«ЭКСПО»– Тәуелсіздігіміздің ұлы жеңісі

Биыл жазда Астанада өткен ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесі тәуелсіз еліміздің тарихында алтын әріппен жазылған айшықты оқиға болып қалары анық. Жүз жылдық тарихы бар халықаралық көрмені өткізу құқығын Қазақстан әлемнің 162 мемлекеті қатысқан іріктеуде жүзден жүйрік шығып жеңіп алғаны жас тәуелсіз мемлекетіміздің беделін көтерген айтулы оқиға болды. Әрине, мұның бәрі ең алдымен, Ұлт Көшбасшысы, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, халықаралық аренадағы жеке басының бедел-абыройының арқасында келген жетістік екені кім-кімге де белгілі жай.
Осы халықаралық көрменің ашылу салтанатына журналист ретінде қатысу бақыты бұйырғанын өмірімдегі елеулі оқиғалардың бірі деп қабылдаймын. ЭКСПО жайында БАҚ жиі айтып, жазып жатқандықтан, халықаралық көрме туралы біршама хабардар болғаныммен, оны өз көзіммен көру, бүгінгі күн талабына сай салынған көрме павильондарын аралап тамашалау, әлемнің көптеген елдерінің бірінші басшыларының қатысуымен өткен ашылу салтанатының куәсі болу естен кетпес оқиға болғандығын айта кеткім келеді. Экологиялық жағдайы жыл санап ауырлап бара жатқан жер шарының болашақта одан әрі өмір сүруі, не экологиялық апатқа ұшырап жойылуы – қазіргі адамдардың әрекетіне байланысты болып отырған осынау жауапты кезеңде Қазақстанның балама қуатты пайдалануға арналған халықаралық көрмені ұйымдастыруы шараның мән-мазмұнын арттыра түскендей.
Жалпы аумағы 174 гектар жерді алып жатқан 35 нысаннан тұратын ЭКСПО қалашығын шын мәнінде болашақтың қаласы деуге болатындай. Көгілдір түсті шыныдан тұрғызылған сәулет өнерінің қайталанбас туындыларын көзбен көріп, көңілмен сезінгенде қиял-ғажайып шығармалардың сюжетіне азық болған шытырман оқиғалардың арасында жүргендей күйге түсеріңіз анық. Қалашық орталығында орналасқан алып шар бейнесіндегі «Нұр Әлем» көрменің ең басты және негізгі нысаны. Иә, Астананың, жалпы Қазақстанның болашақ бренді де осы алып шар бейнесіндегі «Нұр Әлем» болатын сияқты. Ауқымы 5 мың шаршы метрді құрайтын, диаметрі 80, биіктігі 100 метрлік шыныдан салынған ғимарат шар тәрізді нысандардың әлемдегі ең алыбы болып табылады. Бұл қайталанбас сәулет өнерінің туындысы осынысымен-ақ тарихтан өзінің лайықты орнын алды.
Сәулет өнерінің қайталанбас нысандарын назарға ұсынған халықаралық көрмені үш айдың ішінде еліміздің барлық аймақтарынан, одан қалды, әлем елдерінен келген 4 миллионға жуық адам көріп тамашалаған екен. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі «таза энергетиканы» дамытуға елеулі үлес қосып, әлемге тәуелсіз еліміздің «жасыл» технология идеясын қолдайтындығын тағы да бір дәлелдеп берді.
ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізу елімізге не берді деген мәселеге келетін болсақ, ол елімізді халықаралық деңгейде жұртшылыққа танытқандығымен ғана емес, нақты экономикамызға да көп пайда әкелгендігімен есте қаларлық оқиға болды деп айтқан жөн болар. Мәселен, қазіргі күні біздің облысымыздың өзінде ғана ЭКСПО-да ұсынылған 5 жоба іске асырылуда. Бұл жаңа қуат көздерін алатын жобалардың қатарында құны 126 миллион АҚШ долларын құрайтын 100 мегаваттық жел паркі, Целиноград ауданында салынатын қуаттылығы 100 мегаваттық, құны 192 миллион доллар тұратын күн электр стансасы бар. Болашақта өңірімізді экологиялық таза электр қуатымен қамтамасыз етуге елеулі көмегін тигізетін бұл жобалардың қолға алынуы тікелей халықаралық көрмемен байланысты болғанын атап өткен жөн.
Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің табысты өткендігін, еліміздің абырой-беделін көтеріп қана қоймай, экономикамыздың дамуына да елеулі ықпалын тигізгендігін атап өтті. Халықаралық көрмеге 1400-дей қазақстандық компаниялар қатысып, туристерге қызмет көрсетуден кәсіпкерлеріміз миллиардтаған табыс тапты. ЭКСПО-ға арнап салынған ғимараттардың бәрі алдағы уақытта түрлі мақсаттарға пайдаланылатын болады. Ал, халықаралық көрменің басты нысаны – «Нұр әлем» сферасы еліміздің жетістіктерін жұртшылық назарына ұсынатын музей болмақшы.

Қалкөз ЖҮСІП,
Қазақстан Республикасының ақпарат саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар