Ауыл қуанышы

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Астрахан ауданында өткен баспасөз саяхаты барысында республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында пайдалануға берілген үш бірдей нысанның ашылу салтанатының куәсі болды.

Жыл сайын Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында әлеуметтік-өндірістік нысандарды іске қосу дәстүрге айналған. Сол үрдіс биыл да жалғасын тауып отыр. Бұл жолы Астрахан ауданының Новочеркасское ауылында лимонад және минералды су шығаратын жаңа кешен пайдалануға берілді. Нысанның ашылуы осы ауылдың 10 адамын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Кешеннің ашылуы рәсіміне аудан әкімі Нұрлан Сейілов пен аудан тұрғындары қатысты.
–Еліміздің басты мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында Астрахан өңірінде қолға алынған игі істердің нәтижесін көріп отырмыз. Новочеркасское ауылында лимонад және минералды су шығаратын кәсіпорынның ашылуы ең алдымен жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Қазіргі заманға сай жабдықталған кәсіпорында осы ауылдың азаматтары еңбек етіп, нәпақасын табатын болады. Жұмыскерлердің алатын еңбекақысы орта есеппен алғанда 70 мың теңгенің көлемінде. Халықтың күнкөрісі жақсарса, ауылымыздың болашағы нығая түспек, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Жаңа кешеннің құрылысына «Тас Бұлақ» жеке кәсіпорны өз қалтасынан 50 миллион теңге қаржы салған. Кәсіпорын басшысы Ара Дарбиняның сөзінше, кешенде тәулігіне 3,5-4 мың литр минералды су мен лимонад өндіріледі. Дайын өнімді аудан, Астана және еліміздің өзге өңірлеріне сату жоспарланған.
Осы күні Жалтыр ауылында «ГРОСС НАН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің астық қабылдау пункті ашылды. Қазіргі заманға сай жабдықталған нысанда 25 мың тонна астық пен майлы дақылдарды қабылдап, сақтауға болады. Нысанның құрылысына 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Құрылыс жұмыстарын көкшетаулық мердігер «Эталон-Плюс» серіктестігі жүзеге асырған. Бұл нысанның ашылуы 18 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі заманғы озық қондырғылармен жабдықталған кешеннің жұмысы автоматтандырылған.
Серіктестік директоры Мағауия Қанапиннің айтуынша, кешенде
аудан орталығы мен жақын маңдағы елді мекендердегі шаруашылықтардан бидай мен майлы дақылдар қабылданатын болады. Қабылданған астықты кептіру, сақтау және жөнелту сияқты қызмет түрлері көрсетіледі.
–Аграрлы облыс үшін астық сақтау және қабылдау орындарының ашылуы ауыл шаруашылығы саласының дамуына септігін тигізетін болады, – деді Мағауия Қанапин.
Сонымен қатар, журналистер осыған дейін тіршілік нəріне зəру Каменка ауылы тұрғындары қуанышының да куәсі болды. Ауылға көптен күткен орталықтандырылған су құбыры тартылып, қолданысқа берілді.
Аудан орталығынан 51 шақырым қашықтықта орналасқан Каменка ауылының 500-ден астам тұрғыны бар. Ауыл тұрғындары кеңестік дəуірден бері тіршілік нəрін тасып ішіп келген екен. Соңғы жылдары ауыз су Родина ауылынан тасымалданды. Енді «Ақ бұлақ» бағдарламасының шапағатымен
ауылда ауыз су мəселесі оң шешіліп отыр. Бұл тіршілік нəріне зəру болған Каменка ауылы үшін үлкен қуаныш.
–Мен осы ауылдың байырғы тұрғындарының бірімін. Ауылымызда о бас-тан су болған жоқ. Тасымалдап ішіп келдік. Енді міне, мемлекеттік бағдарламаның шарапатымен үйімізге су тартылды. Бәріміз қуаныштымыз, – деді Леонид Вайцоховский.
Аудан әкімі Нұрлан Сейіловтың айтуынша, аталмыш ауылға су құбырын тарту мәселесі «Ақ бұлақ» бағдарламасы, кейін «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына енгізілген. Осының нəтижесінде ағымдағы жылы бюджеттен 400 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаржыға ауылдың әр көшесіне қазіргі заманғы технология бойынша автоматтандырылған су құбырлары тартылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың ішіне су кіргізілді. Əлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен əлеуметтік нысандардың ішіне су құбырын мердігерлер тегін тартып берді.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар