«Қаһар» романы және тәуелсіздік

Серік Негимов,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Қазақ халқының тарихында бұлағай да бұлыңғыр қасіретті дәуір ХІХ ғасырдың іші еді. Өйткені, отаршылдықтың қанды қармағы қазақтың ұлан-ғайыр жеріне, елдің туын биікке көтерген есті ерлеріне қорғасын бұлттай үйіріліп, қорлық пен зорлықтың жан түршігерлік амал-тәсілдерін қолданды. Түпсіз қара мұхиттай ел қайғысын, замана запыранын, халық тағдырын, қоғам жайын суреткерлік қабілетімен, ойшылдық көзқараспен, ұлт тарихына жан-жақты, толық, байыпты тереңдеуімен батыл қадам жасаған әрі соншалықты үздік, озат ойлы шығарма тудырған Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» атты романы (1969) eді. Бұл – әдебиетіміздің күрделі табысы, «батыл да сәтті роман» (Мәлік Ғабдуллиннің бағасы) туынды ұлттың ой-санасын оятты, тарихи танымымызды байытты, білігіміздің өрісін кеңейтті, ой мен тіл қазынасын көркейтті.

«Қаһар» романының әлқиссасына мән берейік: «Ай сәулесі жүдеп», «Көш жүрісі шұғыл», «Асыға қимылдаған қыруар ел», «Жау қуғандай жөңкіген жұрт». Осы бір жинақы тізбектердің өзі ел басындағы зор қасіретті елестетеді. Көштің бас иесі баянауылдық Қаржас Азнабайұлы Сейтен. Оның көкейкесті мақсаты – Қасым төре баласы Есенгелді мен Саржанға қосылу, бірігіп қимылдау. Сейтеннің қалың нөпір көшінде «сүмбілдей сәйгүлік жүйрік, шайқала ырғалған жорға» мінген «сойыл-шоқпар ұстаған жүзден артық ер-азаматтар тобы бар». Жазушы І.Есенберлиннің сипаттауынша, осынау топтың ортасында тұлғасы алтынтудай айқындалған «қайыңның безіндей берік, қазан тастай шомбал, төртпақ келген біреу ерекше көзге түседі. Астында есік пен төрдей, ақ табанды жайма жал қара көк айғыр. Тақымында келте шоқпар, қарына темір баулы қайың сойыл ілген. Үлкен өткір қара көзді, ұзын, қою қара мұртты адам. Таңмен бірге ашыла түскен қара сұр жүзі ақ сұпыдай». Бұл – ел серкесі Сейтен бейнесі. Және де осы бір үзіндіден отаршылдықтың шылауына шырмалған елдің жай-күйі, замана зобалаңы көрініс бергендей.
Сонымен қатар, «түксиген қабақты, кескен томардай келте қара сұр жігіт келеді. Сары ала қынапты қисық табан келте қылыш тағынған. Кісі өлтірген адамдай түсі зәрлі. Бұл – Қубетұлы Ожар». Жазушының баяндауынша, «бір кездегі барымтаға да, жауға да қатар шапқан Сейтеннің үзеңгілес досы. Ақмола аға сұлтаны Құдайменденің Қоңырқұлжасының қасында болып, жақында ғана өз еліне қайтып келген».
Екеуара әңгімеде сергек ойлы Сейтен Ресей патшасының 1822 жылғы Сібір қазақтарын басқару жөніндегі Орта жүз қазақтарын сегіз округке жіктегенін:
– Ұшқалақтанбай тұра тұр. Ақ патша қазақ ісін екіге бөлген. Бірі – ауыл арасындағы жесір дауы, алыс-беріс секілді кәкір-шүкір. Мұны ақсақалдар мен билер өзі шешсін деген. Екіншісі – кісі өлімі, барымта, үкіметке бағынбау тәрізді ауыр күнәлар. Мұны аға сұлтан басқарған өкірлік пірказ қарайды. Өкірлік пірказ, екі патша қызметкері және екі жылға сайланған екі қазақ жәситірден  құралады. Бұлардың шешімін гүбірналық сот бекітеді. Онда бірде-бір қазақ жоқ. Сөйтіп, біздің тағдырымыз – бәрібір өз қолдарында…
   Ол ел тұтастығына іріткі салынуын, итке сүйек лақтырып, бөлшектеп билейтінін жантықтарды – жансыздарды көбейтіп, іштен омақаса шалатынын, жұртымыздың тізгіні жатқа кететінін айтып отырған жайы бар.
Ережеде: «Қазақты Мұхамбет пайғамбардың жолын берік ұстаған діншіл халық емес, оны шоқындырып алу оңай, тек ауылға уәкілдер жіберілсін» делінген пәрменді бұйрық бар. Тағы да І Николай патша 1825 жылы 11 ақпанда Сібір генерал-губернаторына Сібірмен шектес қазақ сияқты «бұратана» ұлттардың жас қыздарын қолға түсіруге жарлық берген.
Қолды болған қыз шоқындырылып, әйел затына мұқтаж отбасыларға үлестірілуге тиіс болған «Асырап алған адамдарға азық-түлік ретінде 15 жасқа толғанға дейін көмек көрсетіліп, ал, қыз балаларды әкелген кісіге қолма-қол он бес сом сыйлық берілетін» болған. «Міне, осы жарлық Сейтеннің туған інісі Тайжанның 7 жасар қызы Алтыншашты да қармаққа түсірген еді. Олардың оспадарлығы үшін, Патшаға қарсы ереуіл ұйымдастырғаны үшін Тайжан Омбы Орданс-Гаузе сотының үкімімен өлім жазасына кесілген. Қарауыл басы құзғын офицер Алтыншашты иемденіп, бір саудагерге сатып жіберген. Сонан соң киіктің лағындай қыздың керемет сұлулығына құмартып-қызығып Сібір корпусының Штаб бастығы генерал-майор Фондерсон сатып алады. Алтыншаштың әкесін өлтіргендердің бірін доңыз Фондерсон үй сыпырушы етіп ұстайды.
Ашу-ызаға булыққан Сейтен Омбы шаһарына келіп, Фондерсонның үйіне шабуыл жасап, Алтыншашты құтқарам дегенше  генерал-губернатор біліп қойып, содан Сейтен әзер-мәзер құтылады.
Губернатор Сейтеннің бұл әрекетін  қалайша біліп қойды, осы орайда Сейтен Ожардан сезіктенді. Сейтеннің ойы: «Адам сыры – сандық ішіндегі қазына. Онда алтын жатыр ма, бақыр жатыр ма, бірден білу қиын. Кілтін іздеу керек. Сондықтан да, ол енді Ожардан сыр тарта сөйледі».
– Сол ұстап бойынша біз қазынаға жүз бір қара жасақ төлеуге тиісті едік. Бірақ, сол заңның өзін кім дұрыс қолданып жүр? Аға сұлтандардың малы жұтқа іліксе – зекет төле. Жандаралдың, пристаптың үйі өртенсе – үлесіңді апар… Ақ патшаның қосымша жарлығында өкімет қызметінде жүргендерге, аға сұлтан, болыс, жәсиетірлерге бірталай жеңілдік берілді… бұл жарлықтан ұтқан Сәмеке, Бөкей, Уәли ханның тұқымдары ғана. Патша ағзамға жаққан қызметтері үшін төре тұқымының шаңырақ ие сұлтандары мың жылқы, мың жарым қара мал, мың жарым сом ақшаға дейін ада етілді.
«1824, яғни қазақша Мешін жылы Көкшетау приказы құрылды. Бұл – ақ патшаның Абылай ұрпағының ата мекеніне ауыз салуы еді. Осы жылдан бастап Қасым төре баласы Саржан сұлтан қол жинап патша әскері мен ұстапты жақтайтын Сәмеке, Бөкей, Уәли хандардың ұрпақтарына, Көкшетаудың аға сұлтаны Қара Тоқаның Зілқарасына қарсы күрес бастады. Кейде жеңіп, кейде жеңіліп, басынан сан айқасты өткізеді. Ақырында Қоқан хандығының қол астына еніп, 1834, яғни жылқы жылы осы хандықтың бас күші Ташкент құшбегі, тәжіктің Қалпы руынан шыққан Мәмет Әліммен тізе қосып, қазақ жерін Россия империясынан бөліп алмақ болып, алты мың әскермен Ұлытау өңіріне келді. Осы өңірге Қорған атты бекініс тұрғызып, бізге қосылыңдар деп жан-жағына жар салады, аға сұлтан, ел билеген ақсақалдарға ат шаптырады. Бір жағынан шағын-шағын жасақ аттандырып, Қараөткел, Көкшетау жеріндегі қалың арғын елін шаба бастайды. Мұны естіген Сібір губернаторы Ұлытауға генерал-майор Броневский басқарған алты зеңбіректі бір мың әскер жібереді. Броневский көп кешікпей Ұлытауға таяйды. Жақын қалған патша әскерінен қорыққан Ташкент құшбегі Қорғанға азғантай сарбаздарын қалдырып, Бетпақдалаға қарай қашады. Ал, қорған бекінісі көп соғыспай Броневскийге беріледі. Ташкент құшбегі Мәмет Әлім қазақ жерін Россия патшалығынан оңай ала алмайтынына көзі жетіп, күресті бірден тоқтатады. Одақтасының мұндай опасыздығын көрген Қасым төре балалары енді Сыр бойындағы қазақтарды жинап, Қоқан хандығының ықпалынан құтылмақ болады. 
Бірақ, Ташкент құшбегі мұны сезбегенсиді, ақ патшамен күресуге қайта қол жиямыз, кеңеске балаларыңды жібер дейді Қасым төреге. Ал, ол құрылған қақпанды аңғармайды, Ташкентке жиырма жігітпен қолбасшы балалары Есенгелді мен Саржанды, шұбыртпалы Ағыбай батырды, Саржанның 20 жастағы баласы Ержанды жолға шығарады. Бұлардың Ташкентке кеткені Арқаға да жетеді. Ожардың айтып келе жатқаны осы жәйт».
Сейтен бастаған көш Баянауылдан үдере аттанып, Қараменді тауы етегін артқа тастап, Балқаш көлінің теріскей тұмсығындағы Мыңаралдың батыс жағына жеткенде тынығады. Бір апта ат үстінде жорытқан Сейтен түсінде: «Лақа бас, білектей жуан, қайрақ тас түстес тау жыланының өзі» басын «алақан қуысынан өткізіп, әрі қарай жылжи тамақ тұсына келіп оралмақ», «алқым тұсынан қышқаштай боп» қанды қармақтай қапсырмақ. Сұмдық сурет, сұм заманның көрінісі, халықтың қалың қайғысының белгісіндей. Үстінен құс ұшып өтсе оянатын Сейтеннің кірпік қаққанша қыл шылбырмен екі қолы артына тас бекітіліп, аузына орамал тығылды. Ол «ауға түскен мекіредей» жанталасты. Есаул Лебедов жындай құтырып, сахараны әлем-тапырық етті. Ол «бұзау тісті, қорғасын бауырлы тобылғы қамшысымен» Абзал шалды шықпыртты. «Құлаштай сілтеген қамшы ауаны кескілеп «ыс-ыс» етеді».
Сейтенмен қоса Ожар да бұғауланып Омбыға жөнелтіледі. Жол-жөнекей Баянауыл округі Төрткөл болысындағы Таймастың ауылына түнейді.
Сейтеннің хәлі мүшкіл, адам шошырлық. Қол-аяғы байлаулы. Және мүлт жібермейтін сақшы бар.
Бұларды көрген ауыл дегбірсізденді, зәре-құты қашты.
«Барлық айыбы жұртына қамқор болғаны ма? Ақ патшаның тегеурініне көнгісі келмегені ме?.. Аң да, құс та өзінің ұясын қорғайды. Адам неге өйтпеуі керек? Өз мекенін, өз жерін неге қорғамасқа? Сондай бір әділ қылығың үшін де айыптысың ба? Жоқ, айыпты емессің». Таймастың жан сезімін өртеген ой осы еді. Жазушы Ілияс Есенберлиннің жіті, ұшқыр ойы да өзгеше.
Таймас қанша құмартса да Сейтенмен сөйлесе алмады. Тастай қараңғы түн құшағында «Елім-ай» әуенімен:
Қош, аман бол, кең жайлау, өскен жерім,
Қайтқан қаздай қалың ел көшкен жерім.
Есіл қазақ есейіп ел бола алмай,
Ит пен құсқа таланып өшкен жерім –
деп күңіренеді. Сол мезетте Ожар: «Сейтеке, ішке сыймай бара жатыр ма күйігіңіз» – деді.
Ақиқатында, Сейтен өзін байлағандардың бірі Ожар деп ұққан. Бірақ, осындай хәлге душар болғанына аң-таң. Екеуінің диалогына кезек берейік:
– Ожар, айтылмаған өкпе – іште жатқан Ескендірдің қос мүйізімен тең…
– Шер тарқатар уақыт болар әлі.
– Уақытымның бітуге айналғанын біле тұра кекетесің ғой, – деп Сейтен сәл ашулана күліп, ақырын ғана күрсінді де сөйлеп кетті.
– Бозторғайдан кішкентай болғанмен, биік ұшар халқым бар еді, сол сорлыны бір құзғын іліп кетпесін деп, ана жолы жалғыз бауырым Тайжан ақ патшаға қарсы жасақ құрғанда сен де келіп қосылып едің… Кімде-кім сол қазақ деген қыранды қанатын кесіп, жем-құсына айналдырғысы келсе, ол менің қас жауым, туған балам болса да аш тамағынан ала түсіп, өз қолыммен бауыздауға бармын.
Сейтен мен опасыз Ожардың сөйлескенін «заты сабырлы» Таймас бастан-аяқ тыңдайды. Ожардың арсыздығын білсе де екеуіне бірдей «Қош болыңдар!» деп Таймас «көзінен танадай боп домалап-домалап кеткен жасты өле-өлгенше жүрегінде кек сақтамақ».
Хас суреткер І.Есенберлин «Қаһар» романында қазақ еліндегі жағдаяттарды, шырғалаңдарды, дүрбелеңдерді барынша тұтастай суреттейді. Мысалы, Тіленшіұлы Жоламан батыр бастаған көштің ерекшелігі. Иә, Орынбордан қалың әскер шығуы, қазақтың жеріне, суына, нуына италаның айғырындай қоқаңдаған қожайын болуға ұмтылуы, бекіністер мен қалашықтардың орнауы, Табын руының сегіз мың шақырымдай мал жайылымынан айырылуы әңгімеленеді. Мынау «Қызыл жалқын ай», «қып-қызыл ашу шоғындай» дейтін айқындауларда күрделі сыр бар.
(Жалғасы келесі саңда).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар