Ерлікке бастаған қасиетті Ту

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бастамасымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне Астанада бастау алған «Біз Жеңістің  мұрагерлеріміз!» атты республикалық әскери-патриоттық эстафета Ақмола облысында жалғасын табуда. Осыған орай, «Достар» мәдениет сарайында сол бір сұрапыл жылдары Ақмолада жасақталған 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік туының көшірмесі степногорлықтардан кейін салтанатты жағдайда көкшетаулықтарға табыс етілді.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, бұл дивизия Сталинград үшін болған шайқаста асқан ерлік көрсетті. Жаужүрек сарбаздардың қаһармандығы ескеріліп, 29-шы атқыштар дивизиясы 1943 жылдың 1 наурызында 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы болып аталды. Мұнан кейін дивизия Курск майданында Харьков, Мерефу, Красноград, Кировград қалалары, Днепр мен Буга өзендері үшін болған шайқастарға қатысып, Румыния, Трансильвания, Венгрия, Австрия, Чехословакияны жаудан азат етті. Керзі етікпен қасіреттің қара топырағын толарсақтан кешкен жауынгерлердің Сталинград түбіндегі және Прагаға дейінгі майдан жолы аңызға бергісіз қаһармандыққа толы.
Содан да болар, бұл дивизияның сарбаздарының атақ-даңқы шартарапқа жайылды. Осы даңқты құрылымның Ресей Қарулы Күштерінің орталық мұражайында сақталған Жауынгерлік туының көшірмесін «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері елге жеткізіп, енді міне, ол республикамыздағы барлық әскери бөлімдерді аралап, кейінгі ұрпаққа өшпес ерліктің үлгісін паш етпекші. Ал, екінші жағынан, бұл эстафета бүгінгі біздің бейбіт өміріміз үшін ажалмен бетпе-бет келген майдангерлер рухтарына тағзым етудің жарқын үлгісі болып табылады. Ту көшірмесі Ұлттық ұланның жергілікті жерлердегі құрылымдық әскери бөлімдері, ардагерлер ұйымдары, әскери-патриоттық клубтар өкілдері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында өтетін кездесулерде көпшілік назарына ұсынылатын болады.
Жеңісті жақындатуға дивизия құрамындағы ақмолалық отыз мың сарбаз өлшеусіз үлес қосқан болса, оның 45-і Кеңес Одағының Батыры атанды. Өз сөзінде осыны тілге тиек ете келе,  3517 әскери бөлімінің командирі, майор Жарқын Сапарянов туды салтанатты жағдайда 5510 әскери бөлімінің командирі, подполковник Жанболат Төлегеновке табыс етті. Ол да өз кезегінде бөлім сарбаздарының осы сенімге лайық болатындарын жеткізді.
Бұл пікірді сол қиян-кескі шайқастарды өз басынан өткізген майдангер Мырзағали Қажымов та қолдай түсті. Небәрі он сегіз жасында майданға аттанған соғыс және еңбек ардагері өткенді ауыр күрсініспен еске алса, қатардағы жауынгер Әділет Серікәлиев Жауынгерлік ту көшірмесі өздерін аға ұрпақ ісіне адал болуға жігерлендіре түсетіндігін жеткізді. Бізден кейін бұл тудың көшірмесін көршілес солтүстікқазақстандықтар қабылдап алмақшы. Сөйтіп, бұл Ту ұлан-ғайыр қазақ даласының 25 қаласында болып, Жеңіс күні қарсаңында Елордаға жеткізіледі деп күтілуде.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар