Сенім күшейіп, жұмыс жанданып келеді

Қазақстан Республикасының демократиялық мемлекет екендігін айқындайтын институттардың бірі – азаматтық секторды құрайтын қоғамдық үкіметтік емес ұйымдар. Елбасының бастамасымен құрыла бастаған, қазіргі таңда тәуелсіздігіміздің іргесін одан әрі нығайып, тұғырының беки түсуіне сеп болып жүрген Үкіметтік емес ұйымдардың саны бүгінде республика бойынша 20 мыңнан асып жығылады. Солардың ішінде 600-дейі біздің облыста тіркелген.

Осыдан он жыл бұрын аймақта ҮЕҰ-лардың жобаларын жүзеге асыруға небары 4 миллион теңге қаржы бөлінген болса, биыл 400 миллион теңге қаражат қарастырылыпты. Бұдан Үкімет пен халықтың тарапынан қоғамдық ұйымдарға деген сенімінің артып отырғандығын көруге болады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаев ең алғаш қоғамдық ұйымдар, яғни, үкіметтік емес ұйымдар туралы 2000 жылы өзінің «Еркін, тиімді және қауіпсіз қоғамға қадам» атты ел халқына арналған Жолдауында сөз қозғаған еді. Сол маңызды құжатта ол: «Бүгінде Қазақстандағы үкіметтік емес қоғамдық ұйымдарының құқық қорғау қызметінде де, тұрғындардың ерекше қызығушылықтарын дамыту саласында да, қоғамды әлеуметтік қалыптастыруда да атқаратын рөлі өте маңызды», – деп ерекше атап өткен болатын. Қазіргі уақытта Қазақстанның осы азаматтық секторы мемлекеттің лайықты әріптесі болып отыр.
Елбасының қоғамды демократияландыру саясатының арқасында қазір азаматтық секторда біршама игілікті істер атқарылуда. Жылдан-жылға заңдық база жетілдіріліп, едәуір қаржы ресурстары бөлінуде, үкімет органдары мен үкіметтік емес секторлардың өзара іс-қимылдары нығаюда, яғни, осы сектордың дамуына мемлекеттің жүйелі көзқарасы толық қалыптасты деуге әбден болады.
Облыстық әділет департаментінің мәліметтеріне сүйенетін болсақ, қазіргі уақытта облыста 600-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркеліпті. Осыдан бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырып қарайтын болсақ, олардың саны 1 мыңнан асатын. Яғни, биылғы жылдың 1 наурызына дейін үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорының базасына тіркелулері нәтижесінде жұмысын тоқтатқан немесе жалған 400-дей ұйым дерекқор базасына өтініштерін жібермеген. Сонымен, өңірде белсенді қызмет істеп жатқан қалған үкіметтік емес ұйымдар жас-
тар, этномәдени, экологиялық, патриоттық, спорттық, қайырымдылық, құқық қорғау, кәсіпкерлікті дамыту, гендерлік, сауықтыру-алдын алу, ғылыми, мүгедектерге қолдау көрсету бағыттарында өз жұмыстарын жүзеге асырып жатыр.
Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өзара қарым-қатынасын орнататын негізгі тетіктің бірі – азаматтардың бастамаларын қолдауға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар. Осыдан шамамен он шақты жыл бұрын, мысалы 2006 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа облыстық бюджеттен небары 4 миллион теңге ғана қаражат бөлінген болса, бүгінде әртүрлі бюджет көздерінен 400 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр, соның ішінде 160 миллион теңгеден астамы жергілікті бюджеттен бөлінді. Қазір облыстағы үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 92 жобаны іске асыруда.
Осы қоғамдық ұйымдардың бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері – облыстық ішкі саясат, денсаулық, дене шынықтыру және спорт, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, жас-
тар, дін мәселелері жөніндегі басқармалар мен аудандық, қалалық әкімдіктер.
Үкіметтік емес сектор облыста өткізіліп келе жатқан барлық қоғамдық-саяси іс-шараларға белсенді түрде қатысып, түрлі органдардың жанында жұмыс істеп жатқан қоғамдық кеңестердің құрамына кіреді. Олардың ішінде қоғамдық сарапшылар, денсаулық сақтауды үйлестіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестер бар. Ал, облыстағы ең алғашқы азаматтық форум 2005 жылы Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары конфедерациясының қатысуымен өткізілсе, өткен жылғы VІІ облыстық Азаматтық форум ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Онда тәуелсіздік жылдары құрылған үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы қорытындыланып, белсенді ұжымдардың тәжірибелері өзгелерге үлгі етілді. Солардың ішінде салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтардың денсаулығын қорғау саласында түрлі іс-шаралар өткізіп, белсенді жұмыс істеп жатқан «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігі, мүмкіндігі шектеулі адамдармен жұмыс жүргізіп жүрген «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы, ұлттық салт-дәстүрлерді, рухани-мәдени құндылықтарды насихаттап жүрген «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы мен «Ақбота», «Насихат», «Новый путь», «Ел бірлігі», «SARA», «Kazakhstan Innovathions» сияқты қоғамдық бірлестіктер өңірдің әлеуметтік алға басуына барынша атсалысып жүр.
Облыстық ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен үкіметтік емес ұйымдарға «бір терезе» принципі бойынша әдістемелік және ұйымдастырушылық көмек көрсететін ақпараттық-ресурстық орталығы ашылды. Оның «SARA» қоғамдық қоры жүзеге асырады. Аталмыш жоба шеңберінде ҮЕҰ-ға ақпараттық-консультативтік, әдістемелік көмек көрсету қарастырылған. Жақында жоғарыда аталған қор жоба шеңберінде жүзеге асырған өз жұмыстарының қорытындылары бойынша халықпен есептік кездесу ұйымдастырды. Онда қордың басшысы Сара Баймағамбетова ҮЕҰ-ларды құрудың мән-маңызы, өз жұмысын енді бастап жатқандарды үш күндік сынақтан өткізу, ауылдық жерлердегі ҮЕҰ, «бір терезе» принципі бойынша ҮЕҰ-ның қызметіне қолдау көрсету үшін «азаматтық орталық» ашу, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігін қатыстыру арқылы билік, бизнес және ҮЕҰ-лар арасында үшжақты диалог алаңдарын құру секілді мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, бұл қор ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстары шеңберінде жүзеге асып жатқан жобаларына мониторинг жүргізіп тұрады. Бүгінде «SARA» қоғамдық қорына жұмысының нәтижелігі мен тиімділігін ескере отырып, өңірдегі бірқатар мемлекеттік мекемелер сенімді түрде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бере алады.
2017 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар әртүрлі форматта 200-ден астам іс-шара ұйымдастырды. Облыстың 10 үкіметтік емес ұйымы ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің грантын алуға өтініш берді, солардың ішінде Степногорск қаласындағы «Женский луч» қоғамдық бірлестігі «Жас-
тарды жұмыспен қамту» лотын жеңіп алды.
Қазір Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдар азаматтық қоғамның маңызды міндеттерін орындауға, барлық әлемдік қауымдастық танып отырған демократиялық құндылықтарды одан әрі жетілдіріп, дамытуға өз үлестерін қосуға барынша қабілетті. ҮЕҰ-ның ұсынатын қызметінің алуан түрлілігіне қарамастан, олардың басты мақсаты – ел азаматтары мен жалпы қоғамның өмір сапасын жақсарту болып табылады.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар