Үйіңіздің едені жылытыла ма?

Үйіңіздің жылы болғанына не жетсін шіркін. Үйді жылыту мәселесі әсіресе, біздің солтүстік өңірде өте күрделі. Кешегі кеңес заманының соңғы жылдары әсіресе, ауылдық жерлерде аумағы атшаптырым кең үйлер салына бастады.

Асты тақтай, үсті тақтай, ортасы шылдырмақтай деп мақтайтын даңғарадай үйлердің жарым-жартысы қонақ күтуге арналған зал есебіндегі бөлме болатын, қалғаны жатынжай, балалар бөлмесі, ас үй.
Мұндай үйдің әдетте қыс бойы залы бос тұрар еді, әрі жылытылмайтын. Мұншама көлемді жылытатын отынды қайдан таппақсың. Қазір де еңселі, үлкен үйлер салынып жатыр. Бұрынғы үйлерге қарағанда хан сарайы іспетті. Екі немесе үш қабатты. Мұндай үйлерді тым үлкен, кең болғандықтан, жылыту да оңай шаруа емес. Оңай жолы бар. Ол қазір қолданысқа дендеп енген, жылытудың ең бір тамаша жолы – жылы еден салу.
Ең алдымен, үйдің едені мүмкіндігінше теп-тегіс етіліп бетонмен құйылады. Бетонның бетіне жылытқыш фольга немесе басқа да суық өткізбейтін, ыстықты жібермейтін материал төселеді. Төзімділік қабілетінің мықтылығы ең алдымен жылудың қара жерге қарай, төмен таралып кетпеуі үшін қажетті. Негізінде фольганы қалыңырақ, екі қабаттап төсесе де ешбір артықтығы жоқ. Мұнан соң жылу жүйесі жүретін тұрбаны дайындайсыз. Бұл арада ескерте кететін бір жай, кез-келген тұрбаның жарамайтындығы. Жылы еденнің өзінің арнайы пластмасса тұрбасы болады. Тұрбалар бөлменің үлкендігіне орай алдын ала кесіліп, да-
йындалады. Күні бұрын дайындаған бетон құйылған, фольга төселген еденнің үстіне енді тұрбаларды орналастырасыз. Оның да әртүрлі әдістері бар. Кейбіреулер еденге шеге қағып, астына тор тас-
тайды. Білетін мамандардың айтуы-
на қарағанда, темір тор төсеп, тұрбаны соған мықтап байлау керек. Бұл арада назар аудара кететін бір жай, төсейтін тұрбаңыздың бір ұшынан бастап еденге байлап, кесілген ұшы түгел біткенше жатқызасыз. Тұрба бітуге жақындағанда екінші ұшын басталған жеріне қайтадан бұрып әкелуге көңіл аударуыңыз керек. Алдын ала есептегенде дәл осылай жететін қылып кескеніңіз дұрыс. Тұрбаның кесілген бөлігін жатқызып болған соң келесі бөлігін теңестіріп жатқызасыз. Осындай әдіспен жалғасқан жұмыс үйдің еденін толық қамтығанша есептеліп жүргізіледі. Енді тұрбаның әр бөлігінің екі ұшы болашақ жылы еденге арналған ыстық су бөлетін коллекторға жалғанып отырады. Бір ұшы ыстық су жүретін түтікке жалғанса, екінші ұшы еденді аралап барып қайтатын жағына жалғанады.
Жалпы, жылу жүйесін орнатудан сәл-пәл хабары бар адамның барлығы да судың барып-қайту жолдарын жақсы біледі. Жинақтала келе коллектор барлық ұсақ тұрбаларды өзінің екі тұрбасына тұтастыра қосады. Қалғаны дәстүрлі жылу жүйесінің механизміне өте ұқсас. Коллектордан шыққан екі үлкен тұрба ыстық судың бару-қайту тұрбасы ретінде пешке жалғанады. Осылайша да-
йын болған жылы еденге сұйық бетон жағылады.
Егер газбен жанатын пешті таңдасаңыз, онда қуаты аумағы сіздің үйіңізден екі есе көлемді жылыта алатын пешті таңдағаныңыз жөн болады. Өйткені, жүйедегі судың көлемі көбейді ғой. Түсінікті болуы үшін санға жүгінейік. Айталық, сіз 100 шаршы метр жерге жылы еден орнататын болсаңыз, жылу қуаты 200 шаршы метрге қаптал жететін пеш алғаныңыз жөн. Ағашпен немесе көмірмен жағатын пештің де көлемі үлкен болғаны жөн. Әйтпесе, жылы еденді ыстық сумен жылыту ауырлай түседі.
Арқа қысы күшіне мінгенде пештің дұрысы, үйдің жылы жақсы. Табаныңыздан ызғар өтіп, тоңбайсыз. Жылы еденнің игілігін жетіге келгенше жерден таяқ жеп еңбектеп жүретін балаларыңыз бен немерелеріңіз де көреді. Ендеше, ел көрген игілікті біздің қазақ та көрсін.

Интернет материалдары бойынша дайындаған
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар