Толық хабарыңыз болуы керек

Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының Ақмола облыстық филиалында осымен төртінші рет өткізіліп отырған Ашық есік күні «Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік» тақырыбына арналды.

Зейнетақы жүйесіне қатысты мәселелер қашанда өзектілігін жойған емес. Енгізіліп жатқан өзгертулерден кейін жасы келген азаматтардан бастап, жастарға дейін зейнетақы жүйесіне ерекше көңіл аудара бастады. «Зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік» тақырыбына арналған шараға келушілер қатары да сол себепті көп болды. БЗЖҚ-ның облыстық филиалында ұйымдастырылған Ашық есік күнін филиал директоры Аяш Кеншінбаева ашып, салымшылар назарына тақырып аясында түсірілген бейнесюжет ұсынылды. Онда зейнетақы жинақтарының сақталуы мен инвестициялануына қатысты толық ақпарат берілді.
– «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 5-бабына сәйкес алушыларға мемлекет БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын зейнетақы төлемдеріне құқық берілген сәттегі инфляция деңгейін ескеріп, нақты салынған зейнетақы жарналары мөлшерінде сақтауға кепілдік береді. Басқаша айтқанда, адам зейнетке шыққан кезде оның жеке зейнетақы шотындағы табыстылықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңіндегі инфляция деңгейіне қатысы есептеледі. Егер зейнетақы жинақтарының табыстылығы инфляция деңгейінен төмен болса, онда мемлекет бұл айырмашылықты өтейді. Бұл қаржы нарығындағы жағдайдың қалай өрбитініне және инвестициялық табыстың қандай болатынына қарамастан, салымшылардың жинақтары сенімді түрде қорғалады деген сөз. Зейнетақы активтерін сақтау кепілдігі барлық жинақтың БЖЗҚ-ға шоғырландырылуы арқылы да қамтамасыз етіледі. БЖЗҚ акционері Үкімет, ал, сенімді басқарушысы ҚР Ұлттық Банкі» – деп түсіндіріп берді филиал директоры Аяш Хакімқызы.
Бұдан соң жиналғандар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, оған мамандар тиісінше жауап берді. Солардың ішінде еңбек өтіліне қатысты зейнетақы төлемдеріндегі өзгертулерді анықтау, құқық қорғау органдарында жұмыс істеп, 45 жастан зейнетке шығатын азаматтардың жинақтаған зейнетақы жинағы қалай төленетіндігіне қатысты сауалдар қойылды.
– Қазір зейнетақы ынтымақты, базалық және бірыңғай зейнетақы жүйесінен төленеді. Яғни, бұл 1998 жылға дейін кем дегенде алты ай еңбек өтілі бар азаматтарға қатысты. Ал, 1980 жылдан кейін туғандар тек екі компоненттен: базалық және жұмыс берушілері ай сайын аударып отыратын міндетті кәсіби зейнетақы жарналарынан жинақталған жүйеден алады, –деп жауап берді мамандар.
Кейбір жекеменшік серіктестіктер қызметкерлері мен жұмысшыларының зейнетақы қорына аударатын міндетті зейнетақы жарналарын тоқсанға бөліп төлейді. Сонда үш айдың ақшасын әр айға бөліп көрсетпей, бір реттік төлем түрінде төлесе, ол алдағы уақытта зейнетке шыққанда олардың еңбек өтілін есептеуге қиындық тудырмай ма? деп сұрақ қойған азаматқа әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығының Ақмола облысы бойынша департаментінің мамандары:
–Егер сіздің жұмысыңыздағы есепшіңіз зейнетақы жарналарын тоқсан сайын бір реттен бірақ, аударатын болса, ол бір айға ғана есептеліп, екі ай есепке алынбайды. Осындай қиындықтар болмауы үшін жұмыс берушілеріңіз аударымдарды тиісті айларға бөліп, нақты көрсетіп аударулары керек. Мәселен, Ивановқа соңғы тоқсанның зейнетақы жарналары аударылуы тиіс делік. Мысал үшін оған ай сайын 10 мың теңгеден жіберілуі тиіс. Бұл жерде есепші қазан айы – 10 мың, қараша айы – 10 мың, желтоқсан айы – 10 мың теңге деп нақты ай-айға бөліп аударуы қажет. Ал, егер бірден Ивановтың шотына 30 мың теңге аударылса, ол желтоқсан айына ғана есептеледі. Сондықтан, сіздер өз зейнетақы аударымдарыңызды ай сайын бақылап отырыңыздар, –деп түсіндірді.
Сол секілді, ай сайын жұмыс берушілер тарапынан аударылатын әлеуметтік төлемақылардың дұрыс төленбеуі салдарынан жұмысқа жарамсыздығы бо-
йынша мемлекеттен жәрдемақы алу, әйелдердің декретке шығуына және бала күтімі бойынша төленетін тиісті жәрдемақыларды алуға қатысты да қиындықтар болып жататындығын айтты әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығының Ақмола облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Райхан Сансызбаева. Сондықтан, салымшылар зейнетақы жүйесіндегі жинақтарымен бірге, әлеуметтік аударымдарын да бақылап отырулары қажет. Әр төлемнің өз шегі бар. Егер бір айлық жалақы 15000 теңге шамасында болса, әлеуметтік аударым 1223 теңгеден төмен болмауы керек. Ал, енді 400-500 мың теңге немесе одан да көп мөлшерде еңбекақы алатындар максимальді түрде 12230 теңгеден кем аудармауы тиіс. Сонымен бірге, 2017 жылдың 5 қазанынан бастап әлеуметтік аударымдардың белгілі бір сомасы тиынмен берілетін болса, 1 теңге деп дөңгелетіп алулары тиіс. Тиындармен көрсетілген аударымдар базада қабылданбай, мекеменің есепшотына қайтарылып отырады екен.
Іс-шара барысында ерікті зейнетақы жарналары туралы да сөз қозғалып, оны елу жастан асқан адамдар өз қалауы бойынша бірден немесе бөліп-бөліп алатындығы айтылды. Оларға да инвестициялық табыстар қарастырылған. Ал, құқық қорғау органдарында жұмыс істеп, зейнетке шыққандар кепілдік жинақтарының жартысын 45 жасқа толғанда бір рет алса, қалғанын баршаға бірдей зейнет жасына жеткенде алатындықтарынан хабардар болды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар