Жаңа жылдан бастап зейнетақы төлеу тәртібі жаңарады

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлеу жүйесінде әйелдердің зейнетке шығу жасы 6 айға ұзартылып, базалық зейнетақыны есептеуге қатысты өзгертулер күшіне енеді. Осы мәселелерді «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалының директоры Аяш Кеншінбаева журналистермен өткен брифингте түсіндіріп берді.

Бүгінде халықты толғандырып отырған әлеуметтік мәселелердің ең бір өзектісі – зейнетақы жүйесіндегі соңғы жылдары енгізілген реформалар. Әсіресе, жаңа жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгелі отырған зейнетақы заңнамасына сәйкес әйелдердің зейнетке шығу жасына 6 ай қосылады және базалық зейнетақыны тағайындауда адамдардың еңбек өтілі ғана ескерілмей, зейнетақы жарналарын төлеуге қатысқан уақыты да қарастырылады. Бұдан басқа БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерін есептеудің тәртібі мен оларды алу кестесі де өзгеріске ұшырайды. Қазір зейнетақы жинағы салымшының қалауы бойынша ай сайын, тоқсан сайын немесе жылына бір рет берілетін болса, жаңа жылдан бастап БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарнасы және кәсіби зейнетақы жарнасы ретінде жинақталған сома ай сайын төленіп тұрады. Яғни, ендігі жылдан бастап зейнетке шыққан қазақстандықтар БЖЗҚ-дағы жинақтарын ай сайын бөліп ала алатын болады.
– Зейнетақы салымшылары барлық жинағын бір уақытта алуға мүмкіндік бір жағдайда ғана беріледі. Егер өтініш берушінің жинағы ең төменгі зейнетақының 12 еселік сомасынан асып кетпесе, оның жинағы бір реттен-ақ беріледі. Мысалы, 2018 жылы ең төменгі зейнетақы 33745 теңге болса, оны 12 айға көбейтеміз, сонда 404940 теңге шығады (33745*12=404940). Егер зейнетке шығатын адамның бар жиған-тергені осы 404 940 теңгеден көп болса, оның жиғаны ай сайын бөлініп төленеді. Ал, әйелдердің жасын ұлғайту мәселесіне тоқталатын болсақ, статис-тика бойынша әйелдердің жинаған зейнетақы қоры ерлерге қарағанда айтарлықтай төмен. Оның себебі, әйелдердің табысы ер адамдарға қарағанда төмендеу және олар бала күтімі бойынша бірнеше жыл қатарынан зейнетақы қорына ешқандай төлемдер салмауы мүмкін. Сондықтан, олардың болашақтағы жинақтары көбірек болуы үшін Үкімет осындай қадамға барып отыр, –деп түсіндірді «БЖЗҚ» АҚ-ның облыстағы филиалының директоры Аяш Хакімқызы.
2018 жылдан бастап, 2027 жылға дейін зейнетке шығатын әйелдердің зейнет жасына 6 айдан қосылып отырады, нәтижесінде он жыл өткен соң олардың зейнетке шығу жасы ер адамдармен теңеседі.
Брифинг барысында «егер салымшы зейнетке шықпай жатып қайтыс болып кетсе оның жиған ақшасы қайда кетеді?» деген сауал қойылып, зейнетақы салымшыларының жинақтары заңды түрде оның мұрагерлеріне берілетіндігі айтылды.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен болған бұл жиында базалық зейнетақының төленуіндегі өзгерістер де талқыланды. Яғни, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы қазақстандықтардың еңбек және зейнетақы төлемдерін төлеу өтілдеріне қатысты төленеді. Бұл жерде оны төлеудің тәртібі өзгеріске ұшырап отыр. Қазір базалық зейнетақы баршаға бірдей 14 466 теңгеден төленсе, алдағы жылдың белгіленген мерзімінен бастап, ол ең төменгі күнкөріс көрсеткішінің нақты бір жылға белгіленген мөлшерінің 54 пайызына тең болады. Оны зейнетақы төлемдерін салу жүйесіне 10 немесе одан аз жыл қатысқандар алады. Және қазіргі зейнетақы жүйесіне қатысушылардың еңбек өтілі 10 жылдан асқандарға жыл сайын ең төменгі күнкөріс мөлшерінің 2 пайызы қосылып отырады. Еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 33 жылдан асқандар ең төменгі күнкөріс мөлшерін толық 100 пайыз алатын болады. Ал, ынтымақты зейнетақы 2043 жылдан бастап, 1980 жылдан әрі қарай туған азаматтарға төленбейді. Өйткені, олардың зейнетақысы өздерінің жинаған салымдары негізінде белгіленетін болады.
Сонымен бірге, ағымдағы жылдың 30-31 желтоқсанына дейін зейнет жасына шығатын азаматтар зейнетақы қорында жинақтаған салымдарын алуға өтініштерін берулеріне болады. Бұл күндері БЖЗҚ-ның барлық филиалдары мен операциялық залдары сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін жұмыс істейді.
Қадірлі оқырман, зейнетақы тағайындауға қатысты сұрақтарыңыз болса, ағымдағы жылдың 12 желтоқсанында БЖЗҚ-ның облыстық филиалында «Ашық есік күні» өтетіндігін ескертеміз.

Ырысалды Шамшиева

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар