Ата жұртта жүргенің бақыт екен!..

Қазақ елі тәуелсіздік тәжін кигелі бір кезде төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымыз ата-бабасының кіндік қаны тамған қасиетті топыраққа көш басын бұрды. Тәуелсіздік жылдары алыс-жақын шетелдерден елімізге бір миллионнан астам қандастарымыз оралған екен. Соның ішінде біздің облысқа 1991 жылдан бастап 8 471 отбасы көшіп келген. Бұл дегеніңіз 39123 адам. Көшкен елдің қалың сорабы Моңғолиядан оралған. Ол елден Көкшетау мен Қараөткелдің сайын даласына ат басын тіреп, көш жүгін түсіріп қоныс қылған 4100 отбасы бар. Екінші орынды Өзбекстаннан оралған 2525 отбасы иеленіп отыр. Адам басына шақсақ, 11525 жан. Сондай-ақ, Қытайдан көшкендер де аз емес. 930 отбасы немесе 2924 кісі.

Биыл Ауғанстаннан он отбасы көшіп келген. Көштің сорабы жоғарыда аталған үш мемлекеттен ғана емес, сонымен бірге Қырғызстан, Ресей, Түркіменстан, Тәжікстан, Грузия және Украина тәрізді өзге де мемлекеттерден сабақталған.
Әп еткен бетте, тәуелсіз елге бет түзеген, ата жұртын аңсаған ұлы көштің екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстаған азаматтардың қатарында шет жайлап, шалғайда күнелткен қазақтың тәп-тәуір білім алған, көзі ашық, көкірегі ояу жастары мен интеллегенция өкілдері көп болды десек, қателеспейміз. Қатарында ғана емес, алдыңғы легінде. Атамекені азат бостан атанып, тәуелсіздікке қол жеткізген, қуанышын естіген көптің алабұртқан көңіл ауанын аңғарып, қайткен күнде де туған жердің топырағына табан іліктіруге тырысқан жұртты бастаған да солар. Шын мәнінде олардың көпшілігі сол өскен жерлерінде тәп-тәуір қызмет атқарып жүрген азаматтар еді. Ел қатарлы жайлы да жақсы тіршіліктері болатын. Бірақ, арыдағы атадан естіген, берідегі әкеден тәлім алған ұлт туралы ұлағат көкіректерін қоламтаның шоғындай қыздырып жүретұғын.
–Университетті бітіргеннен кейін Байөлке аймағындағы атқару комитетінде қызмет істеп жүр едім,–дейді Көкшетау қаласындағы «Каспий банк» бөлімшесінің басшысы Дәулетхан Хазез,–Қазақстанның егемендік алған сәті арыда қанша жыл өтсе де күні кешегідей көз алдымда. Көңіл толқытқан қуанышты хабарды көпшілік ең алдымен радиодан естіген. Қуаныштың да естен тандырарлық қуаты болады екен, алғашқы сәтте есеңгіреп қалғанымыз да рас. Талай жыл туған топырағын аңсап жүрген қазақ атаулы көздеріне жас алып, әсіресе, аға буынның буын-буыны босап кетті, жанарларға жәудіреп жас келді. Бұл қуаныштың көз жасы еді. Бір-бірінен сүйінші сұрасқан, бірін-бірі құттықтаған адамдардың жан жүрегінен шыққан леп жалыннан да ыстық болатын. Өткен күнді есіме алсам, сағыныштың да болатыны рас. Моңғол халқына өкпе жоқ, өздері біздің қазақ тәрізді көшпенді дәстүрді ұстанған жұрт қой, мінезі жайсаң, кең қолтық, қонақжай. Қанша жыл қатар өрбігенде ұлттың басқа деп кеміткен жерін естіген емеспін. Солай бола тұра, ел деп елеңдегеніміз, еміренгеніміз рас. Біз ол жерде ұлттық дәстүрімізден ажырап қалған жоқпыз. Қазақ тілінде білім алдық, ауыл кітапханасындағы қазақ тілінде жазылған бар кітапты, көркем әдебиетті оқып тауыстық. Бұқаралық ақпарат құралдары да үзбей келіп тұратын. Елдің жаңалығын білгіміз келіп, газеттерді құмарта оқитынбыз. «Жалын» мен «Жұлдызды» ересектер киіз үйдің сөресіне қаттап жинап қоятын. Ал, «Балдырған» журналы балалардың жан серігі. Мен өзім жоғары оқу орнында оқыған кезімде топта 28 студент болдық. Қазақтан жалғыз өзім едім. Бірақ, теңдес құрбы, замандас жастардың біреуі де ойнап болса да ұлтымның басқа екенін ойыма салған жоқ. Көштің басталғаны да көркем суретті кино тәрізді көз алдымда тұр. Әуелі Улан-Баторға Алматыдан Жібек Әмірханова апайымыз бастаған топ келген. Алғашқы көш басы ұшақпен ұшты ғой. Кейін Қазақстаннан «КамАЗ» автокөліктері келді. Осы күні өзімнің алғашқы көш көлігін қамдап, ұйытқы болғанымды мақтаныш сезіммен еске аламын.
–Қанша жыл бауыр басқан жерінен үдере көшу де оңай емес шығар. Көшке ілескен ағайынның көкірегінде қандай сезімдер болды, алға қойған мақсат-мұрат не еді?–деп сұрадық біз.
–Ең алдымен, ата-бабаның қаны тамған қасиетті топыраққа табан іліктіру. Бұл шет жайлап шалғайда күн кешкен бар қазақтың бойындағы асыл арманның өзегі. Екіншіден, ұрпақ қамы. Осы арада сәл таратып айтатұғын болсам, қай ата-ана болсын ең алдымен ұрпағының қамын ойлайды емес пе? Біз де солай ойладық. Ұл-қызымызды Отанына жеткізейік, тамырынан ажыратпайық деп алдымызға мақсат қойдық. Ондағы елдің іргесі сөгіліп, біразы беріге беттегенде әртүрлі себептермен қалып қойғандар да аз емес. Рас, алғашқы бетте үйреніп кету де оңай болған жоқ. Оның үстіне тәуелсіздікті жаңа ғана алған жылдары еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да қиын еді. Мысалы, менің анам 37 жыл бойы білім саласында еңбек еткен зейнеткер. Моңғолияда ол 800 мың тугрик зейнетақы алатын. Біздің теңгеге көшіргенде 100 мыңның шамасында. Ал, Қазақстанда мұндай зейнетақы аз ғой. Жұмысқа орналасу да оңай болған жоқ. Құжат толтыруда да кедергілер көп болды. Мойыған жоқпыз.
– Сол қиындықтарды бастан кеше жүріп, ата жұртқа келгеніңізге өкінген уақытыңыз болды ма?
– Неге өкінейік, өзіміз тарихи Отанымызға ораламыз деп бел буып келдік емес пе, оның үстіне біз Қазақстаннан аламыз деп емес, жаңа ғана тәуелсіздік алып жатқан елімізге бойымыздағы біліміміз бен білігімізді, қажырымымыз бен қайратымызды береміз деп келдік. Сондықтан, адам барлығына дайын болу керек. Мен әне бір қиын кезеңде жұмыс таба алмай көше сыпырушы болып та жұмыс істедім. Оған намыстанатын не бар. Кейін облыс орталығындағы жоғары оқу орындарында сабақ бердім. Бәріне төздік, шыдадық. Өйткені, өз еліміз, өз Отанымыз.
Тәуелсіздіктің арқасында ата-бабасының кіндік қаны тамған топырақты басқан азаматтың бірі Сейітқали Көшербай. Ол Қытайдың Шыңжаң автономиялық облысына қарасты Құттыби ауылының тумасы.
–Мен атам мен әжемнің бауырында өстім. Егер бойымда қазақы тәрбиенің ұшқыны болатын болса, ең алдымен сол кісілерге қарыздармын. Атам мен әжем қияндағы Қазақстан, қазақ елі, ата жұрт туралы, халқымыздың ғажайып салт-дәстүрі жөнінде ес біліп етек жапқалы құлағыма құйып келген болатын. Тәуелсіздік жарияланғанда біз бала едік, бірақ, бәрі айқын, анық есімде. Ол кезде әрбір үйде «Романтик» деп аталатын қолбасындай кішкентай радио болатын. Үйдегі үлкендер сол радиодан берілетін ел жаңалықтарын үзбей тыңдайтын. Бір күні әлгі радиодан қазақ елі тәуелсіздік алды деген сүйінішті хабар естілді. Сол кездегі халықтың қалай қуанғанын сөзбен айтып жеткізу тіпті де мүмкін емес. Үлкендер бірінен-бірі сүйінші сұрасып, ақ түйенің қарны жарылды деп ағыл-тегіл жылап жүр. Бәлкім ұзақ жыл аңсаған соң осындай күй кешкен шығар. Мен сол кезден бастап елге қайтқым келді. Балаларымды өз ана тілдерінде оқытып, тәрбиелесем деп армандадым. Рас, Қытайдан қорлық көрмедік, бірақ, сол кезде қазақ мектептері аз болғандықтан, балалар қытай тілінде оқи бастады. Өзім саудамен айналыстым, тұрмысым дұрыс болды. Алдымен 2002 жылы Алматы қаласына келдік. Оң-солымызды бажайлап қарап, бауыр баса алмайтын сияқты болып көріндік. Нағашы ағам Азатбекке ілесіп Астанаға жол тарттық. Көз байланып қалған уақыт еді. Астананың жарығы самаладай жайнап тұр. Келе жатқанда көзіме жас құйылып кетті. Тіпті, көз жасымды тия алмадым. Айхай дүние, мынау менің астанам ғой, төбесі көк тіреген зәулім үйлер, архитектуралық сымбаты үйлескен сұлу сарайлар, кең көшелер, бәрі-бәрі менікі. Өйткені, мен қазақпын, қазақтың ұлымын. Осы бір мақтаныш сезім көкірегімді кернегені сондай қолтығыма қанат бітті, көңілім көбелектей алып ұшты. Әлем таныған Астананың қақ ортасында қасқайып тұрғаныма ешкім сенбейтіндей. Ұлы көштің барысында көппен көрген қиындық көрген түстей өте шықты. Онда тұрған не бар тәйірі, ең бастысы, арманым орындалды. Қазір балаларымды оқытып, тәрбиелеп жатырмын. Үшеуі мектеп жасында, ал, Лина есімді қызым Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. Мен көксеген дүние де осы емес пе?!
Біз болсақ ата жұртын аңсап келген Сейітқали Көшербайдың арманының орындалғанына қуандық. Жалғыз оның ғана емес, көшке ілескен барша замандастарының. Любовь Әбубәкірова да ел азат, бостан болған соң арманы орындалған жанның бірі. Ташкент қаласында туыпты. 2010 жылы отбасымен көшіп келген. Қазір түтінін түзу ұшырған шаңырақ.
–Бар ғұмырым білім саласында өткерілді. Ташкенттегі Ф.Энгельс атындағы шет тілдері институтының түлегімін. Француз тілінен 25 жыл сабақ бердім. Көшіп келген соң да осында балалар бақшасында жұмыс істедім. Қоғамдық істермен де айналыстым. Өзбек мәдени орталығының ұйымдастыру жұмыстарына қатыстым. Ондағы ойым ынтымақтастықты бекемдеу, ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық арқауды нығайту. Қазір бала-шаға атамекенінде өрбігеніне қуанышты. Бізді осы күнге жеткізген ел тәуелсіздігі. Соған рахмет айтамыз. Ғұмырың мәңгілік болған, тәуелсіздік!
Тілдескен ағайынның барлығы «көш жүре түзеледі» дегендей тәубешілік айтады. Көл-көсір қуаныштарын жеткізеді. Осы бір жарқыраған жан сырына қосарымыз жоқ.

Байқал Байәділов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар