Мемлекеттік тіл ең әуелі сот жүйесінде қолданылуы керек

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының қағидаларын және Қазақстанның Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәмидің «Рухани жаңғыру – мәңгілік ел болудың кепілі» тақырыбында өткізген «дөңгелек үстелдің» қорытындысы бойынша бекітілген іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында, Ақмола облыстық соты Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетімен бірлесіп, 2017 жылдың 20 қазанында «Қазақ даласының билер соты егеменді еліміздің сот-құқықтық жүйесінің негізі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізді.

Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткен жетістіктеріміз аз емес. Соның бірі – отбасы, ошақ қасына ысырылып, жойылып кетуге жақындап қалған ана тілімізге арнайы заң арқылы мемлекеттік мәртебе беру болғаны белгілі. Сондай-ақ, Ата Заңымыздың 7-бабының 1-ші бөлігінде де қазақ тілінің еліміздің мемлекеттік тілі екендігі нақты тұжырымдалған. Осылайша тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінімен небір қиын дауларды екі жақты да ренжітпей шеше білген билерімізден, шешендеріміз бен ақын-жырауларымыздан мұра болып қалған, мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің, ұлттық санамыздың мәйегі болған ана тіліміз мемлекеттік деңгейде қолданатын мемлекеттік тілге айналған еді.
Егемендігіміздің 26-шы жылы қарсаңында тұрған қазіргі шақта өкінішке орай, әлі де қазақ тілінің бүгінгі хал-күйі, қолданыс аясы «мемлекеттік» деген заңмен белгіленген дәрежеге сай келмей тұрғаны өзегімізді өртейді. Сондайда «Қазақ тілінің қадамы неге тұсаулы?» − деген сұраққа жауап таппай жерге қарайтындай күйге түсетінімізді жасыра алмаймыз. Әйтсе де, себеп-салдары да, қатпарлы астары да жеткілікті бұл сауалға бір ауыз сөзбен шешімді жауап беру, толыққанды пікір айту әсте мүмкін емес. Сөз қадірін өз қадірінен кем көрмейтін халқымыз туған тілімізге «толғауы тоқсан қызыл тіл» деген теңеуді бекерден-бекер шендестірмеген шығар деп ойлаймын.
Бүгінгі күнге дейін қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында көптеген шаруалардың атқарылғандығын жіпке тізгендей санамалап беруге болады. Мысал ретінде: Президенттің 1996 жылдың 4-ші қарашадағы «Қазақстан Республикасының тіл саясатының тұжырымдамасы туралы» Өкімі, 1997 жылдың
11-ші шілдесіндегі «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы, Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы», Қазақстан Респуб-
ликасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлықтарын және басқа шараларды атап өтуге болады. Міне, осындай шаралардың бәрі ана тілімізді өркендетуге игі ықпалын тигізіп, мемлекеттік тілдің қордаланып қалған көптеген мәселелерін қозғағандығы белгілі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты 2012 жылдың 14-ші желтоқсанындағы Жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бейжай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз», – деп атап көрсетілді. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығында: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек» деп көрсетілген болатын.
Бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты. Мұндай бағдарламалар қазақ тілінің ауызекі сөйлеу деңгейіне де, әдеби және мәдени сапасының тиімділігіне де оң әсерін тигізері сөзсіз. Олай болса, туған тілімізді шұбарламай, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге ат салысу – біздің басты міндетіміз болуы тиіс.
Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Тіліміздің мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Қазақ тілі – Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриотымын деп санайтын азаматтардың тілі. Елбасы Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында 2020 жылға қарай Қазақстан халқының 95 пайызы қазақ тілін меңгереді деп меже қойған болатын.
«Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңының 4-бөлігінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі және Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру –
Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы», – деп атап көрсетілген. Міне, осылайша нақты заң негізінде мәртебесі айқындалған мемлекеттік тілді меңгеру әрбір азаматтың парызы болып табылады.
Мемлекеттік мәртебеге ие болып отырған қазақ тілінің сот жүйесінде, мемлекеттік мекемелерде қолданылуы бүгінгі күні маңызды мәселе болып отыр. Конституцияның 7-бабының 2-бөлігінде мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатындығы атап көрсетілген. Мұны егер қажеттілік болған жағдайда ғана ресми түрде қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылады деп ұғынғанымыз абзал. Біз Конституция талаптарын мүлтіксіз орындауға тиіспіз.
Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңының 13-бабында «Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал, қажет болған жағдайда, сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады», – деп нақтыланған. Аталған Заңның 14-бабында «әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер мемлекеттiк тiлде, ал, қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде жүргiзiледi» – делінген.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Рес-
публикасы Кодексінің 738-бабының талабына сәйкес, Қазақстан Республикасында әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзу мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал, қажет болған кезде iс жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа да тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады.
Заңның осы талабынан барлық әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер мемлекеттiк тiлде жүргiзiлуге тиіс, егер қажет болған жағдайда ғана уәжді қаулымен іс жүргізу тілі өзгертілетіндігін түсінуге болады. Ал, бізде іс жүзінде бәрі керісінше болып отыр, заң да, басқа құжаттар да орыс тілінде әзірленіп, содан кейін барып қана қажет деп тапқан жағдайда, мүмкіндігінше қазақ тіліне аударылып жатады.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін, Ақмола облысы соттарында мемлекеттік тілдің қаншалықты қолданылатынынан біраз статистикалық мәлімет келтірейін. Облысымызда 2017 жылдың 9 айында 12 377 әкімшілік іс түссе, оның тек 662-сі ғана қазақ тілінде түскен екен. Сондай-ақ, бұл істердің 42-сі қазақ тіліне соттың уәжді қаулысымен ауыстырылған. Жалпы істерге шаққанда қазақ тілінде түскен істер саны 5,7 пайызды құрайды.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процессуалдық кодексінің 14-бабының талаптарына сәйкес, сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Істі сот талқылауына дайындау кезінде екі тараптың да жазбаша өтінішхаты бойынша сот ұйғарыммен сот ісін жүргізу тілін өзгертуге құқылы. Егер істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындау барысында талап қоюшының өз өкілі талап қою арызын берген тілді білмейтіні анықталса, онда сот талап қоюшының жазбаша өтінішхаты негізінде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.
Біркелкі сот практикасын қалыптастыру және сот ісін жүргізу тілі туралы заңнаманы дұрыс қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысымен қабылданған «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы Нормативтік қаулысында тараптардың тең құқықтылығы қағидатын ескере отырып, соттың осы мәселе бойынша жауапкердің де пікірін анықтауға міндеттілігі көрсетілген.
Статистикалық мәліметтерге назар алсақ, 2017 жылдың 9 айында 27 791 азаматтық іс түсіп, оның бар болғаны 496-сы қазақ тілінде болған. Бұл жалпы іс көлеміне шаққанда 1,8 пайызды құрайды. 18 азаматтық іс қазақ тіліне соттың уәжді қаулысымен ауыстырылған. Осы мәліметтерден байқалып отырғандай, облысымыздағы әкімшілік істерді қараудағы мемлекеттік тілдің үлесі өте төмен. Мемлекеттік тілде сот істерін қарау көрсеткішінің төмен болуына арыздардың орыс тілінде жазылуы, соған орай істердің сотқа орыс тілінде түсуі басты себеп болып отырғанын атап өтуге тиіспіз. Дейтұрғанмен де, мына жағдайға да назар аудармауға болмайды. Кейде арызды орыс тілінде жазған азаматтың сот мәжілісі кезінде орысшадан қазақшаға аударатын аудармашы талап ететін жайлары ара-тұра кездесіп қалады. Оның астарында мынадай ақиқат жатқанын бағамдау қиын емес: заңға шорқақ шағымданушы заңгерден арыз жазып беруін сұрайды, ал, қазақ тілін жетік білмейтін заңгер арызды орыс тілінде жазып береді. Облыстағы осы көрсеткіштерге қатысты жүргізілген талдау барысында кейбір мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау органдары істерді қазақ тілінде жүргізуге мүмкіндік болса да, өздеріне қолайлы орыс тілін таңдайтыны анықталды.
Қазақстан Республикасыны қылмыстық-процессуалдық кодексінің 30-бабының талаптары негізінде Қазақстан Республикасында қылмыстық істер мемлекеттік тілде жүргізілетіндігі, сонымен бірге, қазақ тілімен қатар, ресми түрде орыс тілі, ал, қажет болған жағдайларда басқа тiлдерде жүргізілетіндігі аққа қара жаққандай нақты айтылған. Ал, қылмыстық істерді жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығаруы керек.
2017 жылдың 9 айы ішінде Ақмола облысының соттарына 1755 қылмыстық іс түссе, соның 48-і
ғана мемлекеттік тілде екен. Жалпы іске шаққанда бұл 2,9 пайыз. Ал, қылмысқа тартылған азаматтардың 40,6 пайызы қазақ ұлтының өкілдері екен. Олардың бәрі ана тілдерін мүлдем білмейді деу-
ге болмас. Оған жоғарыда айтылғандай түрлі жайлар түрткі болатыны анық. Егер тергеу мекемелері басшылары мен тергеушілердің мемлекеттік тілге деген жанашырлықтары болғанда, аталған қылмыстық істердің көпшілігі бабадан балаға мұра боп қалған баға жетпес ана тілімізде, яғни, мемлекеттік тілде жүргізілген болар еді.
Жалпы облыс бойынша жыл басынан бері қаралған 37676 істің 1137-і ғана қазақ тілінде қаралған екен, бұл пайызға шаққанда 3 пайыздың көлемінде. 2016 жылы ол 2 пайыз болған еді. Аздап ілгерілеушілік бар десек те, оның тым мардымсыз екенін көріп тұрмыз. Осыған орай, сотта қылмыстық, әкімшілік істі қарау барысында іске қатысушылар қазақ ұлтының өкілдері және мемлекеттік тілді білетін болса, сотты әзірлеу барысында судьяларға заң шеңберінде істі қарау тілін өзгертуге болады. Осы орайда, бүгінгі күні облыс судьяларының назарын осы мәселеге жете аударып отырмыз.
Өкінішке орай, өзі қазақ бола тұра, қазақ тілінде іс қарай алмайтын судьялар да жоқ емес. 2018 жылы судьялар мен мемлекеттік қызметшілерге арнап мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтауға арналған «Қазтест» арқылы диагностикалық және сертификаттық тест өткізу жоспарланған екен. Бұл өте құптарлық жай. Бұның өзі судьялардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынтасы мен жауапкершілігін арттыруға және сол арқылы сот қарайтын істер бойынша мемлекеттік тілдің көлем көрсеткішін өсіруге игі ықпалын тигізеді деген сенімдемін.
Судья лауазымына үміткер кандидаттарға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының Президентіне қойылатын талап секілді мемлекеттік тілді еркін меңгеруі дәрежесімен де айқындалуы қажет деп ойлаймыз. Осы орайда, судья лауазымына кандидаттардың да мемлекеттік тілді еркін менгергендігін анықтау қажет деп есептейміз.
Мемлекетіміздің Заңдарында тіліміздің мәртебесі нақты айқындалып көрсетілді. Ендігі жерде, бойымызға атамыздың қанымен, анамыздың сүтімен сіңген қасиетті ана тілімізді қорғау, мәртебесін көтеру баршамыздың ортақ парызымыз болуы керек. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп Мұхтар Әуезов сынды ұлы ғұламамыз өсиет етіп кеткен. Мемлекеттік мәртебе алған қазақ тілін жетік меңгеру – уақыт талабы. Қазақ тілі еліміздің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі болып саналады және іс жүзінде де солай болуы тиіс.
Қасиетті қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оны одан әрі дамыту әрбір қазақстандықтың өз қолында. Егер әр мекеме басшысы өз тұрғысынан басқаруындағы қызметкерлерден іс-құжаттарын мемлекеттік тілде жүргізуін талап етіп отырса, бұндай талап арқылы мекеме басшыларының ғана емес, басқа мекеме қызметкерлерінің де қазақ тіліне деген жанашырлықтарын оятып, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге болады деп есептейміз.
Бүгінгі күні Ақмола облыстық сотымен қазақ тілінің мәртебесін көтеру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Тарата айтқанда, мемлекеттік органдар мен өзін-өзі басқару салаларының, жергілікті бұқаралық ақпарат таратушы мекемелерінің басшыларының, өкілдерінің қатысуларымен «Қазақ тілінің қоғамдағы рөлін көтеру», «Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту» сияқты тақырыптар бойынша кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізіліп тұрады. Оған қоса, мемлекеттік органдар мен өзін-өзі басқару салаларының басшыларына шығыс және кіріс құжат айналымы мемлекеттік тілде жүргізілу қажеттілігі туралы ескерту хаттар жолданады.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының қағидаларын және Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәмидің «Рухани жаңғыру – мәңгілік ел болудың кепілі» тақырыбында өткізген «дөңгелек үстелдің» қорытындысы бойынша бекітілген іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында, Ақмола облыстық соты Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетімен бірлесіп, 2017 жылдың 20 қазанында «Қазақ даласының билер соты егеменді еліміздің сот-құқықтық жүйесінің негізі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізді. Конференция нәтижесі бойынша: билер сотын ұлттық құндылық деп танып, оны қоғамда кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақты рухани дамыту, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында хандар, сұлтандар, билердің қызметі мен өмірі туралы, оның ішінде Ақмола өңірінде өмір сүрген билер туралы бейне роликтер әзірлеу және жергілікті телеарналарда көрсету жұмыстарын ұйымдастыруға бастамашылық ету, мемлекет және құқық органдарына мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту бойынша шаралар қабылдау, тергеу іс-шараларын жүргізу кезінде мемлекеттік тілді қолдануға басымдылық беру сияқты қарарлар қабылданды.
Сөзімді Елбасының ана тілі туралы айтқан «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?! Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйтқысы болған – оның ғажайып тілі» деген көрікті ойымен түйіндегім келеді.

Досжан ӘМІРОВ,
Ақмола облыстық сотының төрағасы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар