Үйіңізде лифті жұмыс істей ме?..

–Апа, ипотекаға пәтер алатын болдым. Немересі Ержан үйге сөйлей кірген.
–Ой, құлыным-ау, құтты болсын. Жаңа үй ме?
–Жоқ, апа. Жүр, көрсетейін. Ана тұрған тоғыз қабатты үй. Немересімен терезеге жақындай беріп, көкейіне келіп қалған тағы бір сауалын іркіп қала алмаған әжесі.
–Нешінші қабат?
–Жетінші, апа…
Осыны естіп, жаңа ғана қуанышқа толы көңілі су сепкендей басылсын кеп.
–Ойбай-ау, оған қалай мініп, түсіп жүресіңдер. Ондай биіктен алма, құлыным. Ертең не көтеріле алмай, не сата алмай, басымызға сор болады. Асықпаңдар, төменгі қабаттардан бір пәтер табылар.
–Апа-ау, лифті бар емес пе? Әп сәтте көтеріп, әп сәтте түсіреді. Қай қабатта тұратыныңызды да сезбейсіз онымен…
Әрине, осы қаланың тұрғыны болған соң Нағима апаға лифт дегенің көріп-білмеген жай емес. Қонаққа, анда-мында барғанда өзі де көппен бірге мініп, түсіп жатады. Сөйтсе де, жүріп-жүріп немересіне ыңғайы енді келген бір пәтердің жетінші қабаттан бұйырғанына көңілі осы жолы шынымен орталау еді. Осымен келіспегендей біразға дейін Ержанын, оның биікке барып тұрақтаған келіншегі мен екі кішкентайын ойлап, кәдімгідей уайым кешіп жүрді.
Қазір ғой, бәрі орнына келгені. Немересіне барған сайын тілеуіңді бергір лифт жетінші қабатқа дыз еткізе түсіріп, бір кездегі осыған қатысты күдігінің бәрін сейілткен. Сейілткені не, ұмыттырып жіберді десе дұрыс болады.
Нағима апамыздың осы әңгімесін ести отырып, бізге де бір ой келе қалғаны. Осы Ақмола облысында үш-төрт қала, сол үш-төрт қалада қаншама көп қабатты үйлер бар. Сол үйлерде лифт мәселесі қалай шешіліп жатыр екен? Тұрғындар үшін өмірлік маңызы зор нағыз бір күнделікті тіршілік қажеттілігі осы болса керек. Кешегі тоқсаныншы жылдардағы елдің есін алған қиын-қыстау заманның ұшқыны нені шарпымады? Лифт шаруашылығын да. Лифт істемейтініне әбден көндігіп, тоғызыншы-он екінші қабаттарға дейін екі аяғына ғана сенген қарттардың, бала-шағаның мүшкіл халі естеріңізде болар. Сол кезде жағдай түзелместей де көріп едік. Жоқ, ептеп түзелді.
Әуелі қирап қалған лифт шаруашы-
лығының тамырына 2011 жылғы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы қан жүгіртті.
–Ақмола облысының тұрғын үй қоры есебінде 342 лифт бар, – дейді бізге энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасында. – Модернизациялау бағдарламасы қолға алынғалы облыс орталығында 11, Степногорск қаласында 9, Щучинск қаласында 1, барлығы 21 лифт жөндеуден өткізілді.
Біздің де манадан бері айтып отырғанымыз осы үш қала. Жоғарыдағы қыруар лифтінің санымен алсақ, алты жылда арнайы бағдарлама шеңберінде қалпына келтірілгені аздау көрінеді. Бірақ, бұл арада өткен кезеңде осы лифтілердің бәрінің бірдей «саудасы бітпей», біразының белгілі бір деңгейде жұмыс істеп тұрғанын да ескермей болмайды.
Әрине, осы лифтілердің сонда да болса, баяу жөнделіп, баяу іске қосылуы кезінде үйреніскен талай жиынның басты тақырыбына да айналды. Әлі де солай болуы мүмкін. Өйткені, күні бүгінге дейін қолда бар лифтілердің бәрі қайта қалпына келтіріліп біткен жоқ. Сол көп нәрсенің қиюы кеткен ауыр күндерден қалған бір мұра осы қозғалмай, қаңтарылып қалған лифтілер мен пәтерлерді жайлап алған газ баллондары десек, шындықтың дәл үстінен түскеніміз. Енді экономикамыз өрледі, халықтың жағдайы жақсаруда дегеніміз рас болса, бұл мәселелерді түбегейлі шешуіміз керек.
Міне, біздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы мен пәтер иелері кооперативтері қызметкерлерінің білек сыбана одан әрі жалғастыратын бір жұмысы осы. Себебі, облыста әлі де жөндеуді және пайдалану мерзімі өтуіне байланысты ауыстыруды қажет ететін 31 лифт бар. Олардың басым дені, яғни, 21-і облыс орталығы Көкшетау қаласында. Сондай-ақ, Степногорск қаласының үлесіне 9, Щучинск қаласына 1 лифтіден келеді.
Жоғарыда 2011 жылдан бері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасының аясында облыс бойынша барлығы 21 лифт жөндеуден өткізілгенін айттық. Демек, әртүрлі себептерге байланысты қазір жұмыс істемей тұрған 31 лифтіні де жөндеп, іске қосу,
ауыстыру осындай біраз уақытты алатын түрі бар. Бұл енді осы мәселемен айналысатын тиісті қызметтерге сын деуімізге болады. Өйткені, қазіргідей техника заманында жұрттың көп қабатты үйлердің жоғары қабаттарына жаяу көтеріліп, түсіп жүруі көңілге қона қоймайтын іс. Мұны билік те түсінбейді емес, түсінеді. Сондықтан, 2014 жылдан бастап жоғарыда айтылған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасынан бөлек, «Ақмола облысында көп қабатты тұрғын үйлердің лифт қондырғыларын қайта қалпына келтіру» бағдарламасы жасалып, жүзеге асырыла бастаған болатын. Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын бұл бағдарлама 2019 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Әзірше бастапқы үш жылы нәтижесіз емес. Мәселен, бағдарлама нақты орындала бастаған 2015-2016 жылдары бюджеттен бөлінген 283,9 миллион теңге қаржыға барлығы 51 лифт жөнделіп, іске қосылған. Биыл бір жылға осы мақсатқа бұрынғыдан да көп, яғни, 230 миллион теңге қаржы бөлініп, оның 143,5 миллион теңгесіне 19 лифтіні қайта қалпына келтіруге келісім-шарт жасалған көрінеді. Бұл қаржының қазіргі уақытта 100 миллион теңгесі игерілген, ал, қалған 43,5 миллионы жыл аяғына дейін игерілуі тиіс. Демек, лифтілер әрі қарай да біртіндеп іске қосылып жатыр. Дегенмен, биылға бөлінген осы 230 миллион теңге қаржыдан бақандай 87,5 миллион теңгені игеру мүмкін болмай, бюджетке қайтадан қайтарылғалы отырғанын қалай түсінуге болады? Әлі де қаншама лифтіні жөндеу керек, ал, осыған көзделген қаржы толық игерілмеуде. Барып тұрған қарама-қайшылық.
Былайша айтқанда, бағдарлама да, қаржы да бар, тек істі өзіміз созбақтап отырған сияқтымыз. Мұны тиісті басшылар лифтілерді жөндеп, іске қосу оңай жұмыс еместігімен, әрі арнайы мамандар мен фирмалардың да жетіспеушілігімен түсіндіреді. Солай бола тұра, облыс орталығы мен өзге қалалардағы лифтілердің бәрі де таяу бірер жылда толық қалпына келтіріледі дейді басқармада. Соны айтады да, осы істегі Степногорск қаласының оң тәжірибесін ауызға алады. Бұл қалада лифтілер саны Көкшетау қаласынан да көп. Соған қарамастан, қолда бар 177 лифт түгелге жуық ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Рас, оның бір сыры лифт шаруашылығының кешегі алас-күлес заманда көп шығынға ұшырамай, негізінен аман сақталуы. Сонымен бірге, кейінгі кезде 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы мен 2020 жылға дейінгі аймақтарды дамыту бағдарламасы арқылы 34 лифтінің тездетіліп іске қосылуынан бүгінде жеті-ақ жарамсыз лифт қалып отыр. Үкімет салып, тұрғындар кейін біртіндеп өтейтін қайтарымды қаржының есебінен бұл лифтілер де енді көп ұзамай толық қалпына келтірілмекші. Степногорсктегі оң тәжірибе деп отырғанымыз міне, осы. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті басшы орындар тұрғындарды лифт шаруашылығын дұрыс жолға қоюға белсене жұмылдыра білген.
Осы арада айналып өтпеуге болмайтын бір мәселе, күнделікті тұрмыс-тіршілігімізде көмегі көп лифті де бір қарағанда, мінсіз көрінгенімен, қауіп-қатерсіз емес. Лифтінің тұрып қалуы, төменге құлдилап түсіп кетуінен әр жерде болып жатқан жайсыз оқиғалар да осыны аңғартады. Демек, бұдан аулақ болу үшін лифт шаруашылығына бас-көз болатын ұйымдар өз істеріне, міндеттеріне мығым болулары керек. Мұндай фирмалар кейінгі жылдары Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриалдық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінде аттестаттаудан өтіп жүр. Соның да бір көмегі шығар, әзірге облыста лифтілердің ақауы мен пайдалану ережелерінің бұзылуынан орын алып жататын оқыс оқиғалар байқала қойған жоқ. Байқалмасын да деңіз. Дегенмен, шешімін тілейтін проблемалар баршылық. Әзірге көп қабатты тұрғын үйлерде осы заманғы шапшаң да сенімді, тыныш та жайлы жаңа лифтілер туралы тек армандауға тура келеді. Облыста қалалардағы лифт шаруашылығын бір орталықтан басқарып, бақылайтын бірыңғай операторлар да жоқ. Лифт мәселелерімен пәтер иелерінің кооперативтері де айналыспайды. Бұл енді шынында, түсініксіз. Тұрғындар КСК-аға жарна төлейді, ал, лифтілер болса, пәтерге ақы төленетін сол үйдің құрамдас бір бөлшегі. Табиғи монополиялар комитеті тарапынан да лифтілерді пайдалану тарифі реттеліп отырмайды, сөйтіп, оны ұстау, ақысын жинау мен жұмысын қамтамасыз ету, бәрі де тұрғындардың өз иығына түседі. Бірақ, лифт халыққа бәрібір керек. Әр сағат, әр күн, әр тәулікте. Сондықтан да, басшылардың құлағына алтын сырға, лифтілері бар үйлердің әрбіреуінде оның құр текке қаңтарылмай, халыққа қалыпты қызмет көрсетуіне қол жеткізілуі керек.
Кеше немересіне «жетінші қабаттан пәтер алма» деген Нағима апамды тағы бір көріп қалып, ана жолғы сөзінен кейін лифт туралы кішігірім мақала жазғанымды айттым. Сол лифтіге енді риза-ау деймін, мен күтпеген әңгіменің шетін шығарып, «қартайдық, жүріп-тұру қиындады, біздің үйде де соның біреуі болар ма еді» деп қояды. Бұған не дейін?! Біздің Көкшетауда ол кісілер тұратын алты қабатты үйлерде лифт болғанын әлі көзім көре қоймапты.

Қайырбай Төреғожа.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар