Әр санын асыға күтемін

«Тіршілік» газетінен бастау алатын облыстық «Арқа ажары» газетімен тығыз байланыста келе жатқаныма жарты ғасырдан артық уақыт өтті.

Атауы «Сталин туы» болған кезінен бастап осы газеттің оқырманымын. Газетте шыққан мақалаларды оқып, облыста болып жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайлармен танысып жүремін. Аудандық партия комитетінің идеология бөлімінде қызмет атқарып жүрген кезімде бұл газетпен қоян-қолтық жұмыс істеп, журналистермен жақынырақ таныстым. Олардың берген бағыт-бағдарының арқасында газетке мақала жаза бастадым. Алғашқы кезде журналистика стилін білмегендіктен болар, мақалам көп өңделетін. Кейін газетте жарық көрген мақаламды сүйсініп оқитынмын. Сөйтіп, өңделген мақалама қарап, жазуымды түзей бастадым. Бүгінгі күні газетке жолдайтын мақалаларымның сапасы біршама жақсарғанын аңғарамын. Газетке әйтеуір бір мақалам шықса дегенді мақсат тұтпаймын. Көбіне өңірдегі тәрбиелік жұмыстар, келеңсіз жағдайларды болдырмаудың жолы, оның ішінде білім саласы жөнінде мақалалар жазып жүрдім. Білім саласындағы оқу-тәрбие жұмысын жақсарту, ата-аналарға ақыл-кеңес тәрізді мақалаларым жарық көрді.
Соңғы жылдары Ақмола өңіріне белгілі Ақкөл ауданының тумасы Жайық Бектұровты жерлестері біле бермейтінін, ол кісінің сталиндік зұлматты көргенін, сол кездегі көзі ашық, көкірегі ояу адамдармен бірге жүріп-тұрғанын жаздым. Оның «Менің Сәкенім» деген үлкен мақаласын оқи отырып, Сәкен Сейфуллинмен бірге қызмет еткенін, ол көрген қиыншылықты өз басынан өткергенін, ит жеккенде болғанын, кейін айдаудан оралған соң Қарағанды өңірінде лауазымды қызмет атқарып, осы қаланың құрметті азаматы атағын алғанын білдім. Кезінде жазушы Ғабит Мүсірепов Жайық Бектұровтың аса білімді екеніне көз жеткізіп, Жазушылар Одағының Қарағанды бөлімшесіне төраға етіп тағайындаған.
Осынау азаматты елге таныстыру жолында біраз жұмыс істедім. Бұл бастамамды облыстық «Арқа ажары», аудандық «Ақкөл өмірі» газеттері бірден қолдады. Бұдан кейін Жәкеңнің есімін есте қалдыру мақсатында біраз жұмыс атқарылды. Биыл оның есімі Ақкөл қаласындағы қазақ орта мектебі мен көшеге берілді. Бүгінгі таңда бұл тұлғаны ақкөлдіктер жақсы біледі. Ол кісі қазан айында туған. Аудан әкімінің келісімімен бұл айды Жайық Бектұров айы деп атап жүрміз. Белгілі Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, армия генералы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов Ақкөл ауданының Еңбек ауылында туған. Бұл ауылда Батыр ағамызды ел есінде қалдырарлықтай ештеңе көзге түспейді. Қазір осы мәселемен айналысып жүрмін. Бұл бағытта да газет көп көмектесті. Ол кісіге Еңбек ауылында мүсін орнату, сквер жасау, музей ашу, ауыл мектебіне есімін беру, Щучинск-Астана тас жолына бильбордтар қоюға бағытталған жұмыс атқарылуда.
Осы орайда, облыстық «Арқа ажары» газеті көп қолдау көрсетті. Бұл газетті менің газетім деп жиі айтамын. Алдымда бес-алты газет жататын болса, ең алдымен облыстық «Арқа ажары» газетін қолыма алып, туып-өскен, қызмет атқарған өңірдің жаңалықтарын оқып отырамын. Бұл газетпен қарым-қатынасымның арқасында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі атандым. Бүгінгі таңда ғасыр жасаған «Арқа ажары» газеті Ақмола облысының экономикасын дамытуға, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға сүбелі үлесін қосып келеді.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
еңбек ардагері.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар