Бағасы аса қымбат емес…

Өткен сенбі күні облыс орталығының «Алтын ғасыр» сауда үйінің алдында Зеренді, Сандықтау, Еңбекшілдер, Шортанды аудандары мен Көкшетау қаласының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің жәрмеңкесі болып өтті. Қала әкімі Ермек Маржықпаев жәрмеңкенің жай-күйімен танысып, сөрелерге қойылған тауарлардың бағасына көңіл бөлді.

Бұл күні жер бетін қар жауып үлгермесе де, қыс өзінің ызғарын көрсетіп-ақ тұрды. Ауа райының суықтығына қарамастан, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің жәрмеңкесіне жиналған халықтың қарасы қалың еді. Солтүстік өңірде тұрғандығымыздан болар, біздің тұрғындар азық-түліктің ішінде ең алдымен қызыл етке қарай бет бұрып жатты. Мұнда аудандардан ұсынылған еттің бағасы да аса қымбат емес. Мәселен, қой еті 1200, сиыр еті 1250-1300, жылқы еті 1400-ден 1600 теңгенің айналасында сатылды. Сонымен бірге, сөрелерге қойылған үйрек пен қаз етінің бір келісі 800-1200 теңгеден болды. Еңбекшілдер ауданының «Қазгер» құс фабрикасынан әкелінген жұмыртқадан алып қалуға кезекке тұрған тұтынушылардың соңын табудың өзі қиын. Бір данасы 22 теңгеден сатылғаннан кезек саны осындай ұзын шығар деп едік, тұтынушылар оның сапасының жоғарылығы мен көлемінің де үлкендігіне мән беретіндіктерін алға тартты. Бұл күні жәрмеңке аясында ұсынылған картоптың бағасы 80-85 теңгеден сатылды.
– Дастарханымызда ет болмаса көңіл-күйіміз жараспайтын халықпыз ғой. Оның үстіне келім-кетім қонағымыз бар. Сондықтан, жылқы етін көбірек алдым. Бағасы аса қымбат емес. Осындайда арзандау бағаға азық-түлігімізді алып, бір жасап қалатынымыз бар. Қазіргі баға шарықтаған күнде осындай жәрмеңкелердің жиі ұйымдастырылып тұрғаны тұтынушыларға ғана емес, оны өндірушілерге де пайдалы деп ойлаймын, –деген ойымен бөлісті қала тұрғыны Жарқынай Төлеханқызы.
Қала басшысы Ермек Маржықпаев бір топ азаматтармен аудандардың және Көкшетау қаласының тауар өндірушілерінің сөрелеріне жекелей барып, сатушылармен және тұтынушылармен сөйлесіп, олардың ой-пікірлерін сұрап білді. Жәрмеңкені толықтай аралап шыққан қала әкімі бағалардың қолжетімділігі мен ұзын-сонар кезек күткен халықтың көптігіне, олардың көңіл-күйінің көтеріңкі екендігіне тоқталып, ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, сәттілік тіледі.
«Арқа ажарының»
өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар