Барлық ана, барлық бала оны жақсы көреді

Педиатр дәрігер, облыстық балалар ауруханасы нәрестелер бөлімшесінің меңгерушісі Раиса Кенжебекқызының есімін бұрыннан жиі еститінмін. Жас аналардың осы бір ақ халатты абзал жан туралы айтқан оң пікірлері сол кезде-ақ санамда жақсы пікір қалыптастырған еді. Ал, жуырда онымен әңгімелесудің сәті түсіп, шынымен де мақтауға тұрарлық адам екеніне тағы бір мәрте көз жеткізіп қайттық.

Кабинетіне кіріп келгенімізде дәрігер қауырт жұмыс үстінде еді. Мейірбикелерге науқас сәбидің жағдайын айтып, қандай ем-шара жасау қажеттігін түсіндіріп жатты. Сұхбат алуға келетінімізді алдын ала ескертсек те, біраз күте тұруымызға тура келді. Жұмыстың аты жұмыс. Әсіресе, ол кішкентай нәрестелердің денсаулығына байланысты болса, жұмысты ысырып қоюға, мүлт кетуге мүлдем болмайды. Біздің кейіпкеріміз Раиса Әбдіқалықова үшін де бала денсаулығы бәрінен де маңызды екенін алғашқы кездесуімізден-ақ түсіндік. Балалар дәрігері болып жұмыс істеп келе жатқанына биыл отыз жыл.
1986 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен кейін бір жыл интернатураны емханада өтіп, 1987 жылы облыстық балалар ауруханасының нәрестелер бөлімшесіне жұмысқа орналасқан. Кейін 1996 жылы оңтайландыру жүргізіліп, бөлімше жабылып қалғандықтан, перзентхананың перинаталдық орталығында 2009 жылға дейін жұмыс істеген. Осы жылы нәрестелер бөлімшесін ашу туралы қажеттілік туындап, содан бері кейіпкеріміз осы бөлімшені басқарып келеді.
– Бала денсаулығы жұмысымның ғана емес, өмірімнің үлкен бір бөлшегіне айналғандай. Бөлімше жабылып қалмағанда, бұл ауруханадан кетпес те едім. Осы ұжымнан ажырап қалған сол бір жылдардың орны бөлімшенің қайта ашылуымен толықты деп есептеймін. Нәрестелер бөлімшесі жиырма сәбиге лайықталған. Мұнда жаңа туған және 28 күнге дейінгі нәрестелер туа біткен аурулар, жүрек ақауы, тыныс алу жолдарының вирусы сынды түрлі диагноздармен жатады. Ай-күні жетпей, шала туған сәбилер де осында ем алады, – дейді бөлімше меңгерушісі. Мұндағы нәрестелер кардиолог, хирург, нефролог, тағы басқа дәрігерлердің жіті бақылауында болады. Өзімізде жасалған ем-дом шипасын бермей жатқан жағдайда сәбилер Астана қаласындағы ғылыми орталыққа жіберіледі.
Кейіпкерімізден қазіргі экологиялық жағдайға байланысты осыдан жиырма, отыз жыл бұрын туған балаларға қарағанда кейінгі кезде дүниеге келіп жатқан сәбилердің денсаулығы қалай, қандай сырқаттардың жиі кездесетіні жайлы сұрағанымызда педиатр дәрігер барлық ауру түрлерінің жиілеп бара жатқанын, экологияға ма, әлде басқа да себептерге байланысты ма, аурудың жас талғамайтындығын айтып өтті. Ересек адам ауырса, әйтеуір хал-жағдайын түсіндіріп айта алады ғой. Ал, енді не тілі, не ымы жоқ құйтақандай сәбиді емдеу өте үлкен жауапкершілікпен қатар, кәсіби біліктілікті талап етеді. Кейіпкеріміздің бойынан осы екі қасиетпен бірге, балаға деген зор сүйіспеншілікті байқадық.
– Қазіргі уақытта бала денсаулығының көрсеткіші қалыпты. Десек те, нәрестелер арасында туа біткен аурулар көп. Әсіресе, орталық жүйке жүйесінде, асқазан-ішек жолдарында, жүректе туа біткен ақаулары бар балалар жиі туады. Медицинаның дамыған заманында бала денсаулығында қандай да бір кемшіліктің бар-жоғын анасының құрсағында жатқан кезінде-ақ анықтауға мүмкіндік бар. Кейбіреулер болмашы дерт деп санайтын тұмаудың өзі қатерлі дерттерге себепші болуы мүмкін. Сондықтан, дені сау ұрпақты дүниеге әкелу үшін ең алдымен, анасы салауатты өмір салтын ұстанып, жүктілік кезінде өзіне дұрыс күтім жасауы тиіс, – деген дәрігер сәбидің дұрыс өсіп-жетілуі үшін ана сүтінің де маңызды рөл атқаратынын айтты.
Оның ойынша, ең әдемі көрініс – ананың баласын құшағына алып, бар мейірімімен емізіп отырған сәті. Сондықтан, баланы тамақтандыру кезінде ештеңеге көңіл аудармай, бар назар тек балада болуы тиіс. Өкінішке орай, қазіргі таңда көптеген жас аналар соны ұғына бермейді. Бір қолымен сәбиін ұстап, емізіп отырса, екінші қолында телефоны тұрады. Осылайша бар назары бөбегінде емес, телефонында болады. Дәрігер Раиса Кенжебекқызы аналардың мұндай әрекетіне түбегейлі қарсы екенін жеткізді.
– Техниканың дамыған заманында ұялы телефон, ғаламтор адамға көп нәрсені алмастырды. Бұрынғыдай пошта арқылы хат жазысып, кітапханалардан ақпарат іздемейміз. Алайда, ешбір техника ана махаббатын алмастыра алмайды. Дана халқымызда «ананың ақ сүтімен берілген» деген ұғым бар. Ол текке айтылмаған. Балаларымызға бесік жырын айтуды қойдық. Талай байқап жүрмін, жас аналар жаңа туған сәбилерінің жастығына апарып телефонды қоя салады. Балаларын өздерінің әлдиімен емес, телефондағы әнмен ұйықтатады, – деген ол өз науқастарының арасында осындай жайттарды көріп қалса, қолды сілтей салмай, аналарға дәрігерлік, аналық ақыл-кеңесін айтып отырады. Баланы сәби кезінен-ақ қабат-қабат киіндірмей, салқын температураға үйрету, жатын орнын таза ұстау, жылы сөздер айту баланың ауырмай, дені сау болып өсуі үшін маңызды екенін дәрігердің әңгімесінен білдік. Науқастары үшін ол ақ халатты абзал жан болса, ал, отбасында екі қыздың анасы, шаңырағының ұйытқысы.
– Алдыма келетін әр сәбидің қал-жағдайы үшін жатсам да, тұрсам да уайымдап отырамын. «Қайтіп тез жаза аламын, қалай көмектессем екен» деген ойлар ылғи санамда жүреді, – деген дәрігердің осы бір ауыз сөзі бәрін түйіндеп тұрғандай.

Венера Талғатқызы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар