Атақты құсбегі Жалайыр Шора туралы толғау

Зеренді ауданының аумағынан ерте көктемде қыз бұрымындай мың бұралып, шөліркеген даланың шөлін қандырып, күміс, кәусар толқындары бірін-бірі қуалай толқып, жақұттай жарқырап, сылдырлаған сұлу әуенімен дала симфониясына нәзік те әсерлі, әдемі де көңілді үнін қосып Шора өзені ағады. Ықылым заманнан бері. Ел тарихына, жер тарихына жіті қарайтын көп адамның көзі Шора өзеніне түскенімен, осы бір біздің өлкедегі тосын атау не себепті осы өзенге қойылды деп ойланып та көрмеген болар. Сөйтсек, Шора тауы Алаштың атақты құсбегі Жалайыр Шораның құрметіне қойылған екен. ал, енді құрметті оқырман Шора құсбегінің Көкшетау бауырында ізі қалып па еді, аңына құсы түсіп пе еді дейтұғын заңды сауалдарға жауап беретін болсақ, әңгіменің ау-жайы былайша өрілмек. Дүйім елге аты шыққан, құстың тілін білген Шора қазақтың өзі тәрізді кемеңгер ұлы Дүйсен атамызбен дос-жар болған. Шорадан қалған із осы сораппен жалғасады екен. Қос алыптың әрідегі тарихын зерделеп зерттей келе, өлең сөзі ойыма оралғаны бар.

І
Білемін жалған сөйлеу кешпес күнә,
Кімнің ақ, қарасына Алла куә.
Арымай ақиқаттың аясында,
Қаламгерлер жасқанбай жүрер сірә…
Тербеттім аруағын бабалардың,
Сыйынып, тозаң басқан ізін қуа.

***
Аңызға құлақ түрген бір мен емес,
Әлбетте, біткен іске кім не демес.
Кезінде әлдебіреу жазбай кетсе,
Біз оған жауап берер кінәлі емес.
Күңшілдік, көре алмастық бір кінәрат,
Қисынсыз қалмай жүрген «пыш-пыш» кеңес.

***
Жыр жаздым жарқыратып «Алабастай»,
Ортаға ой тастадым ала қашпай.
Сұғына ендім қазақ қойнауының,
Шыңдарын көк тіреген белден баспай.
Тамырын терең тартқан бұл бір істің,
Қолға алдым оқиғасын аспай-саспай.
***
Ежелден ыза, кектер бойды буған,
Бұрқырап бақсыдайын жынды қуған.
Жігерім құрышын бір қандырмақшы,
Қаймана қазағымның күні туған.
Тұрғанда атой салып, алға ұмтылмай,
Ақынға жарасарма қарап тұрған.

***
Паш еттім алтын арқау қазағымның,
Өнерін, салт-дәстүрі ғажабының.
Меймандос, кең пейілді, ақ ниетті,
Кейіпін бейнеледім, тазалығын.
Болсын – деп кейінгіге өтеуіндей,
Орынсыз тартқан бір кез азабының.

***
«Алабас» дастанының мәні сонда,
Айналмас адал еңбек етсең сорға.
Түсініп көп нәрсеге көзің жетер,
Дастанды оқысаңыз алып қолға.
Қыранды алты алашқа мәлім еткен –
Саяткерлік өнердің сәні сонда.
ІІ
Аспанда ұшқан құсты құрықтаған,
Тылсым күш табиғатқа сыр ұқтырған.
Атақты құс перісі Жалайырдың –
Шорасы, Дүйсекеңді қадір тұтқан.
Шыңынан Алатаудың таңдап жүріп,
Ақиық «қол баланы» сыйға тартқан.

***
Дүйсеннің армандаған олжасы бұл,
Адамзат сыйластыққа болады құл.
Аз күнде Шора сынды өнерліден,
Үйренген, білгеніне жетпейді пұл.
Қонаққа шақырады дарқан досын,
Көкшенің көктеміне келесі жыл.

***
Алысып ала жаздай құсын баптап,
Мылқау күш – табиғаттың тілін жаттап.
Ерінбей күні-түні сылап сыйпап,
Мың мәрте шақырады «алабастап».
Қыранға үнін, атын ұғындырмақ,
Басқа іс, дүниені түгел тастап.

***
Еңбегі құсбегінің түпсіз теңіз,
Зейнетін еңбегінің көрсе деңіз.
Құс жанын ұға білу басты мақсат,
Қамтуға бәрін бірдей уақыт тығыз.
Десе де, Алабастың қылықтары,
Ұнайды, Дүйсекеңде сенім нығыз.

***
Қақшытып, қызықтырып қызыл жемді,
Түрлі әдіс, түріп іскер білек жеңді.
Тірегі тіршіліктің шіркін құлқын,
Қозғау сап, жібіткендей сіреу жерді.
Қомағай бала бүркіт талпынумен,
Илігіп ақтағандай төккен терді.
Қолына иесінің келіп қонып,
Жеңісті қуанарлық өзі берді.
***
Бұл оның тұңғыш қадам баспалдағы,
Апарар қызықтарға басқадағы.
Жыл бойы түлкі, қоян баудай қырып,
Темірдей тегеуріні жасқанбады.
Дүйсекең Шора келсе сынатпақшы,
Ірі аңға салу үшін қыс алдағы.

ІІІ
Арқаға келді көктем, күліп күні,
Қырларда сағым ойнап, құстың үні.
Жарықтық жадыратқан табиғаттың,
Жер көкті масайратып жоқ қой міні.
Тағатсыз Дүйсен күткен мезгіл ғой бұл,
Жан-жаққа алақтаумен күні, түні.

***
Жайлауы Жаулыбайдың Сұлутөбе,
Құлпырып тілдескендей аспан төне.
Көк майса, жұпар ауа, шаңқан үйлер,
Ежелгі жайлау жолы сүрлеу көне.
Ел көшін сағынғандай дарқан дала,
Сайраған бозторғайы, қалың көде.
***
Ақ үйден шыға қолын көлеңкелеп,
Дүйсен тұр оқшауланып жұрттан бөлек.
Шораны қарсы алуға кеткендерден,
Бір хабар осы кезде болса керек.
Ойларын түрлі түйткіл билеген ол, –
Тілегі аман-есен келсе екен деп.

***
Күн ауып айналғанда екінтіге,
Хабаршы жетті шауып екпіндете.
Аптығып ат үстінен Дүйсекеңе,
Мән-жайды айтып жатыр жепілдете.
Қонақты енді өзі қарсы алмақшы,
Мерейін хан көтеріп, желкілдете.

***
Ай мүйіз Алатаудың арқарындай,
Атағы мәшһүр елге Тарбағатай.
Жігіттің падишасы өнері асқан,
Көкшеге келді қонақ алдаспандай.
Көргендер кейіпіне көңілі толып, –
– Дегендей, жігіт болсын дәл осындай.

***
Құсбегі құдіретті, әрі батыр,
Өнерде өрнектелген ізі жатыр.
Мақсаты өзі әперген «қол баланы»,
Қызықтап бір көрсе егер жетіп жатыр.
Арнайы Дүйсекеңнің шақыруын,
Құп алған, үш айлық жол неге татыр.

***
Іркіліп сәл тарихтан айтып өтем,
Шораға Көкше жері емес бөтен.
Заманда жаугершілік жалайырлар,
Екі-үш ел осы өңірде қоныс еткен.
Батыры Шұбар деген Жаулыбаймен,
Етене төс тақасып дос боп кеткен.

***
Тігілген үйлер толып ағайынға,
Айналған қонақ күту думан-тойға.
Ақ үйде жұрт назары қонақ түскен,
Қаумалап қарсы алғандар келген бойда.
Жаңалық жатыр тарап шартарапқа,
Шораның аты кеткен қыр мен ойға.

***
Бұл думан жалғасыпты одан әрі,
Қызыға тамашалап жұрттың бәрі.
Шорекең ақтұйғынын құсқа салып,
Таңырқап тәнті болған жас пен кәрі.
Күндіз-түн Көкше елінің серілері,
Алуға ағылыпты дәріс-дәрі.

***
Сол кезден бұлттай көшіп талай заман,
Өткен ғой ел басынан жақсы, жаман.
Киелі халқымыздың бір өнері,
Құс салып, құла түзде қиқулаған.
Өнерпаз Көкше елін тәнті еткен,
Сондағы шағын өзен Шора атанған.

Айдос ӘБУТӘЛІПҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар