы да бақылауда. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен облыстық деңгейде 11 жәрмеңке өтіп, 313 миллион теңгенің тауары саудаға шығарылған.
Бюджет кірісі 13,6 миллиард теңгені құрап, белгіленген жоспар 96,7 пайызға орындалса, республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген қаржының  24,8 миллиард теңгесі игерілген көрінеді.
Жалпы, қала әкімінің баяндамасында айтылғандай, әлеуметтік-экономикалық салада көп ілгерілеудің бар екенін соңғы жылдардағы орын алған жағымды өзгерістерден анық аңғаруға болады. Бұған әрине, есеп беру кездесуінде айтылған сандар мен дәйектер дәлел бола алады. Алайда, қала әкімінің тұрғындар алдындағы есебінде дамудың қарқынды қадамдары мен алдағы міндеттер ғана айтылып қоймай, тұрғындарды толғандырып отырған өзекті мәселелер де талқыланды.
Мәселен, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердегі лифті мәселесі, газбен қамту, баспана мәселелері әлі де шешімін таба алмай келеді. Бұл бағытта кезек күткен жұмыстар көп. Қордаланып қалған шаруаларды бір күнде немесе бір жылда шешіп тастау мүмкін емес. Айталық, өткен жылы қаладағы көп қабатты үйлердегі лифтілердің 30-ы, газгольдерлердің 50-і жөнделгенімен, кейбір пәтерлер газбен жабдықталмаған. Кей үйлердің тұрғындары өздері бір орталықтандырылған газ тартуға асықпайтын көрінеді.
Сонымен қатар, баяндамада биылғы жылы бүкіл елімізде аталып өтілетін Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата Заңымыздың 20 жылдығы және Ұлы Жеңістің 70 жылдығы да сөз болды. Осы орайда, қала әкімі облыс орталығында тұратын Ұлы Отан және ауған соғыстарының ардагерлері мен Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысушыларға бір реттік жәрдемақы берілетінін атап өтті.
Қала басшысының есебін тыңдап болғаннан кейін облыс әкімі Сергей Кулагин әр саланың жай-күйіне тоқталып,  кемшіліктерді жою бойынша нақты міндеттер қарастырып, белгіледі. 

– Облыс орталығындағы өндіріс орындарының жұмысын жандандырып, қайта өңдеу кәсіпорындарын ашуды тапсырамын. Ол үшін қаланың мүмкіндігі жетерлік. Сондай-ақ, құрылыс саласындағы жұмысты да ширату қажет. Әсіресе, баспана мәселесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Өйткені, қала бойынша үй кезегінде тұрғандардың саны өте көп. Ең бастысы, өнім көлемін азайтып, жұмысшылардың санын қысқартуға жол бермеуіміз керек, – деді өз сөзінде                                облыс әкімі.

Жарыссөзге қатысқан «АП-Импекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры  Жұмабай Әміржанов  қаланың күн санап көркейіп отырғанын айтып, барша кәсіпкерлер қауымын бұл істен сырт қалмауға шақырды.  Ол бизнестің дамуына мемлекеттің бар жағдайды жасап отырғанын алға тартып, қазір табысын жасырып, салық төлеуден қашуға негіздің жоғын айтты.  
Бұдан кейін қалалық аурухананың бас дәрігері Серік Кәкенов  дәрігер кадрларының тапшылығын оңтайлы шешу үшін баспананы көптеп салу қажет деп атап көрсетті. Ал, әзірге салынып жатқаны жеткіліксіз. Дәрігерлердің кезекке тұрып үй  алуы үшін оларды мемлекеттік азаматтық қызметшілер санатына қоспай болмайды. Осы орайда, Сергей Кулагин өңірге кадрлар тарту бойынша ауқымды жұмыстардың қолға алынып жатқанын жеткізді. Енді жыл сайын облыс әкімінің грантымен 120 түлек дәрігер мамандығы бойынша оқуға жіберілетін болады. Бұл бір жағынан, тұрмысы төмен отбасылардан шыққандарды қолдау болса, екінші жағынан, бес-алты жылда дәрігерлер тапшылығын толығымен шешуге жол ашады.
Пәтер иелері кооперативтері қауымдастығының төрайымы Галина Белоусова болса, аталған қауымдастықтың қаладағы көпқабатты үйлердің тұрғындарын мазалайтын бірқатар мәселелерді  жедел шешу үшін  құрылғанын атап өтті.
Ал, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы Болат Жанәділов облыстық аурухананың жанынан салынған дәрігерлерге арналған көпқабатты үйді мысалға келтіре отырып, өзге медициналық ұйымдар да осы тәжірибені негізге алса деген ұсынысын айтты.  
№13 «ЭКОС» орта мектебінің директоры Елена Винтер қалада қызмет ететін 1678 мұғалімнің 60 пайыздан астамының жоғары және бірінші санатты ұстаздар екенін, облыс орталығын дамытуға білімді шәкірттерді тәрбиелеу арқылы үлес қосып отырғандарын тілге тиек етті.
Қала әкімінің есеп беру кездесуінде  оған сауалдар да көптеп қойылды. Мәселен, «Ақ жол» демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Серік Бейсембаев  аумақтық қоғамдық кеңестердің жұмысын қайта жандандыру жөнінде пікір білдірді. Мұндай кеңестердің құрамына пәтер иелері кооперативтерінің,  құқық қорғау органдарының өкілдері, жалпы, сол маңдағы үйлердің тұрғындары кіріп, өз мәселелерін өздері бірлесіп шешер болса,  бұл бағытта жұмыс та жақсарар еді.
Ал, қаладағы №2 орта мектептің директоры Гүлнәр Әбдіқасымова қаланың қақ ортасында орналасқан «Қазақстан» деген патриоттық атқа ие ірі сауда үйінде  адам ұялатын жарнамалардың ілініп тұратынын айтты. Оның қасынан әрі-бері өтетін балаларға ол кері әсер етіп жатыр.  Директор оқушылардың интернет клубтарға баруының жиілегенін де қадағалауға алуды сұрады. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері үшін мектептен парта тасуды қою керектігін де ескертіп өтті. Өз кезегінде қала басшысы бұл айтылған мәселелердің орынды екеніне тоқталып, нақтылы шешімдер қабылданатындығын еске салды.

Есеп беру кездесуінде сондай-ақ, Абылай хан даңғылының тым қысқа екендігі, оны Максим Горький көшесімен біріктіру жайлы  ұсыныс та  айтылды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар