Сонда балаларының алғысы несие ме?!.

Банкте кезек күтіп отырғанымда жаныма бір әжей келіп жайғасты. Қар алғаш түскен мезгіл. Дала көктайғақ. Сол себепті, кейуананың банкке жалғыз келгеніне таңырқап, «Апай, депозитіңізді толтыруға келдіңіз бе? Мынадай көктайғақта құлап қалуыңыз мүмкін ғой. Балаларыңыздың біреуін неге жұмсамадыңыз?» деп сұрадым. «Бала» дейсің бе, қарғам-ау, керісінше олар мені осында несие алып бер деп жұмсап отыр. Жетпіске келгенде маған тағы да несие алғызбақшы. Қайтейін енді, іштен шыққан сұр жылан – балам үшін не істемейін?», – деген әжейдің жауабын естіп, төбемнен жай түскендей болдым.

Екі жыл бұрын бала көтере алмай жүрген келінін емдету үшін алған несиені биыл ғана әрең дегенде жапқан Қапиза әжеге кіші баласы мен келіні «несие алып беріңіз» деп тағы да қолқа салып жатқасын әже амалсыздан банкке келген екен. Соңғы несиесін әупірімдеп жүріп төлеп бітірген кезде өз-өзіне «енді несие алмаспын» деп уәде бергенімен, балалары қартайғанда несие төлеудің машақатын көргізбей, тыныш өмір сүруге мұрша берсін бе?
–Үш ұлым бар. Екі балам бала-шағасымен өздері бөлек тұрады. Ал, мен кіші ұлымның қолындамын. Шын мәнісінде онымен тұрып жатырмын дегенім жай құр сөз ғана, мен көбінесе інімнің үйіндемін. Бірде кіші келінімнің «Бізге сіз емес, сіздің зейнетақы карточкаңыз ғана керек. Соны қалдырыңыз да, өзіңіз жүре беріңіз» деген сөзінен кейін, одан әбден көңілім қалып, інімнің үйіне біржола кетіп қалған едім. Ал, баламның үйіне тек анда-санда немеремді иіскеп кету үшін ғана барамын. Олар да маған зейнетақы түскенде ғана хабарласады, – дейді кейіпкеріміз. Кейуана осылай деп әңгімесін жалғай бергенінде кезегі келіп, менеджердің бөлмесіне кірді. Бұл Қапиза әженің зейнеткерлікке шыққалы бері банктен алған оныншы несиесі екен. Балалары аналарының атына алғызған несиелердің бір де біреуін өздері төлемегенін, соңғы тиынына дейін қарт аналарына төлеткізіп отырғанын естіп, «дүние бір уайым екен ғой» демеске амалымыз қалмады.
Қартайғанда аналарының қолын жылы суға малып, ештеңеден таршылық көрсетпей, өмірін гүлге ораудың орнына, шешелеріне
несие алғызып, белшесінен қарызға батырған ұлдары мен келіндерінің бұл қылықтарына жол болсын.
Шыр етіп дүниеге келген сәтімізде, ана да, әке де бізді алақандарына салып аялап, бар мейірімін төгеді. Солардың арқасында «не ішеміз, не жейміз» демейміз. Осы жақсылықтың бәрін ата-анамызға жасайтын, ақ сүтін ақтайтын, алғысымызды іс жүзінде жеткізетін кез – олардың қартайған шағы. Біз бала кезімізде ата-ана мейіріміне қалай құштар болсақ, олар да кәрілікте солай жылу іздейді.
Ал, «анашым, әкешім қалайсыз?» деген жылы сөзіміздің орнына, банк қызметкерлері хабарласып, несиені төлейтін уақыт келгенін айтып, мазасын ала берсе, әке-шешелерімізге бізді өсіріп, баққаны үшін айтқан рахметіміз осы болғаны ма? Ата-анасын ренжіткен, теріс әрекетімен олардың кәрі жүректерін жаралаған адамдар ешқашан оңбайды. Ата-анамыздың көңіліне қаяу түсірсек, ертеңгі күні оның сұрауы қатаң болатынын естен шығармайық.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар