Әр ұлттың тірегі

Қазақ халқында «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген мағыналы сөз бар. Осы орайда, мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында осы елдің азаматшасы ретінде жүзден астам ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақ астында ұйыстырып отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев туралы жылы лебізімді білдіргім келеді. Сонау 1930 жылдары қазақ даласына күштеп жер аударылған өзге ұлт өкілдерінің де, еліміз Тәуелсіздікті алғаннан кейін ата қоныс мекенді аңсап келген оралмандардың да, жалпы әрбір қазақстандықтың жүрегінде Ұлт Көшбасшысына деген алғыс пейілі жатыр деп ойлаймын.
Менің әкем Өзбекстанда туып-өскен. Тағдырдың жазуымен ата-анасынан тым ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленген. Кәмелеттік жасқа толғанға дейін сол жерде болып, кейін әкемді Қазақстан жеріне, нақтырақ айтсам Қарағанды қаласына әскерге алып кетеді. Әскери борышын өтеу мерзімі аяқталуға жақын қалғанда қасындағы досына: «Өзбекстанға қайтып оралғаныммен, мені ол жерде ешкім күтіп отырған жоқ. Қайда барамын?» деп сұрайды екен. Сөйтіп, әкем әскерден босаған уақытта Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Ленгір, қазіргі Төле би ауданында шахта ашылып, әлгі досы екеуі сонда жұмысқа кіреді. Көп ұзамай анаммен танысып, шаңырақ көтереді. Отбасымызда дүниеге келген он үш баланың үлкені – менмін. Әкем шахтада, анам сауыншы болып еңбек етіп, он үш баланы өсіріп жеткізді. Достық болған жерде, ырыс та, береке де болатынын жастайымыздан бойымызға сіңіріп өстік.
Осы орайда, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатына ризашылығымды білдіргім келеді. Елбасымен екі рет Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында және осы ұйымның жиырма жылдығына арналған салтанатты шарада кездесу мәртебесіне ие болдым. Ол кісінің елімізде тұрып жатқан ұлттарды бөле жармай, керісінше біріктіруі, достыққа шақыруы өте дұрыс. Осы идеяның орындалуына этномәдени орталық ретінде аз да болса үлесімізді қосып келеміз. Қалада өзбек ұлтының өкілдері сондай көп деп айта алмаймын. Дегенмен, бәріміз бірігіп, өңіріміздің дамуына, Отанымыз – Қазақстанның гүлденуіне атсалысып жүрміз.
Шынымды айтсам, осыдан 20-25 жыл бұрын өзбекпін деп айтуға ұялатынмын. Неге екенін білмеймін, сондай бір ауыр кезең болды. Ал, қазір ұлтым үшін, туған жерім Қазақстан болғанына қуанамын. Киелі қазақ топырағында дүниеге келіп, ырысты жерде тұрып жатқанымды, қашанда халқының қамын ойлаумен жүретін Президентіміз барын мақтаныш санаймын. Барлық отандас-тарымды тек бірлікке шақырамын. Тұңғыш Президент күні мерекесі баршамызға құтты болсын!

Тожибуви МЕДЕТОВА,
«Өзбек мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар