«Ақ олимпиада…» немесе соғым сою қарсаңындағы қарбалас

Күн жексенбі. Алакеуімнен аттандық. Екеуіміздің де әңгімеміз жалғыз-ақ тақырыптың төңірегінде. Жолымыз болып өзі арзан, өзі семіз соғым кездессе екен дейміз де. Таңертең оразамызды ашпай шыққаннан ба екен, күн арқан бойы көтерілгенде, қолқамыз қолқылдай бастады. Ауыздан ет деген сөз шыққанда, асқазанның бүлк ете түсетіні несі екен?!.

Білетіндердің айтуына қарағанда, облыс орталығына жақын маңдағы елді мекендерде жылқы бағасы құрық салдырар жерде емес, аспанға шапшып тұр. Арзаны табылса, әрірек, жүргінші көп жүрмейтін, шалғайдағы ауылдардан табылмақ. Алдымен, телефон арқылы хабарласқан, шынын айтса, үш ай бойы семіртіп отырған бес жасар биесі бар ақсақалға жолықтық. Ақсақалдың өзі бес жасар деп ант су ішкенімен, жолсерігім Жанатбек саудаласып тұрып көзін қысып, иегін қақты. Оның үстіне құла биенің тұрқы кішкентай, сауыры қушиған, жамбасы біртұтам екен.
–Кәрі мал,–деді Жанатбек,–бармақ қазысы болғанымен, майы шығып кетеді. Оның үстіне кем дегенде үш жарым-төрт сағат пісірмесең, етіне тісің өтпейді. Бағасы да удай.
Шынында да, ақсақал бие аты бар ғой деп 400 мың теңгеден төрт тиын түсірмей қойған.
–Қаладағы бағаны мен де білемін. Алып барсам, пышақ үстінде талап алып кететініне кәміл сенемін,–деген ақсақал,–тек әлгі Астанадағы баланың қолы тимей жүр. Осы демалыста келсе, жығамын да жеткіземін.
Саудасына сәттілік тілеп, әрі аттанғанбыз. Сол күні 600 шақырым жол жүргенімізбен, біздің ойымыздағы мал кезікпеді. Бары, бар-ау. Бірақ, қазысына бағасы сай емес. Әйтеуір, бір күні мал танымайтын біреу келіп, ұрып жығып алып кетер деген үмітпен ұстап отыр.
–Қазіргі күні мал семірту де оңай емес. Қаншама жемшөп керек,–деген үйірлеп жылқы бағып отырған Есенбек Серіков,–өзіңіз ойлап қараңыз, жылқының жайы қазір белгілі. Жылқының емес, жылқышының. Жаз бойы жылқыны барлық ауылда қамап бағады. Қашан егін орылып, жер аяғы кеңігенше жылқы жарықтық тілін тістеп, қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта күні бойы күнге күйіп тұрады. Түнде ғана бір ет пісірім уақыт оттатқан болады. Уақытылы су ішпеген, жазғы шүйгін шөпке еркін жайылмаған жылқыға ет біте ме? Қара күзге дейін ыңыршағы айналып, көтерем болады да, көпке дейін оңала алмайды. Жалы бір жығылған жылқыны семірту де оңай емес. Бір тіркеме шөп керек екен дейік, оныңыз 30-35 мың теңге. Ал, биыл арпаның бір тоннасын 30 мың теңгеден сатып алдық. Енді осының үстіне соғым семіртудің азабын қосыңыз. Күндізгі жемшөп салып, бағып-қаққаның өз алдыңа, түнімен ұры-қарыдан сескеніп, қарауыз төбеттің қасында қарауыл болып тұрасың.
–Даладағы малдан қаладағы мал дұрыс,– деген мал танитын Жанатбек,–250 мың теңге сұрап тұрған мына тайдан әрі кетсе 200 келі таза ет шыға ма, шықпай ма? Шыққан күннің өзінде әр келісі 1250 теңгеден айнала-
йын деп тұр. Оның үстіне дәл қазір қасапшыны қайдан табасың. Биыл қасапшының да қызметі өсіпті, бір басты жұмсағанына 15 000 теңге сұрайды. Ішек-қарнын аршуға қыз-келіншектерді жалдасаң, тағы да бес-он мың теңгең шығын. Оның үстіне қасқалдақтың қанындай бензиннің бағасын қоссаң, «ақ олимпиаданың» қарсаңындағы қарбалас кезіндегі бейнетің ақтала қояр ма екен.
Арзан соғымнан күдер үзіп, қалаға қайтқанбыз. Қаладағы Щучинскіден Зерендіге көктей өтетін айналма жолдың бойындағы мал базарында дайын соғым бар екен. Бірақ, мұндағы баға да иманжүзді емес. Қазысы екі елі, қыртысы да тәп-тәуір, қартасы жеңді білектей үш жасар биенің еті ілулі тұр екен. Қазысы тілінбеген, қолы қол, саны сан қалпында. Бағасы 410 мың теңге. Одан гөрі қалқыңқылау, бармақ қазысы бар, еті ояң байталдың құны 360 мың теңге. Тағы бір биенің етін көріп қызыққанымыз-ай. Жарықтық, қыртысы аппақ қардай, қазысы да ауызекі тілде айтылатын кірпіш пошымында. Қарап тұрып жүрегің айниды. Еттен емес, әрине, бағасынан. 430 мың теңге.
– Осы ауылдан әкеліп сататын алыпсатарлар қалай пайда табады?–деп сұрадым соғым жөніндегі сауаты менен гөрі молдау Жанатбектен.
– Олар ауылдан таразыға салып алсын дейік, әрине, келісіне мың теңге берсе де ұтылмайды. Өйткені, олар бас-сирақты, ішек-қарынды, өкпе-бауырды, қысқаша айтқанда, барлық іш тұрманын тегін алады ғой. Ірі жылқының іш тұрманы кем дегенде 40 келі тартады. Міне, алыпсатардың пайдасы осы жерде. Сосын қазыны тілгенде де, тура тілмейді. Пышақты қиғаштай салады. Қиғаш тілген кезде аларманның көзіне бармақ қазың екі елі, екі еліңіз табан қазы тәрізді болып көрінеді. Мына қазылардың да жап-жалпақ болып жатқаны содан. Күнде мал сойып, әбден кәнігіп алған емес пе? Сосын соғымның жалбыраған о жер, бұ жерінен ірей сылып, кем дегенде 10 келі ет алып қалады. Ауылда таразыға салып алса, бұл жерде таразыға салып жатқан жоқ қой. Негізінде, мал иесінен гөрі, табысы жақсы осылар.
Асылында ет бағасының қала базарларында әлсін-әлсін қымбаттап жатқандығын көріп жүрміз. Бұл арадағы бағаға әсер етіп отырған жай делдалдардың қарекеті. Қазіргі шаруа алыпсатарлардың араласуынсыз бітпейтін болды. Шалғайдағы шағын ауылда мал сүмесімен күн көріп отырғандар күнде базарға барып, ет сатып, тәртібін игерген, ысылған адамдар емес, қорасындағы бірді-екілі малының үстінен жуанын жонып, жыл он екі айда ғана бірер тұяқ сататындар бар. Қалаға жеткізудің өзі машақат. Оның үстіне ақ адал малдың өзінікі екенін дәлелдейтін қаншама құжат жинау керек. Содан соң базарда тіршілігін осымен айырып тұрған маманданған ет сатушылар ауылдан келген аңқау қазақты оңайлықпен кіргізе қоймайды. Осындай бейнеттен қашқан мал иесі ауылға қашан алыпсатар келеді екен деп тосады да жүреді. Ал, алыпсатардың бар ойы ебін тауып, екі жақтан да пайда табу.
Ет құнының қымбаттауы жем-шөптің бағасына да байланысты. Қазіргі жемшөп өндірісінің даму қарқыны мал шаруашылығының бар сұранысын толайым қанағаттандыра алмайды. Осы қалыппен жосылтып тарта берсе, алдағы уақытта мал өнімдерін өндірудің жолына тұсау болуы да мүмкін. Рас, әзірге табиғи жайылымдар жетерлік. Бірақ, алыстағы ауылдарда болмаса, қала маңында бос жатқан жер жоқ. Шабындығы да аз. Сондықтан, қорасында бірер қарасы бар мал иелері жемшөпті сатып алуға мәжбүр. Осы тақырыпты егжей-тегжейлі зерделеп-зерттегендердің пікірінше, жемшөп бағасы қымбаттаған сайын, мал бағасы да өсе түспек. Ендеше, алдымен еттің құнын түсіруді емес, жем-шөптің бағасын арзандатуға күш салған ләзім. Жасыратыны жоқ, ауыл қазағы жем-шөп ретінде негізінде шөп пен арпаны ғана пайдаланады. Басқа құрама жем жоққа тән.
Оның үстіне бұрнағы жылдары Ресейден арзан жылқы тасымалданған. Етінің дәмі таңдайыңда қалмаса да, қазы байламаса да, жергілікті жердегі жылқының жалынан ұстай алмағандар нәпақасын содан айырған. Қазір керісінше, Арқаның солтүстік өңіріндегі қылқұйрықты үйір-үйір болып шекара асып жатқан көрінеді. Бағаның түспей тұруы бәлкім, содан да болар.

Бір есептен мал бағасының толымды болғаны дұрыс па дейсің. Ауыл тұрғындары бірер қарасының бетіне қарап отырған соң, еткен еңбегіне орай табыс тапқандары да дұрыс қой. Қалалық жарнамалық газетте соғым сатамын деген құлақтандыру аз емес екен. Бағасы да әрқилы. Мәселен, дене бітіміне, күйіне орай тайыңыз – 250-300 мың теңгенің аралығында, сере қазы шығатын ту биелер – 400-430 мың теңге көлемінде, байтал, құнандар – 350-360 мың теңге шамасында.
Арыдағы жұрттан қалған тәмсіл бар. Жылқының еті жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіреді дейтін. Түсіңе емес, тісіңе кірсін десеңіз, қазірден қамданғаныңыз жөн болар. Соғымыңыз шүйгін болсын, ардақты ағайын!..

Байқал Байәділов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар