Көкшетаудың кірпіші – жетістіктің үлгісі

Біздің «ЕНКИ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазіргі таңдағы еліміздегі қаптырмалы керамикалық кірпіш зауыттардың арасындағы ең үздігі.

«Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының дипломанты атанып, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша марапатқа ие болуымыз соның бірден-бір дәлелі. Іске қосылған кезеңнен бері еуро талаптағы жетілдірулер мен тың технологияларды өз өндірісімізге енгізуді біздер, енкиліктер бір сәтке де тоқтатқан емеспіз. Біздің зауыт отандық нарықтың сұранысын қамтамасыз ету мақсатында үздіксіз жұмыс істеуде. Осы күні ЕНКИ 250-260 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, тек солтүстік аймақта ғана емес, еліміздің оңтүстік өңірлерінде де жұмысы қызған құрылыс қалашықтарының сәтті тұрғызылуына оң ықпал етіп отырмыз.
Зауыттың өз іргетасы қаланып, алғашқы өндірістік тауарымыз сатылымға шығарғалы ел аумағындағы Ресей мен Украина тауарларына сұраныс азайды. Есесіне біздер Ресейдің шекаралық іргелес облыстарына тауар экспорттауға мүмкіндік алдық. Белгіленген межеден көрініп, қатал нарықтың илеуінде соқпақты сүрлеу салу үшін кешегіден он есе артық жұмыс жасау керек. Яғни, өткен 2016 жылмен салыстырғанда зауыт өз қуатын 10 пайызға арттырған. Бұрын да солай, кешегіден он есе қағидасы бойынша жұмыс істеу зауыт жетістігінің жол басы болған.
Кешегі мен бүгінгіні бағамдар болсақ, қазіргі ЕНКИ-дегі өндірістің 90 пайызы автоматтандырылған. Толық жұмыс қуаты жеткілікті күшті қалыптастыру мақсатында жаңа жылдан кейін еуро талаптарға негізделген құралдардың тағы бір легі әкелінбекші. Оған қоса, сол автоматтың басында тұрып, күллі өндіріс алаңының күретамыры болатын мамандарды шетелдік зауыттарға тәжірибе алмасуға жіберу дәстүрлі үрдісіміз болғалы қашан. Өзге елдің жұмысшы мамандарына да тәжірибесін арттырып, білімін толықтыруға мүмкіндік туғызуды ұмыт қалдырған емеспіз.
Соған қарамастан, ЕНКИ-ге инвестиция тарту, оны тиімді пайдалану сынды жауапты мәселелер бірізді жолға қойылған емес. Өйткені, сырттан келетін қаржы көзінің әзірге біздің зауытқа бермегінен алмағы артық болып отырған жайы бар. Мықты кірпіштің қалыбын құю мақсатында біздер бәрібір өзге елдің ірілі-ұсақты компанияларының қызметіне жүгінеміз. Қарапайым түрлі-түсті кірпіштің бояу қоспаларының қамымен қаншама елдің, Оңтүстік Корея, Франция, Ресей, Украинаның химиялық бояулар тасымалдайтын, өндіретін фирмаларымен байланыс орнатудамыз. Олай етпеске амал да жоқ.
ЕНКИ-дің аумағында 15 бөліктен тұратын нысан бар. Әр нысан белгілі бір қызмет түрін атқарады. Олар – өндіріс бөлімі, сазбалшық шикізат қоймасы, әкімшілік шаруашылық қоймасы, автокөлік цехы, ашық сазбалшық қоймасы, механикалық жөндеу цехы, ағаш өңдейтін цех, негізгі бақылау бекеті, газ шаруашылығы, кіреберіс теміржол торабымен жүк артқыш кран, шаруашылық алаңы, өртке қарсы су қоймасы, жеңіл автокөлік тұрағы, жылу жүйелері.
2010 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген зауыт сол кездегі жобалық мақсатынан тайған емес. Түрлі-түсті керамикалық кірпішке деген мұқтаждықты қанағаттандыру үшін қажырлы еңбек етіп келеміз. Оған қоса, Қазақстанның индустриалды-инновациялық даму стратегиясына сай, облысымыздың көлік инфрақұрылымын пайдалануымыз, 250 адамнан асатын жұмыс орнын тұрақты ұстап отыруымыз, бюджетке жылдық салық төлемдерінің сомасы 400 миллион теңгені құрауы әлеуметтік және экономикалық маңызымыздың арта түсуінің айғағы.
Зауытымызда керамикалық кірпіштің 43 түрін өндіріп, оны республикамыздың барлық өңірлеріне импорттайтын 9 бөлімшеміз тұрақты жұмыс істеуде. Алдағы уақыттағы ірі жоспарымыздың бірі – еліміздің өзге облысынан ЕНКИ-дің екінші бір зауытын салу. Әзірге қай облыс, қай қаладан екендігін ашып айта алмаймыз. Бірақ, саз бен балшығы мол өңір болатындығы айқын. Үлкен, кең тынысты, тармағы көлемді зауыт болуға біздің ЕНКИ-дің барлық артықшылықтары бар. Зауыт тоқсан пайыз автоматтандырылған, өніміміз нарық талап еткен сұраныспен, импортты толық жабады. Қазір түрлі-түсті және бедерлі кірпіштің 30 түрінен 43 түріне дейін шығаратын болдық. Ресейдің шығыс аймағының сұранысын да қанағаттандыруға баса назар аударудамыз. Кірпіштің балшығының құрамы, толық сапасы Soliner s.l (Испания), Keller H.C.W (Германия) құрылыс материалдарын зерттеу институттарының зерттеуінен өтіп тұрады. Себебі, зауытымыздағы автоматтандырылған құрал-жабдықтар испаниялық Verdes,
Soliner s.l фирмасынан алынған.
Қазақ үшін жеті саны қашанда киелі саналатындығы секілді, зауытымыздың жеті жылдық ғұмыры ізденіс пен ұмтылыстың арқасында лезде өте шықты. 2017 жыл ЕНКИ үшін табыстың кенішіндей болып, ұжымымызбен қуанышқа бөлендік. Бір жылдың ішінде 60 миллион дана кірпіш өндіріп, барлығын тиісті орындарға жеткіздік. Өткен жылмен салыстырғанда өнімді сату көлемін 34 пайызға ұлғайттық. Жұмысшылардың орташа жалақысы 120 мың теңгені құрап отыр. Осы өткен 11 ай ішінде сырттан салынған инвестиция 108 миллион теңгені көрсетті. Осының нәтижесінде жуырда ғана «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесінің үшінші дәрежелі дипломанты атандық. Бұл – біз үшін Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығы қарсаңында қол жеткен үлкен табыс. Ендігі үлкен мақсат – жеткен межені сақтай отырып, табыстың сара жолын одан әрі жалғастыру. Оған біздің кірпіштің жылу, бояу сақтағыштық, ауа өткізгіштік, табиғи құбылыстарға төзімділік сынды қабілеттерін одан әрі арттыру кепіл болмақшы.

Мырзабай ӘБДІХАЛЫҚОВ,
«ЕНКИ» серіктестігінің директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар