Қаламгерге – құрмет

Облыстық әдебиет және өнер музейінде Көкшетау қаласының құрметті азаматы, жазушы-драматург, ақын Төлеген Қажыбайдың шығармашылығына арналған оқырмандар конференциясы болып өтті.

Мәдени шараның басты мақсаты өскелең ұрпақты жазушының шығармашылығымен таныстыру, қаламгердің туындыларындағы адамдардың күйініш-сүйінішін, арман-өкінішін және кейіпкерлер тағдырын ортаға салу болып табылады.
Жазушының қазақ әдебиетіне қосқан үлесі, прозаларындағы дәуір келбеті, суреткерлік шеберлігі, драмалық шығармалары мен поэзиясы хақында пікірлер айтылып, танымы мол тағылымды ойлар тоғысты.
Қаламгердің алдағы 75 жылдық мерейтойының беташары – әдеби кештің шымылдығы айтыскер ақын Нұрислам Әбділдің арнауы-
мен ашылды. Музей директоры Нұрбек Нұралин облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаеваның атынан құттықтау хат пен ескерткіш сыйлық табыс етіп, ізгі тілегін білдірсе, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбектің ақынның поэзиясы туралы, жалпы, қазақ әдебиетіне қосқан үлесі тақырыбындағы баяндамасын оқырман қауым ыстық ықыласпен қабылдады. Әдеби кеште «Бұқпа!» газетінің директоры Қайыргелді Әкімбеков, айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек, облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алпыс Бекенов сөз сөйлеп, кеш иесін мерейтойымен құттықтап, ақжарма тілектерін арнады.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің бір топ студенттері ақынның өлеңдерін жатқа оқып, әдебиетке деген құштарлықтарымен тәнті етті.
Біз мәдени шараға қатысқан студент жастарды да сөзге тартып көрдік. Солардың бірі Роза Бекенбаева. – Менің магистрлік диссертациямның тақырыбы: «Төлеген Қажыбайдың шығармашылығындағы ұлттық тарихи коллорит». Зерттеу барысында жазушының туындыларында тек қазақ халқына ғана тән ұлттық болмысты танытатын этнонимдерді байқадым. Бүгінгі кеште ақынның жүрек қылын шертетін сыршыл поэзиясымен жақынырақ танысып отырмын», – дейді.
Әдеби кеш барысында Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның әншілері Мереке Бекмағамбетов пен Сәрсенбай Хасенов, сондай-ақ, халықтың мол мұрасы, қазақтың әншілік өнерін насихаттап жүрген өнерпаздар Қажыбай Жахин, Бекболат Өтеулиев сияқты айтулы әншілер әннен шашу шашып, әдеби кештің ажарын аша түсті.
Кеш соңында қаламгер Төлеген Қажыбай жиналған қауым алдында өзінің жүрекжарды тілегін жеткізіп, алғысын айтты.
Әдеби кештен тағылым алған жастар осылай сұлу жырмен сусындап, рухани қуат алып тарқасты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар