Отты күндер шерлі әнге айналып…

«Достар» мәдениет сарайында Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 26 жыл толуына орай, интернационалист-жауынгерлерден құрылған «Ардагер» тобының концерті болып өтті. Концерттік бағдарламаның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов  «Ардагер» тобының мүшелеріне облыс әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтарды табыс етті. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиа-лы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов өз кезегінде биыл «Партияның 50 тұлғасы» әлеуметтік жобасы шеңберінде «Жұлдызды кездесулер» акциясы бастау алып, облыстық ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесінің келісімімен интернационалист-жауынгерлер арасынан номинанттар анықталғанын атап өтті.
Осы кеңес төрағасы Дуанбай Ыбырай, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагері, отставкадағы подполковник Юрий Гомазов және ауған соғысында от пен оқтың ортасында жүріп, Кандагар госпиталінде медбике болып қызмет істеген Гүлнәр Мақышева номинант атанып, оларға естелікке арнайы кәдесыйлар тапсырылды. Одан әрі көпшілікке «Ардагер» тобының концерттік бағдарламасы ұсынылды.  
Патриоттық әндерді орындайтын «Ардагер» тобының негізі 2008 жылы Көкшетау қаласындағы «Истоки» мәдениет үйінде қаланыпты. Топқа Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Андрей Баженов жетекшілік етеді.  Топ мүшелері ауған соғысында ерліктерімен көзге түскен Қайрат Елубаев пен Қайрат Какенов. Аталмыш топ 2009 жылы Алматы қаласында кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған республикалық концертте зор ықыласқа бөленген көрінеді. Сондай-ақ, сол жылы аталмыш мерекеге арналған автошеруге қатысып, 26 күн бойы Қазақстанның біраз қалаларын аралапты. 2012 жылы топ мүшелері «Vivat, Қазақстан!» патриоттық әндер фестивалінде облыс намысын қорғаған.
Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған бұл кеште көптеген патриоттық әндер шырқалып, тыңдарман қауымды ерекше сезімге бөледі.

Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар