Елбасымен қалай мақтансақ та орынды!

Тарих үшін қас-қағым жиырма бес жылдан астам уақыт ішінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана басшылығы және көрегендігінің арқасында суырылып шығып топ жарған тұлпардай дүние жүзінің ілгері дамыған алдыңғы қатарындағы мемлекеттермен шендесіп, шеру тартып келе жатқанымыз көңілімізді қуанышқа бөлейді. Әсіресе, Елбасының көпұлтты қазақ мемлекетінің татулық бірлігін сақтап, құрыштай қолына тапсырған киелі тізгінді асқан шеберлікпен ұстап, әлемдегі атышулы ел басқарған саясаткер көсемдер қатарында көрінуі, ұлтымыздың рух күшінің мықтылығын бейнелегендей әсер етсе, оның жеке басының табиғи ерекшеліктерін де елестеткендей.

Қылышынан қан тамған коммунистік дәуірдің көсемдері бірнеше рет батыр атағын алғанда, ұялмай-ақ омырауларына қарап мәз болатын. Сол сияқты Президент күнін белгілеу, лайықты деген президенттерін мақтау, мадақтау, киноға түсіру демократияның жілігін шағып, майын ішкен Америка мемлекетінен бас-тау алған үрдіс. Алты жыл өтті «Тұңғыш Президент күні» белгіленгеніне. Ал, оның өмір белестеріне арналған «Елбасы жолы» киноэпопеясының «Отты өзен», «Теміртау» атты тараулары 2013 жылдың бірінші желтоқсанынан барлық жерлерде көрсетілді.
Мен Президенттің жас шағын бейнелеген Үшқоңыр табиғатына байланысты тұстарын өте ыждаһаттықпен қарадым. Себебі, 1955-1956 жылдары Нұрсұлтан Әбішұлының туып-өскен жері Шамалған кентіндегі ауыл шаруашылығы техникумында оқып жүргендегі өз жастық шағымның кейбір сәттері есіме түседі. Бірде парталас төрт бала мамыр айының орта шенінде іргедегі Үшқоңыр тауының ең биік деген төбесіне шықтық. Сондағы алған әсерімізді тілмен жеткізуге болмас… Әдетте, біздің Көкшетау жақтарындағы тау-төбелер тақыр, көделі келеді ғой.
Содан дәл биік деген төбесіне шығып, жан-жағымызға көз жүгірткенде, сонау Алатаудың қарлы шыңдарына дейін созылған жайлау, адырлы төбелер жалғаса береді екен. Тау баурайының бәрі алақанға қойғандай, аяқ астыңда тұр. Үшқоңырдың батысына қарай жүріңкіреп едік, тау терең шатқалға айналып, төменде ағып жатқан өзенді көрдік. Бұлақ суынан шөл қандырып, өзенге шомылдық, ара балын алып жатқан көптеген омарташылардан неше алуан тау балының дәмін тата алдық.
Сол маңайдағы Ворошилов атты
ауылда біздің жас күнімізде бірге оқыған досымыз Семетай Жандосов деген бала тұрады. Оның ағасы Манас бізге сабақ берген. Жолдасы Жаңыл көкшетаулық, Айыртаудың қызы. Ол да ұстаз. Манас пен Семетайдың әкесі атақты революционер, 37-інің құрбаны Ораз Жандосовтың ағасы. Сол үйде біраз дем алып, тамақтанып, кешке Шамалғанға оралдық.
Жасымыздан батырлар жырымен сусындап, қала берді аттары аңызға айналған Шыңғыс хан, Спартак, Ескендір Зұлқарнайын, Наполеон, Кутузов, Суворов, Ақсақ Темір сынды ерлер жайлы еңбектер оқып, толғанысты ой кешетін барлық біздің буынның адамдары сияқты мен де осы тұрғыдан өз межемнен өткенге көз жүгірткенімде қазіргі қолына қалам ұстаған ойлы да сезімтал жазушы ініміз, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахмановтың «Оқжетпес» шипажайында ана бір жылдары дем алып жатқан абыз ақсақалымыз Бәйкен Әшімовпен болған сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев туралы Бәйкен былайша сипаттаған екен: «Нұрсұлтан бұл дәрежеге оңай жете қойған жоқ. Ол халқымыздың арасынан суырылып шыққан талапты да талантты жас болды. Өзінің өжет те іскер, қайраттылығы, алғырлығы, еңбегі арқасында билік басына келді. Заман ағымының қилы қалтарыстарын көріп шыңдалған шебер саясаткер, ұлт қасиеттерін бойына сіңірген, экономиканы жетік білетін білімді, алды-артын болжай білетін тұлға», – депті.
Біздің бала кезімізде, қай сыныпта екені ойымда жоқ, жаңа шыққан бір оқулықта «Тау көтерген Толағай» деген сурет болды. Алып батыр Толағай басы бұлт шалған тауды шірене көтеріп бара жатыр екен. Шамасы жаңбыры тапшы тақыр жердегі еліне Тарбағатайдың бір шыңын шыбындай жанын пида етіп, апара жатса керек. Міне, осы сурет «Елбасы жолы» киноэпопеясын қараған кезде, өзінің ерен еңбегімен әлемге әйгілі тұлғаға айналған Нұрсұлтан Назарбаевтың бітім-болмыс бейнесін көз алдымызға әкелгендей болады.
2009 жылы Көкшетау қаласынан 25 шақырымдай жердегі Азат тауындағы Қосағалы батыр жерленген бейіт басында тұрғам. Біздің білгіміз келіп тұрған сұрақтарға жауап беріп тұрған кісі «бұл мәселелерді кезінде доломит карьерінің инженері болған қазір Шортан қаласында тұратын Оспанов Қайыр жақсы біледі», – деді. Келесі күні абзал ақсақалдың табалдырығын аттадық. Жастары ұлғайған Қайыр мен Нұржамал Оспановтар ақ жарқын, қонақжай отбастары екен. Біздің келген негізгі мәселемізді Қосағалы батыр туралы бірден сырып қойып, өз өмір өткелдеріне көшкенді жөн көрді.
Көкшетауыңда Көбетаев деген азамат бар, Қосағалы деді де әңгіме желісін 1958 жылы Теміртауға барып, ондағы жоғары кәсіби техникалық училищеде Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқығанын қызықты баяндап, тілге тиек етті. Әсіресе, оның өте ұлтжанды, өткір, ерекше пысық, жұмысшылар арасында зор беделді болғанын, оның көмегімен пәтерге қол жеткізгенін баса баяндап, екі сөзінің бірінде «асықпаңдар, жақсылап еңбек етейік, әлі Нұраның бойын гүлдендіреміз», – деуші еді. Есік алдында отыратын үш-төрт ақсақалдар да «осы бала ұзаққа барады, келешегі зор, Алла ғұмыр берсін», – дегендерін де талай естідік. Расында солардың айтқандары болды ғой. Мені көп кешікпей Көкшетаудағы доломит рудасы ашылған соң сонда жіберді. Нұрсұлтан да ұзамай жоғарылап кетті» деп ойын бір түйіндеді. Қарапайым ауыл қариясының аузынан жүрекжарды әңгімені естіп, сүйсінген едік. Қазақ елінің ардақтысына айналған Елбасымызбен қалай мақтансақ та орынды. Оның арқасында ілгері қадам басып, одан әрі халқымыздың қуаныштарға бөлене береріне сенеміз.

Айдос ӘБУТӘЛІПҰЛЫ,
Еңбекшілдер ауданының
құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар