«Қаһар» романы және тәуелсіздік (жалғасы)

Серік Негимов,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
профессоры, филология ғылымдарының докторы

1822 жылы Жоламан батыр Орынбор әскери губернаторы Эссенге мәңгілік ата қонысты қайтаруды үш мәрте сұрап хат жазған-ды. Мұнысы аяқсыз қалды да, одан сайын өршеленіп, қазақты құмға сырғытты. 1835 жылы Қараөткел мен Жайық арасында жойқын ереуіл болған-ды. 1770 жылы үш жүздің баласы Абылайды ақ киізге көтеріп, хан сайлаған. Сонда да ІІ Екатерина патша 1778 жылғы 24 мамырдағы Жарлығымен Абылайды Орта жүздің ханы етіп бекіткен. 

(Басы өткен саңда).
1782 жылы хандық лауазымға Уәлиді бекітті. Ол отаршылдық саясатқа мойынсұнды. Арыстан туған Қасым төре мен оның балалары Есенгелді, Саржандар «тәуелсіздік тілеген, аңсаған», алыс-жұлыстан бір күн тыйылмаған.
Бітімі бөлек, ойы кесек, көркемдік әлемі алуан сырлы, алтын қырлы «Қаһар» романында Кіші жүз руларының отаршылдық езгіге қарсы алапат кесек әрекеттері, Серғазы ханның Ақбөкен аруға дәмесі (әкесі Жантемірді қасына көшіріп алуы), Жоламан сарбаздарының қару түрлері, Ақбөкен арудың Жоламан батыр тобына қосылуы Жоламанның өз жиені жас жайнақ Байтабынмен сырласуы, Хорунжий Карпов (қоржынды Қара бура) жасағының соғысы нақ-нағымен сипатталған.
Роман оқиғасы Ташкент шаһарына ойысады. Ташкент құшбегі Бегдербектің «ызғары суық сырға толы» рабатында (қонақ қабылдайтын сарайында) Есенгелді, Саржан және шұбыртпалы Ағыбай батыр бастаған жиырма жігіттің тағдыры шешілмек. Құшбегінің арнайы шақыруымен «үш ақ пілге шатыр тігіп, кілең қаракөк арғымақ мінген, қасында бір топ ешік-аға, муәдзин, наиб, геджагы бар Қоқан ханы Мәделі хан (Мұғамет Әлім) келген». Өйткені, Ташкент – Қоқан хандығының қол астындағы бір уәлаяты. Оған екі жүз мың теңге салық төлеп отырады. Ал, Ташкент құшбегілері қазақ ауылдарының қаққанда қанын, соққанда сөлін шығарады. Қазақтардың үрерге иті, сығарға биті жоқ. Қоқан ханы Әлімге:
Келі түбім деп алады,
Кеусенім деп алады.
Ұтыра зекет деп алады,
Қошақ зекет деп алады.
Арқадан келген сор Найман
Аң-таң болып қалады, –
деген Жанкісі жыраудың зарлы толғауы қазақ еліндегі зауалды айна-қатесіз жеткізген.
Құшбегі Бегдербектің түр-сықпыты сұсты, аяр, екіжүзді. «Сүзіле қарайтын сұрғылт көздері ысылдаған жылан іспеттес бір суықтық танытады. Беті күлсе де көзі күлмейді… ұзын ақ саусақтары жыртқыш құстың тырнақтарындай әлсін-әлсін бір бүрісе жұмылып, бір жазылып тұрады. …оң саусағына салған қызыл алтын сом жүзігінің үстіндегі жалпита орнатқан жылан басындай қызыл лағыл тасы ұйыған адам қанына ұқсайды».
Негізінде, Есенгелді мен Саржанның көкейкесті тілегі, ой-арманы – Құшбегі Бегдербек құзыретіндегі Сыр, Қаратау, Сайрам, Шу бойын мекендеген Қыпшақ, Қоңырат, Шымыр, Ысты, Сиқым, Сыбан, Жаныс ауылдарынан сарбаз жинауға, жерімізді қорғауға жәрдем жасауын сұрау.
Бегдербектің арам ойы: «Бас қосып, күш алса, өзіңе тарпа бас салайын деп тұрған жауды қалай босатып жіберуге болады? Жоқ, көтерілген жау – ең қауіпті жау». Немесе: «Дәмелерің алыста екен! Әрине, бар қазақтың басын қостырып қойсақ, сендерге Қоқан да, Хиуа да төтеп бере алмас. Россия айдаһары да оңайлықпен жұта алмас. Жоқ, қымбатты сұлтандарым, біз сендер ойлағандай ақымақ емеспіз. Россия да, Қоқан да, Хиуа да сендерді майшелпек етіп асай бергісі келеді. Оған қазақтың малы да, жері де жетеді. Бізге сендердің бір болғаныңнан алауыз болғаның тиімді».
Сұмырай Бегдербек Қоқан ханы Мәделіханның нәпсіқұмарлығын есептеп, өзінің тоқал шешесі «әйел жыныстының күн мен айы» Ханпадшайыммен жарасса, «бір тілсіз шаттықтың» шуағына бөленсе, ішкі бұзақы ойын іске асыруға себепші болар еді. Ойлағанындай, құпия шаруа                         көңілдегідей орындалып, шат-шадыман күйге ұласты.
Қанаттанған Қоқан ханы Ташкент құшбегісі Бегдербекпен кеңесті, жіті сөйлесті.
– Ташкент уәлаятын тағы бір қауіпті қара бұлт қоршағалы тұр. Бұл бүлікті басқаруға дайындалып жатқан – Қасым төренің балалары. Есенгелді мен Саржанның басын алу өз қолымнан да келеді. Бірақ, сіздің рұқсатыңызсыз әрекет істеуге дәтім бармады, – деді жәдігөйленіп.
«Қазір Мәделіханның қиялы да, ойы да басқада… ал Ханпадшайым шын өмір, шын арман…»
«Сынық тағадай «Қаратау қойнауына қоныстанған Қасым төре ауылы. Ағыбай Ташкент құшбегі қолынан «екі қолын көкке көтере, тізерлей отырып ағыл-тегіл жылаған қалпы «Есенгелді, Саржан мен жігіттердің тегіс бауыздалғанын естіртті. Абылай хан әулеті, ырғалған қалың ел зар иледі, «Көл үстінде тып-тыныш жүзіп жүрген қаз-үйрекке ителгі тигендей әп-сәтте азан-қазан болды да қалды».
Қанды уақиғадан соң, адам дегенің ит жанды ғой, Қасым төре ойы мен бойын шұғыл жинап: «Жас, есер кезімде Көкшетауды мекендеген тағы ақ бураны садақпен атып өлтірген едім. Бұл қылығымды естіген аузы дуалы ақсақалдар «Шырағым, Абылайдың ақ бурасы Көкшетаудың иесі, киесі ұрып жүрмесе нетсін!» – деп еді. Көкшетауымнан айырылғанымды сол қылығымнан көруші едім. Есенгелді мен Саржанымды да сол ақ бураның киесі атты ма? Олай болса, Алла Тағала жолыңа ақсарбас айтып, мойныма бұршақ салып тілеймін: қаһарыңды, өзге балаларымнан аулақ ет!.. қыран қартайып өлмейді, қайғырып өледі, – дейтін еді Бұқар жырау».
Соңында Қасым төре күміс қынды сапысын, Абылай хан ұстаған тік киік мүйіз мосысы бар білтелі күлдірмамай мылтығын ұсынып, алақанын жайып ақ батасын берді.
Даңқты суреткер І.Есенберлин «Қаһар» романында Қоңырқұлжа мен Қасым төре балалары арасындағы жер таласы, бақ таласы, мансапқор Қоңырқұлжаның сорақы, найсапқорлық қылықтары, Кенесарының Сарыарқаға оралып, Ақмола, Ақтау, Ортау бекіністерін алуы, сатқын Ожардың Кенесары ауылында тыңшылық қызмет жасауы, атаман Лебедев, аға сұлтан Қоңырқұлжа мен войсковой старшина Карбышев басқарған қанды қол жасақтардың қазақ ауылдарына қырғидай тиіп, ұлардай шулатуы, қан-қасап етуі Наурызбай батырдың Ақбөкенге ғашықтық сезімі (тобық алысуы), Бопай жасағының ерлігі ерекше суреттеледі.
Хан Кене – ұлт қаһарманы, азаттық жолындағы қан майданның ту ұстаушысы. Ол 1838 жылдың мамыр айында Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаков князьге «Менің айтып отырғаным мынау: біздің бабамыз хан Абылайға тиісті жерлерде сіз дуан салдырдыңыз және қазақ халқынан алым-салық аласыз, сөйтіп, бізді қыспаққа салып отырсыз. Біз бұған риза емеспіз және алым-салық төлеп сіздің қарауыңызда тұра алмаймыз. Біздің басымызға туған күн Ресейдің басына туса сендер қандай күйде болар едіңіздер? Сондықтан, біздің жай-күйімізбен санасуларыңыз керек. Әрине, мен Баянауыл, Қарқаралы  һәм Ақмола қазақтарын өзіме қосып алдым, әлі де болса халқымды өз жағыма қоса берем деген ниетім бар; алайда, қазақ халқы бұрынғыша  өз алдына ел болып өмір сүрсе тіпті жақсы болар еді, сонда ғана сіз де, біз де тыныш өмір сүре алар едік.
…Сізбен әрқашанда достық қатынаста тұруды көздеп, мен мына төмендегілерді талап етемін:
1) Ақтау қорғанысы жойылсын;
2) Ақмола дуаны жойылсын;
3) Біздің жерімізге салынған сондай мекеме орындары тегіс жойылсын;
4) Қамауға алынған біздің адамдар һәм Қоңырқұлжа сұлтанға жіберілген екі адам босатылсын.
Ұшпыны иландырмақ үшін мен сұлтан Кенесары Қасымұғлы мөрімді бастым».
Бұл хаттың мәтінін І.Есенберлин Қазақ ССР мұрағатынан алған (қор 82, тізбе 1, іс 169, 15-16 беттер).
Алып күштен де ар күшті, арды сақтай білу – одан да күшті. Арлы туған, шыбын жанын шүберекке түйген, жанын берсе де ар-намысын ешкімге бермейтін, есесін жібермейтін Ер Кене үш ай бойы осы хатына жауап ала алмағандықтан, «не майдан ашып айқасып, күшпен өз айтқаныма көндіру» деп іштей бекінді. Ел ішіндегі жағдай ушығып тұрған-ды, «Россия патшалығымен шектескен жердің бәрі қазір лапылдап жанған өрт тәрізді» еді.
Қоңырқұлжа жылқысын Кенесары алғанда, қара қазақтың жылқысын Қоңырқұлжа алмайтын не жыны бар? Рас, Қараөткел қазағын қырқыншы жылға дейін патша салығынан өзім құтқардым» – деп ашуға мінді. Ақмола округінің өзінің қол астында қалған тоғыз болысқа он жеті мың жылқыны салық қылып бөлді де, Омбыға жүремін, губернаторға жүгінемін деп, Қарқаралының аға сұлтаны Тәукенің Жамантайына, Көкшетаудың аға сұлтаны Қара Тоқаның Зілқарасына, Аманқарағайдың аға  сұлтаны Уәлидің Шыңғысына қол қойғызып, Омбы генерал-губернаторынан қазақ даласына зеңбіректі мол әскер шығаруды өтініп сұрау.
Батыс Сібір генерал-губернаторы Горчаковтың айтқаны: «Қазақ даласы Кенесары қарақшыларынан да тазартылады. Қоңырқұлжа 1829 жылы Омбы қаласында Тілмаштар мектебінің қырық жылдық мерекесінде ІІІ салтанатты тойды князь Горчаков басқарып, сұлтандардың ішінде өзіне айрықша ықылас танытқаны бар еді. Сол жылы ғой Горчаков: «Жерінен, билігінен айырылған қазақ айтқанға көнбей қайда барады? Күшпен көндіреміз. Арқасына қамшы ойнатып, соқа жегіп, жер жыртуды үйретеміз. Қол-аяғын матап, шіркеуге кіргізіп, Иисус Христосқа шоқынуға мәжбүр етеміз» – деген-ді.
Жазушы І.Есенберлиннің сипаттауынша, Кенесары «тоқсан тілектің түйінінен жаралған адам. Оның мінезі де, ішкі дүниесі де сала-сала, онда Абылайдың ақ туын құлатпай ұстайын деген арман да бар, бір руды емес, бар қазақты билесем деген баққұмарлық та мол, атадан әкеге, әкеден балаға мұра боп қалған өзге сұлтандардан алмақ кек те жүректе сақтаулы, соңынан ерген жұрттың құрметіне бөленсем деген сезім де күшті. Осының бәрі бір Кенесарының басында».
Бірде ол ақ ордасынан шығып, ауыл сыртындағы «қара шұғадай майлы топырақты» сайдың жағасындағы бір адырдың үстіне кідірді. Жанына ерткен бес жасар Сыздық, Жүсіп – Иосиф Гербурт және Қараүлек (сұлтанды бақылаушы, күзетуші) бар. Кенесары күміс кездігінің ұшын жоғары қарата көмдіріп, Сыздықты жүгіртіп, оған «дәлме-дәл жетіп көкірегін төсей құлату» еді. Бұл сыннан бүлдіршін Сыздық мүдірмей өтті. Әкесі баласының маңдайынан бір-екі рет сипады. Көріп тұрған Иосиф Гербурт көңілденіп: «Нағыз көкжал болады екен!» деді оқтай заулап кетіп бара жатқан жас көгершінге.
«Астымда Жалынқұйрық жүрегім бар. Сарыарқада серуендеп келе жатыр едім, алдымнан бір арыстан тұра қашты, қуып жетіп, алдаспаныммен ішін жарып жіберіп едім, арыстанның ішінен бір жолбарыс шықты да тұра жөнелді. Жолбарысты да қуып жетіп, аш бауырынан орып жіберіп едім, ішінен бір көкжал қасқыр шыға келді де тұра қашты. Көкжал қасқырды да қуып жетіп, ішін тіліп жібергенімде, одан бір қызыл түлкі ата жөнелді. Қызыл түлкіні де қуып жетіп қарнын осып қалғанымда ішінен құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке ақтарыла түсті… бірақ, бұлар менен қашпады, бәрі быжынай келіп, атымның сауырына, жалына жабыса бастады. Шошынғанымнан айқайлап жіберіп, оянып кеттім. Жоруын айтшы осы түсімнің, жырауым», – депті Абылай хан.
«Көктегі күнді күркірететін жай тасындай» жартастай мызғымас  Кенесары:
– Абылай ханның алдынан қашқан арыстан – ол баласы Қасым төренің кезіндегі халық. Оның ішінен шыққан жолбарыс – ол мынау менің кезімдегі батыр жұрт. Бұл жұрттың жолбарыстай жүректі екені бәріңізге де аян… Бұдан кейін, әлгі Сыздық тентегімнің ер жетіп, жауымен алысқан кезінде де қазақ халқы елдігін де, ерлігін де жоғалта қоймайды… Көкжал қасқырдай жауына талай шабады. Бірақ, қасқыр арыстан да, жолбарыс та емес, қанша көкжал болса да ауыл-аймақтан ұзай алмайды… Одан кейінгі елім сабасына қарай піспегі, сақалына қарай іскегі дегендей заманының ықпалына қарай түлкі болмасқа амалы бар ма? Ал, ол түлкі қулықты елімнен кейінгі ұрпақ бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесіртке тәрізді кәкір-шүкірге айналады. Ол ол ма, Абылай ханның осы бесінші ұрпағы кезіндегі осы құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке секілді жұрт ертең осы менің ісіме қарсы шабады. Сондықтан, қазір халқымның уақтанбай тұрған жолбарыстай қажырлы кезінде армансыз қимылдап қалуым керек.
Осы бір тамаша көріністен кейін Кенесары Абылайдың түсін баяндады.
(Соңы келесі санда).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар