САҒЫНЫШ МҰНАРЫНА АЙНАЛҒАН ДАРЫН

 

немесе сазгер Жақсылық МҰҚАНОВ жайлы сыр-толғам

 

Кім екені белгісіз, тіпті ол соншалықты маңызды да емес шығар, бірде үлкен бір концертте екі жап-жас жігіт кезектесе бірінен соң бірі қағып алып күй жарыс орындағаны бар. Сонда күйлердің орындалысын бар ынта-шынтасымен құлай беріле тыңдап  отырған жасамыстау адамның: «Паһ, шіркін, тартыстарыңа болайын! Қазақты бесігінде күй тербетіп, ән әлдилеген деген осындай-ақ болар!» – деп тебіренген үнін құлағым шалып қалған-ды. Соның әсері ме, осыдан көп жылдар бұрын, ертеректе жазған өзімнің «Домбыра» деген әнге арналған өлеңімнің:
Он сегіз мың ғаламның,
Тілін білген домбыра.
Атам менен бабамның,
Сырын білген домбыра, –
деген қайырмасы тіл ұшыма келіп, соны іштей қайталаумен болдым.
Шынында да  сәби кезден құлаққа сіңісті домбыраның қоңыр үніне құлақ түрмейтін, орындалысына селт етпейтін, жүрек қылы шертіліп тебіренбейтін, жан-дүниесін күй әуені әлдилемейтін адам сірә жоқ шығар. Өйткені, осыдан жарты ғасырдан астам бұрын алдымен көзтаныс, кейіннен қатарлас замандас, артынан іргең бөлінбес тетелес аға-інідей болып кеткен Жақсылық Мұқановтың домбыра тартысына құлағым қанығып өстім десем, тым әсірелеп айтқандығым емес. Тіпті, алпысыншы жылдардың алғашқы жартысында әне-міне мектеп бітіргелі отырған, домбыраға икемі бар-ау дейтін бір топ қыз-жігіттерді кешкі сабақтан соң босаған бір сыныпқа жинастырып алып, күй үйрететін. Бастапқыда Құрманғазының іліп қағатын «Қайран шешеміне», тартысы жеңілдеу деп «Кеңес» күйіне, кейіннен «Балбырауын» мен «Би» күйлеріне біртіндеп жаттықтыра берді. Мен де әжептәуір төселіп қалғандай едім. Қолымның буынының икемі де, саусақтарымның пернелерді тап басуы да, оң қолымның қағысы да өзіме тәуірлеу сияқты. Оны Жақсылық та аңғарады. Бірақ, жекелетіп домбыраны тартқызғанда үйреткенінің бәрі көңілден  қашып, санадан өшіп кетеді. Сонда ол: «Әй, сенен нан соғар шықпаса, домбырашы шықпайды», – дейтін әзілі болса да ақжарқын қалпынан айнымай. Айтқаны келді. Домбыра, шіркін, төрімде әлі де ілулі тұрғанымен, қолыма қанша алсам да, соны бір шертерінен әріге жарамай-ақ қойдым.
Иә, көптің аузы дуалы. Олар «әу» дегеннің бәрі әнші емес, домбыраны қаға білгеннің бәрі күйші емес» дейді. Демек, өнер де бойында туабітті қабілеті, соған бейімі мен икемі бар адамына таңдап қонады дегендік бұл. Себебі, домбыра халқымыздың ғасырлар қойнауының тереңінен тамыр тартып, өткені мен кеткенінен сыр шертетін шежірелі тарихы, мәдениеті мен өнерінің, салты мен ғұрпының небір асылдан да асыл мұрасы.Тіпті, әрісін айтпағанның өзінде, 18-19 ғасырларда өмір сүрген Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Сейтек, Тәттімбет, Қазанғап, Сүгір, Дайрабай, Сайдалы Сары Тоқа, солардың ізін жалғастырған Дина Нүрпейісова, Хабиболла Тастанов, Құбыш Мұхитов, Әзидолла Есқалиев, Бақыт Қарабалина, Қаршыға Ахмедияров, Жұмағали Қыздарбеков, Сайлау Боранбаев сынды домбыраның шанағынан күй төгілткен, осы өнеріміздің өрісін кеңейткен небір тума дарындардың жадымыздан өшпей келе жатқаны содан. Күй естісек құлағымыздың құрышы қанып, бүкіл қантамырымызға нұр жүгіретіні содан. Жақсылықтың күй тартысын тыңдағанда өзгелер сынды өзім де сезімнің тұңғиығына шым батып кететінмін. Содан да өзімнен бір-екі жыл шамасында ғана жас айырмашылығы бар Жақанды (Жақсылықты бала кезінен солай атап кеткенбіз – автор) бүгінде осылардың санатына қосып қойғаныма да оншақты жылдан да әрі ауып барады. Бірақ, көзден кетсе де, көңілдің айнасынан дидары өшпейтін асыл азамат жайлы тебірене қалам тербейтін сәт те туып қалғандай. Жарқылдап, жайраңдап, алдына үкілеген қоңыр домбырасын өңгеріп ортамызда әлі де жүре тұрғанында алдағы наурыз айы туғанда елдің бәрі атап өтіп жататынындай 70 жастық мерейтойында көпшіліктің алдындағы төрден күй төгілткен сәтінің де куәсі болар ма едік, кім білсін?! Бәлкім, бұл енді сағыныштың мұнарына айналып бара жатқан сазгер досым Жақсылықты менің көңілімнің көзінен өшіре алмай жүрген қатты аңсағандағы толқынысым болар.
…Ерейментаудың қай түкпіріне аяқ бассаңыз да, алдыңыздан табиғаттың небір қайталанбас сұлулығына тап боласыз. Тап осындай маңайы толған шоқ-шоқ тоғай, сылдырап аққан мөлдір бұлағы жаныңды тербейтін, жатаған дөңестеу келген қырқалары биік таудай көрінетін Алғабас ауылын қазір қиял көзіммен шолып отырмын. Жеркепеге ұқсаған тоқал тамдар елесі алдымнан көлбеңдейді. Кезінде бүкіл осы өңірді домбырашылық өнерімен тәнті еткен Әйтемір әкеміздің алдында өзіне шақталған желбегей желеңі бар шынашақтай бала қолдан жасалған кіп-кішкентай домбыраны қағып-қағып қояды. Әке бағыланының саусағының икемділігіне, тартысының қағысына мәз. Енді бірде заманында Ақмоланың атырабына ғана емес, үш жүзге аты мәшһүр болған атақты Ғазез, Сәтмағамбеттердің қасына еріп ән салған Түбек әншінің қызы Гүлжәмила шешемізді көремін. Ауыл іргесіндегі қырға қарай қолынан шағын домбырасын тастамайтын кішкентай баласын жетектеп бара жатады. Мұның бәрі – әке мен шешенің ұлдары Жақанға деген ерекше ықыласы, мейірім шапағаттарының ойыма біртіндеп сіңіп жатқан елесі еді.
Тағдыр да кейде қаталдық танытады. Маңдайдан сипайтын, еркелегенін қызықтайтын әке өмірден ерте озды. Гүлжәмила шешесі басына түскен ауыр қайғысын арқалап, кішкентай Жақсылығын жетелеп өз жұрты Ақмолаға қоныс жаңартты. Осында 1953 жылы оны қолынан ұстап №28 мектептің бірінші сыныбының табалдырығынан аттатты. Бірақ, жарым көңілге де жұбаныш, жетіліп келе жатқан ұлына қамқор болсын деп көптің ұйғаруымен Қасым деген азаматпен бас құрады. Ол кісі керемет зергер, дәулескер күйшілігі екінің бірінен асып түспесе, кем түспейтін, бір бойына ерге тән сегіз өнердің бәрін дерлік сіңірген, жүрегі жылы, мейірім-шапағаты мол жан болып шықты. Бірінші сыныпты бітірген Жақсылық пен Гүлжәмиланы ертіп Ерейментауға қайта көшіріп әкелді. Сол бала жұрт көзіне де көп түсе бермей үйінің кіреберіс аузында домбыра шертеді де отырады. Көздері дөп-дөңгелек, кәдімгі жапалақтың көзі. Сондықтан да, сыныптастары оны ойын-шынды «Жапалақ» дейтін. Бұған өзі де намыстанбай жайдарлана күлетін де тұратын.
 Ұмытпасам, 1959 жылдың жазында оқу аяқталды. Күз жетті. Тағы да мектепке бару басталды. Бірақ, бұл мен үшін ең бір сүреңсіз, қызықсыз күз болды. Әрдайым үйіне барып домбыра тартысын қызықтап жүретін Жақсылық жоқ. Ол сол жылы Ақмоладағы Ә.Майкотов атындағы педагогикалық училищесіне 7-сыныпты бітірісімен оқуға түскен. Онымен тек араға төрт жыл салып 1964 жылы Ерейментаудағы №121 қазақ орта мектебінде қайта қауыштық. Келер жылы біз де қолдарымызға көлемі бір парақ қағаздай аттестат алып шыққалы отырмыз. Ал, Жақсылығымыз баяғы әзілдесіп, сөз қағысып жүретін Жақсылыққа мүлде ұқсамайды. Оның дардай МҰҒАЛІМ деген атағы бар, ал біздер – оқушылармыз. Міне, ұстаздықтың, жастың айырмашылығы деген сол кезде осындай болатын. Күндіз ән-күй сабағынан, кешке домбырашылар ансамблінен қолы бір босамайды. Аудан орталығындағы музыка мектебінде өнер үйренсем деген шәкірттерге домбырадан дәріс беріп, білгенін үйретіп жатады. Әйтеуір, жігіт болып қыдыратын бос селтеңге қолы бір тимей, мұрнынан шаншылып жүретін.
Білмейтін, тартпайтын күйі жоқ. Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтектердің төкпе күйлерін кемеліне келтіре орындайтын ол, Арқаның Қазанғап, Тәттімбет, Сайдалы Сары Тоқа, Алшағыр сынды күйшілерінің шығармаларын домбыра шанағынан күмбірлеткенде аузын ашып, таңдайын қақпайтын тындарман болмайтын. Өнердің нағыз табиғат тұтасымен бере салған құйма алтыны еді. Оның осы ерекше қабілетін бағалаған музыка мамандары Жақсылыққа Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға оқуға түсуіне ұйғарым жасады. Алайда, жоқшылық пен таршылық сонау Алматыға барып консерваторияның табалдырығынан аттауына мүмкіндік бермеді. Оның үстіне екінші әкесі де қайтпастың сапарына кеткен, өзіне қарап отырған шешесі мен жалғыз қарындасы Сәулені тастап кете алмаған Жақсылық Әйтемірұлы 1966 жылы Целиноградтағы (қазіргі Астанадағы) өнердің бірден-бір ошағы саналатын С.Сейфуллин атындағы педагогикалық институттың сол жылы ғана құрылған ән-күй факультетіне құжаттарын тапсырып, соның алғашқы түлектерінің бірі болды. Осында оқыған төрт жылда ұстазы Сайлау Боранбаевтың тәлімі арқасында домбырашылық шеберлігі шыңдалып, табиғи дарыны бұрынғыдан да жетіле түсті. Қалалық, облыстық, республикалық байқауларда лауреат атанып, көптеген мерекелік концерттерде өнерін көрсетті. Нақтылап айтқанда, 1974 жылы Тың игерушілер сарайының (қазіргі Конгресс-холл) «Целинник» халықтың ән-би ансамблінің құрамында Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде өткен Көркемөнерпаздардың Бүкілодақтық байқауында лауреат атанды, ал, 1975 жылы аталған ансамбльмен бірге Германияға өнер сапарына барып, қазақтың тамаша, жүрек қылын шертер күйлерін неміс жұртшылығына таныстырып қана қоймай, Моцарттың «Түрік маршын», Брамстың «Венгер биін», Огинскийдің «Полонезін» домбырада нақышына келтіре орындап, өнерге талғампаз шет жұрттың таңдайын қақтырып таң-тамаша қалдырды.
Ерейменде музыка мектебінде ұлтымыздың қасиетті домбырасын жастардың жүрегіне қондыруға барын салған Жақсылық Мұқанов, пединститтуты бітірген соң ұзақ жылдар өзі тәлім алған Ә.Майкотов атындағы педагогикалық училищеде (қазір Гуманитарлық колледж) музыка мектебінің музыка бөлімінде шәкірттер тәрбиеледі. Өмірінің соңында Астанадағы №4 музыка мектебінде домбыра класын жүргізді. Алдынан жүздеген өнерге бейім талапкерлер қанаттанып шықты. Бүгінде оның алдын көрген Бибігүл Сәлімова №4, Роза Темірбекова №3 балалар музыка мектептерінде, Баданбай Шағыров Жамбыл атындағы №4 мектеп-гимназияда, Берік Көзкин эстрада саласында еңбек етуде. Сол сияқты Жақсылықтың домбырашылық мектебінен өткен, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің музыкалық педагогика факультетінің түлегі Әдемі Сыздықбаева Астана мемлекеттік филармониясының «Ақорда» ұлттық ансамблінде домбырашы-әнші, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның түлектері – Айсұлу Бекмағамбетова Қазақ Ұлттық музыка академиясында домбырадан дәріс берсе, Айгүл Сағатова Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің аға оқытушысы, Құрманғазы атындағы республикалық домбырашылар конкурсының және Шамғон Қажығалиев атындағы республикалық дирижерлер конкурсының дипломанты Жақсылықтың алдынан өрген өнерлі көптеген жастардың қол жеткізген жетістіктерінің бір парасы осындай.
Өнер адамға бір-бірлеп те, кейде үйіліп-төгіліп те қона береді. Жақанға қатысты да осыны айтуға болады. Ұзақ жылғы ұстаздық жолында өзінің жеке шығармашылығымен де беріле айналысты. Оның алғашқы ән-күйлері 1967 жылы «Дала әні» атты жинақта жарық көрді. Оған Жақсылықтың «Анама», «Ереймен», «Тыңгерлер маршы», «Жастар маршы» күйлері енгізілді. 1985 жылы Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан жеке күйтабағын шығарып, өнер сүйер қауымның игілігіне айналды. Онда Жақсылықтың өзінің орындауындағы бес күй, оның ішінде «Сағыныш» атты күйі де бар. Бұдан өзге ақындығымен қоса, артында жиырма шақты әні мен басқа да күйлері қалды. Бүгінде Жақанның «Көңіл толқыны», «Сағыныш» атты күйлері Астана филармониясының ұлт аспаптар ансамблінің репертуарынан тұрақты орын алған. Мұның сыртында ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміз, домбырашылық, күйшілік дәстүріміздің қыры мен сырын ашатын танымдық мақалаларының көбі «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», Ақмола облыстық «Арқа ажары», астаналық «Астана ақшамы» газеттерінде жарияланып, оқырмандар тарапынан өз қостаушыларын тапқандығының өзі бір төбе. Оны аз десеңіздер өмірінің соңғы жылдарында ол «Қазақ күйшілері» энциклопедиясының төрт томдығының да басын құрастырып қойған еді. Алайда, нарық заманындағы қолдың қысқалығынан баспа жүзінен жарық көре алмай, жары, танымал телережиссер Қарлығаш Дайырқызының қолында сақтаулы. Ел болып, жұрт болып қолдау көрсетсе, Ерейменнің төл перзенті, туабітті дарынды домбырашысы, сазгер-күйші Жақсылық Әйтемірұлы Мұқановтың осы бір аманаттай мұрасы көпшілік өнер  майталмандары қолдарынан түсірмес құнды дүниеге, осы жолды таңдаған көптеген шәкірттерге баға жетпес қазынаға айналар еді.
Әдетте өзіміз «Ғалымның – хаты, жақсының аты өшпейді» деп жатамыз. Еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығы аталып өтілер тұста Ерейментау ауданының әкімдігі, мәслихаты, білім басқармасы, музыка мектебінің басшылығы қолдауымен 58 жастан енді ғана асқан шағында өмірден озған осы елдің төл перзенті, дәулескер күйші, сазгер, көкірегі жыр-қазына Жақсылық Мұқановқа Ерейментау музыка мектебінен шағын ғана мұражай бұрышы ашылған болатын. Осыған себепшілік жасағандар санатында соның алдында Халық Қаһарманы, КСРО Халық әртісі, Ә.Мәмбетов, «Жаңа Сарыарқа» журналының бас редакторы, танымал ақын Н.Оразов, ҚР өнер қайраткері Б.Байсағатов және көптеген басқа да елімізге танымал өнер майталмандары болғанын да сөз ретінде айта кетсек артық бола қоймас.
Дегенмен де, жақын досы, замандасы ретінде маған әлі де болса осы шараның бір кемшін тұсы бар сияқты көрінеді де тұрады. «Әкемнің аты – көшеге, атамның аты – мешітке» дегенді де кезінде көрмедік емес, көрдік. Оны қызғанып, ішімнен тарылып отырғаным да жоқ. Кім болса да өзінің шыққан тегінің абыройын асқақтатқысы келетіні анық. Ал, өнерімен халқына, қалың жұртына өшпес мұра қалдырғандарға музыка мектебінен шағын ғана бір мүйісті ашып қою аздық етеді. Сондықтан, әлі де болса ауданның басшылығы, оның көзін көріп, өнеріне тәнті болған көпшілік қауым өкілдері ақылдаса отырып, сол Ерейментау қаласының орталығындағы музыка мектебіне осы елдің тума дарыны Жақсылық Мұқановтың есімін беруге күш салып, қолдау білдірсе, жартылай орындалған бір шаруа толығымен жүзеге асқандай болар еді. Тауларды биіктетіп, даланы асқақтатқаннан ұтылмасымыз белгілі. Сонда ғана туған жердің жезкиігіндей өнерде өз биігіне қарай құлдырай шапқан Жақсылық Әйтемірұлына деген бір кемі бар дүниенің орны толар еді. Осы бір игілікті іс жүйесін тапса екен дейікші, ағайын! Өйткені, алдағы наурыз айы туғанда Жақсылықтың да мерейтойлы 70 жасы келіп жетпек. Осы игілікті іс осы қарсаңда жүзеге аса қалса, нұр үстіне нұр болып қана қоймай, жыл сайын музыка мектебінде Жақсылық Мұқанов атындағы домбырашылар сайысын өткізіп тұруға, талай дарындардың бағын ашар оң шараға ұласар еді деп білген абзал.

Аманкелді ЖҰМАБЕК,
ардагер журналист, ақын.
Астана қаласы.

Суретте: сазгер-күйші Жақсылық МҰҚАНОВ.     

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар