Шырша кесуге тиым салынды

Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің 2013 жылғы 29 қарашадағы № 377 бұйрығына сәйкес жаңа жылдық мереке қарсаңында қылқан жапырақты тұқымдастардың жас шыбықтарын қорғау мақсатында орман иеленушілері тарапынан жедел шаралар қолға алынады.

Ағаш отырғызу – бұл әлі оны өндіріп, өсіру емес. Ол үшін ағашқа жиырма жылдай уақыт арнау қажет. Міне, осы жылдар орманшы үшін оның табиғатқа деген қамқорлығының, жаңашырлығының, яғни, алақан табынан сезілетін махаббатының сынақ мерзімі болып саналады. Бүршік жардыру, тазалау, уақытылы кесіп отыру біздің күнделікті жұмысымыз. Жасыл желекті өмірге қанаттандырғанда біз үнемі тұрақты түрде санитарлық күтім жасаймыз. Жарамсыздарын кесіп, құлағандарын жинаймыз. Орман – жердің көркі.
Міне, жаңа жыл мерекесі де жақындап қалды. Барша адамзат үшін үлкен қуаныш саналатын бұл мерекені жаңа жылдық жасыл шыршамен қарсы алу дәстүрге айналған. Бірақ та, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты бұл жақсы дәстүрдің залалды жағы да бар. Бірер күндік мерекелік қуаныш үшін көптеген шырша ағашы кесіледі. Ал, әр түп шыршаның бір жылда 1 тоннадан астам шаң-тозаңды жұтып, қоршаған ортаға 1,5 мың литр оттегін бөліп шығаратынын ескерсек, осынау өз табиғатымыздың көркін өз қолымызбен отап жатқанымызға қайран қалмасқа амалымыз жоқ. Осыған орай, жасыл желегімізді қорғау үшін мемлекет тарапынан заң негізінде шаралар қолданылып жатқанын ескере кеткен жөн.
Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің 2013 жылғы 29 қарашадағы № 377 бұйрығына сәйкес жаңа жылдық мереке қарсаңында қылқан жапырақты тұқымдастардың жас шыбықтарын қорғау мақсатында орман иеленушілері тарапынан жедел шаралар қолға алынады. Алайда, соңғы жылдары қолға алынып жатқан осындай шараларға қарамастан, жаңа жылды шыршамен қарсы алу үшін ормандағы ағашты заңсыз кесетіндердің де саны азаймай тұр.
Осы орайда, «Бұқпа» орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері жаңа жыл мерекесі күндері шаруашылыққа бекітілген орман алқаптарында тәулік бойы кезекшілік атқарады. Жаңа жылдың қарсаңында қылқан жапырақты жас көшеттерді заңсыз кескен немесе зақымдаған азаматтарға 15 айлық есептiк көрсеткiште айыппұл қарастырылған.
Сондықтан, орманның сәніне айналған шыршалардың адам өміріне де пайдалы екенін үнемі естен шығармай, оны бір күндік мереке үшін отау ортақ табиғатымызға орны толмас үлкен шығындарға әкеп соғатынын ұмытпағанымыз абзал. Орманды сақтау болашақ ұрпақ алдындағы борышымыз.
Жанат ЖӘМӘЛИЕВ,
«Бұқпа» орман шаруашылығы»
коммуналдық мемлекеттік
мекемесінің маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар