Бұл – шынайы қамқорлық

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, «Өмір жолы» жобасы аясында ақмолалық бір топ соғыс және еңбек ардагерлеріне орталықтандырылған «SOS» дабыл қағу тетігі бар ұялы телефондар табыс етілді.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Чапай Әбутәліпов Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында қолға алынған игі істерге тоқталып, «Өмір жолы» жобасының  мақсатымен таныстырып өтті.  Сондай-ақ, ол республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі мен «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының меморандумына сай «Еуразиялық Медиа Форум» және «Өмір жолы» қоғамдық қорларының, «Билайн» акционерлік қоғамы «Карт-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қатысуымен қаңтар айында «Жеңіс» акциясының бастау алғанын жеткізді.
Шарада «Еуразиялық Медиа Форум» халықаралық қорының өкілі Ольга Савельева ардагерлерге қандай құрмет көрсетілсе де артық болмайтындығын айтса, «Өмір жолы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ернар Нұрбеков «SOS» дабыл қағу тетігі бар ұялы телефондардың қызметіне тоқталып, оны қалай қолдану қажет екенін түсіндірді. Денсаулығы нашарлап, бір оқыс оқиғаға тап болған жағдайда ардагер телефондағы дабыл қағу тетігін басу арқылы орталықтандырылған оператор жүйесіне қосылады. Сөйтіп, Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында орналасқан операторлар абонентке  хабарласып, оған жергілікті жерден жеделдетіп  көмек тобын жібереді.  Тағы бір айта кетерлігі, операторға дабыл түскен бойда абоненттің жеке картасы мен оған қатысты барлық ақпарат шығатын болады. Тіпті, көмек алушының жақындары мен көршілерінің аты-жөндеріне дейін болады.
 «Өмір жолы» қорының өкілдері қазіргі таңда Павлодар, Қарағанды облыстарының ардагерлері орталықтандырылған оператор жүйелеріне қосылып жатқанын жеткізді. Алғаш өткен жылдың мамыр айында іске асырыла бастаған жоба аясында жүздеген ардагерге көмек көрсетілген. Кең қолданыстағы жүйе бойынша енді ақмолалық майдангерлер де аталмыш телефондардың  пайдасын көрмекші.
Жиында Жават Габдулкафеев, Тұрабай Ережепов, Михаил Ларионов, Алексей Ястребов, Жанайдар Рамазанов, Асылбек Дәулетов,
Семен Харитонов, Әлімгерей Мәженов, Владлен Лесничий сияқты соғыс және еңбек ардагерлері ерекше үлгідегі осындай телефондарға ие болды. Алдағы уақытта барлық ақмолалық қарт жауынгерлер осындай телефондармен қамтамасыз етілмекші. Ол үшін еріктілер бүгіннен бастап, әрбір ардагердің үйіне барып, анкеталық сауалнама толтырады. Осылайша әрбір абонент орталықтандырылған операторлық жүйеге тіркелген соң, кез-келген жерде  мамандардың  жіті назарында болмақшы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар