Шағын болса да – шарапаты мол

Асылында шағын және орта бизнес – ел экономикасының негізі. Әсіресе, екі қолға бір күрек табыла бермейтін шалғайдағы елді мекендерде шағын бизнес нысандарының ашылуы, өндіре жұмыс істеуі ел ырысы деп айтсақ, еш артықтығы болмас еді. Бұл ең алдымен бизнес иесіне де, қарапайым халыққа да тиімді.

Сандықтау ауданының тұрғыны Седа Умарова жартылай дайын ет өнімдерін дайындайтын шағын бизнесін ұршықша үйіріп отыр. Бір айта кетерлігі, аталмыш цех өз өнімдерін халал маркасымен шығарады. Сондықтан да, ел ішінде цехтың өнімдері үлкен сұранысқа ие болып отыр. Табыссыз да емес. Өткен жылы шағын кәсіпорын 40 тоннаға жуық өнім өндірді. Бұл көлем шалғайдағы шағын кәсіпорын үшін аз дүние емес. Тәжірибелері қалыптасып, жұмысын оң жолға қойған цехта қазіргі күні тәулігіне 200 келіден асыра өнім дайындалады.
Ырыс өзінен-өзі үйіріле кетпейтіні белгілі. Осы жұмысты бастау үшін Седа Умарова өз мүмкіндігін, шикізат мәселесін, дайын өнімді өткізетін рынокты зерттеп, іштей мың ойланып, толғанған. Ақыры анық шешімге келді. Қазір бағытын жаза баспай тапқанына дән разы.
–Елімізде шағын және орта бизнестің қарқынды дамуына барлық жағдай жасалып отыр. Мәселен, жеңілдетілген несиелер берілетін мемлекеттік бағдарламалардың тиімді екендігі айдан анық. Бұған мысалды алыстан іздеудің еш қажеттілігі жоқ. Өз басым осындай қолдаудың арқасында табысқа қолымды жеткізіп отырмын. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы несие алып, цехқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым, – дейді кәсіпкер Седа Умарова.
Қазір цехта алты адам жұмыс істейді. Олардың бірі – технолог Елена Батова.
–Шағын кәсіпкерліктің дамуы елдің шырайын келтіреді. Олай болатындығы жаңа жұмыс орындары ашылып, қарапайым адамдар жұмыссыз қалмайды. Оқу бітіріп осында келісімен жұмысқа орналастым. Қазір жалақымызды уақытылы аламыз,–дейді технолог.
Өнім көлемі де тұтынушылардың сұранысына орай ай сайын көбейіп келеді. Сондықтан да, өнім қазір облыс орталығы мен Сандықтау, Атбасар, Жарқайың, Есіл аудандарына жөнелтіледі. Алдағы уақытта Астана нарығына шығуды да жоспарлап отырған жайы бар. Адамда арман таусылған ба, енді кәсіпкер мемлекеттің көмегіне тағы да бір жүгініп, тұшпараны автоматты түрде бүретін құрал-жабдық алғысы келеді.
Сөз соңында Сандықтау ауданында осы салада бір мыңнан астам нысанның жұмыс істейтіндігін, оның 141-і шағын кәсіпкерлік екендігін айтып өткен ләзім. Жергілікті бюджетке шағын бизнестің шарапаты тиіп тұр. Олар жыл басынан бері 500 миллион теңгенің салығын төлеген. Оның үстіне 146 жаңа жұмыс орны ашылған. Шаруасы түзік шағын бизнестің шарапаты осындай.

Байқал Байәділов.

Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар