Алаш ардақтыларының арманы

Елбасымыздың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашақ бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық сананы жаңғырту мәселесі көтерілген. Бұл осыдан бір ғасыр бұрын алғашқы тәуелсіз қазақ мемлекетін құруды армандаған ұлт зиялыларынан құралған Алаш қозғалысының басты ұстанымымен үндесіп жатқандай.

XX ғасыр басындағы қазақ қоғамы жағдайында білімді және саналы азаматқа ұлтшылдық ұстанымында болмау мүмкін емес-тін. Міржақып Дулатұлы айтқандай сол тарихи кезеңдегі қазақ қоғамында «шын ұлтшылдың өзі аз еді. Ұлтшыл еместердің көбі, өзімшіл, дәрежеқұмар, зорлықшыл еді». Бұл мезгілдегі қазақ ұлтшылдығының өзі ағартушылық сипат алды. Бұл тұрғыдан алғанда ол Абай мектебінен шыққан ұлтшылдық, яғни, өз ұлты – қазақ елінің кемшілігін ашық сынға алып, онымен ымырасыз күреске шыққан сыншыл әрі қорғаныстық ұстанымдағы ұлтшылдық болатын.
XX ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының алдына қойған міндеті «қазақ деген халқын ұлт деңгейіне көтеру, өз елін «жат үстемдіктің тепкісінен құтқарып өз мекемелеріне ие, тәуелсіз бір жеке тұлғаға айналдыру» (М.Шоқай) болды және осы мұратқа жету жолында халық бұқарасымен арада ортақ сана қалыптастыруға тырысты. Осы ретте қазақ ағартушылығы мен ұлтшылдығына тиесілі мынадай бір жағдайға назар аударуға тура келеді. Қалыпты да бейбіт даму жағдайында ағартушылық қызмет ұлттық тілдің, білім жүйесінің, жаңа сатыдағы ұлттық мәдениеттің, ұлттық бірегейлік пен сананың қалыптасуымен аяқталмақ. Басқаша айтқанда, ағартушылық ұлт үшін ұйытқы элемент міндетін атқарады. Сол сияқты ұлтшылдықтың да түпкі мақсат-мұраты бар. Отарлық езгі жағдайындағы елдер үшін ол ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту немесе оны қалыптастыру болып табылады.
Ұлттық мемлекет азаттық жолына түскен елдің территориялық тұтастығы мен еркін дамуының кепілі. Қазақ ағартушылығын, әсіресе, оның ХХ ғасырдың басына тән кезеңін, еуропалық және орыстық ағартушылыққа еліктеуден туған құбылыс ретінде қарастыру оның табиғатын тура түсіне алмаушылыққа ұрындырар еді. Тарихи шындық қазақ ағартушылығының қоғам мойындаған ұраны Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» (1909) деп, халықты ұлт-азаттық күреске үндеген шақыруынан көрінеді. Қазақты «Маса» болып ояту Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» (1909) және «Маса» (1911) атты кітаптарының негізгі өзегі болды. Тіпті, XX ғасырдың басындағы кітап, мақала жазған ұлт оқығандарының мақсат-мұраты да түгелдей осы ортақ ұстанымға келіп тоғысып жатты. Жалпыұлттық «Айқап» журналының (1911-1915), «Қазақ» газетінің (1913-1918), екі миллионға жуық таралыммен басылған қазақ кітаптарының жарық көруі және басқа атқарылған істер осы тұжырымға негіз бола алады.
Қазақ зиялыларының 20-30 жыл көлемінде жүріп өткен жолы кез-келген зерделі адамды таң қалдырмай қоймайды. Осы мезгілде олар заман сұранысына лайық ұлт-азаттық күрес идеологиясын қалыптастыра отырып, отаршыл билікке арыз-тілек жазудан ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту мәселесін қолға алып, оны іске асыру әрекетіне дейін көтерілді. Қазақ ағартушылығының сондай-ақ, мынадай бір ерекшелігіне назар аударған жөн. Ол қоғамдық ұстаным және көзқарас ретінде қазақ, ұлтшылдығына соқпай өте алмайтын еді. Ал, қазақ ұлтшылдығы қоғамдық ойдағы негізгі де ықпалды ағым ретінде «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті арқылы толық көрініс тапты.
Қазақ зиялылары 1905 жылдан бастап осы мақсатта дала өңірінде қызу қызмет жүргізді. Қазақ зиялыларының көшбасшылары халықтың саяси жағынан көзін ашу үшін оның бойында білімге деген құлшынысты ояту, сауатсыздықты жою қажет екенін түсінді. Қазақ зиялыларының бүкіл қызметі осы мақсатқа арналды деуге болады. Ұлттық «Қазақ», «Қазақстан» газеттерінің, «Айқап», «Сарыарқа», «Абай» журналдары мен басқа да баспа құралдарының беттерінде тек білім ғана өркениетті дүниеге жол ашады, қазақтардың ұлт ретінде сақталуына көмектеседі деп, халықты білім алуға шақырды. Тіл мен әдебиетті дамыту ерекше бөліп көрсетілді. Қазақ тілі мен әдебиетін дамыту проблемалары жөнінде араб графикасы негізіндегі қазақ әліпбиінің тұңғыш талантты реформаторы, «Оқу құралы» (1912), «Тіл құралы» (1914), «Жаңа әліпби» (1928) атты қазақтың тіл ғылымында ғана емес, бүкіл ғылыми түркітану әлемінде де жаңашылдық деп саналатын еңбектердің авторы Ахмет Байтұрсынов көптеген мақалалар жазды. «Қазақ» газетінің беттеріндегі еңбектерінде
А.Байтұрсынов балаларды мектептер мен медреселерде оқытудың маңыздылығын атап көрсетті. Ол өзінің қазақ және орыс мектептеріндегі оқыту проблемалары туралы ой-пікірлерін баяндай келіп, балаларды міндетті түрде екі жыл қазақ тілінде оқытуды талап етеді, «бастауыш мектептер миссионерлік саясаттан тыс болуға тиіс, яғни, әрбір халықтың өз тіліне, жазуына және дініне құқығы болуға тиіс» деп санайды.
XX ғасырдың басындағы қазақ зия-
лылары дәрігерлер, саясатшылар, судьялар, ақын-жазушылар болатын, бұл кезең қазақтың жан-жақты білімді азаматтары – Ә. Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов және басқаларының қалыптасуымен ерекшеленді. М.Тынышбаев, Ә.Ермеков, X.Досмұхамедов және басқа Алаш азаматтары ғылыми-зерттеулермен айналысты. Қазақстан ғылымының серпінді дамуы Кеңес өкіметі жылдарында болғанын теріске шығаруға болмайды, бірақ, оның іргетасын XX ғасырдың басында қазақ зиялыларының талантты жас өкілдері қалаған еді.
М.Шоқай, М.Тынышпаев туралы тарихи-танымдық еңбектер соңғы жылдарда жарық көрді. М.Шоқайдың таңдамалы шығармалары 3 томдық және Ә.Бөкейхановтың таңдамалы шығармалары 2 томдық болып шықты.
Биыл құрылғанына жүз жыл толып отырған Алаш қозғалысы сол заманда қазақ халқын бодандықтан құтқарып, тәуелсіз ел етуді, заман талабына сай білімді, өркениетті ұлттар қатарына қосуды армандаған еді. Міне, Алаш ардақтылары армандаған тәуелсіздік қазақ еліне ХХ ғасырдың соңында келді.

Аяжан ӘЛКЕНОВА,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжінің оқушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар