Медициналық қызметтің сапасын анықтайды

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ауруханалар мен емханалар қызметін бағалауға арналған мобильді қосымша әзірлеп шықты. «МСҚ: Халықтық бақылау» деп аталатын бұл қосымша 6 қарашадан бастап тұрғындарға жол тартты.

Медициналық қызметтерді пайдаланушылар осы қосымшаның көмегімен МСҚ дерекқорына енген барлық емдеу ұйымдары туралы пікір білдіріп, шағым жаза алады. Болашақта осы тілек-шағымдар негізінде клиникалардың рейтингі жасалуы тиіс. Бұл азаматтардың ең үздік деген клиникалар мен емханаларды таңдауына мүмкіндік бермекші.
«Қосымша бірден бірнеше мәселені шешіп береді. Біріншіден, азаматтармен жедел түрде кері байланыс орнатудың тағы бір арнасы ашылады. Бұл емделушілер үшін клиника таңдау мәселесін едәуір жеңілдетері сөзсіз. Екіншіден, қор серіктес-ұйымдардағы қызмет көрсету сапасы мен пациенттердің қанағаттану деңгейі жайлы қосымша мәлімет алып отырады», – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Забира Оразалиева.
Денсаулық сақтау нысандарының рейтингі пайдаланушылар қойған баға негізінде, автоматты түрде жасалады. Содан соң МСҚ-ның fms.kz сайтында жарияланып отырады. «Мобильді қосымшаны телефонына орнатып алған азаматтар бұл рейтингті емханаға тіркелгенде немесе сала мамандарын таңдаған кезде пайдалана алады. Түптеп келгенде, мұның бәрі медицина ұйымдарын қызмет сапасын көтеруге ынталандырады деген үмітіміз бар», – дейді З.Оразалиева.
Қор өкілдерінің айтуынша, пациенттер осы қосымша арқылы емханалар мен стационарлар қызметін әртүрлі өлшемдер бойынша бағалауға мүмкіндік алады. Олардың қатарында қабылдауға кеткен уақыт, сервистің деңгейі, дәрігер берген ем-домның дұрыстығы, түсініктілігі, қызмет көрсетуге жасалған жағдайлар сынды өлшемдер бар. Оған қоса, емделушілер өз пікірін еркін түрде жазып қалдыра алады. Қор алдағы уақытта бұл пікірлерді міндетті түрде ескеріп отырмақшы.
«Қосымшаны пайдалану үшін алдымен ЖСН енгізіп, авторизация жасау қажет. Болашақта біз оны жаңа функциялармен және сервис түрлерімен толықтыруды жос-
парлап отырмыз. Қосымшаны сынақтан өткізіп, ұсыныстар мен тілектеріңізді жолдаңыздар. Біз азаматтардың пікірлерін ескеруге дайынбыз», – дейді қордың IT стратегия және тәуекелдерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Абай Дүйсенов.
«Халықтық бақылау» қосымшасын Android платформасына негізделген смартфондарға Playmarket арқылы, ал, iOS платформасы үшін AppStore арқылы жүктеп алуға болады.
Қосымша туралы пікір білдіру үшін: https://fms.kz/ru/suggestion «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ.
Жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаменті.
+ 7 (7172) 647 027, + 7 (702) 293 33 32.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар