Жүрекке ота жасау – адам өмірін сақтау

Қайран да қайран жүрек әлсіз ғана демігіп жатыр. Енді-енді бүлк-бүлк етіп соғуын біржола қоятындай. Алапат арпалыстан айнып тыныш табатындай. Тыныштыққа не жетсін, шіркін. Бірақ, жүректің тыным алмай соққаны керек. Сырқат жүректің қуаты да солғын тартқан ба қалай?.. Алпыс екі тамырдағы қызу қанды қуалай ағызуға қауметі қаптал жетпейтіндей. Тозды ма екен, әбден сілесі құрып әлсіреді ме екен. Жоқ, тозған жүректің өзі емес еді, әлі көп жыл соғуға шамасы жететіндей. Тек жолын байлап тұрған қан тамырлары ғана. Өңезденіп бітелген, дәл бұрынғыдай қуалай ағып, құлдырай жүгіріп, ағзаның өне бойында өрікпи шапшып тұрған жоқ. Сондықтан да, жүрек күпті. Күпті жүректің дертін қандыауырмен сылып тастауға қазіргі кардиолог дәрігерлердің қауметі әбден жетеді.

Облыстық аурухананың жанындағы кардиология бөлімшесінің қазақы тілмен айтқанда, шипалы ем-домына жалпақ жұрт дән разы. Тақырыпты әріден тарататындар бұл да ел тәуелсіздігінің арқасында, халықтың бірінші байлығы – денсаулығын сақтау үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан шынайы қамқорлықтың айшықты, айқын көрінісі дейді. Сау жүректің, дімкес жүректің таразысына салсаң осы ой-пікірдің қисынға әбден келетіні де рас. Кешегі кеңес заманында облыс орталығында адам ағзасының ең нәзік мүшесі – жүрекке ота жасау дегенді ешбір адам көз алдына елестете алмас еді. Соқыр ішектің өзін сылып тастауға кейбіреулердің дәті жете бермейтін.
Қанша жанды анық ажалдың аузынан жұлып алып, аяғынан тік тұрғызып, құлыншақтай құлдыраңдатып жіберіп жатқан облыстық аурухана жанындағы кардиология орталығының төл тарихы бар. Әріге назар салатын болсақ, әуел баста осы іс терапия бөлімшесіндегі айналымға келмейтін жалғыз бөлмеден басталғанын бағамдар едік. Ол тұста маман да тапшы, ал, материалдық-техникалық база мүлде әлсіз. Жүрек ауруларының себептерін зерттейтін, емдейтін жаңа сипаттағы күрделі әрі қуатты медициналық құрал-жабдықтар жоққа тән. Әйткенмен, бүгінгі күні әлемнің бай да бақуатты, экономикасы дамыған елдерінің өзінің бас ауруына айналып отырған жаңа ғасырдағы №1 дерт есебіндегі жүрек ауруларын емдеуге деген ынта-ықылас зор еді.
Тұтасқан қиындықтың сеңін бұзған, жұлын омыртқасын опырған алғашқы қадам зерттеуден басталған. Яки, ресми тілмен айтқанда, жүрек ауруларының толып жатқан түрлері мен олардың пайда болу себептері. Жалғыз себептерін ғана анықтап қою аз, қолдан келіп жатса кардиолог мамандардың емдеуге қол жеткізгені қандай ғажап. Бұл арман еді. Ал, арманның бәрі бірдей қол жеткізе бере ме? Дәл осы жолы жеткізді. Жеткенде қандай! Баяғы бір бөлмеден басталған жүрек ауруларымен күрес қарқын алған тұс – 2005 жыл еді.
Бұған дейін де талай тамаша жетістіктерімен өңіріміздің шынайы алғысына бөленген облыстық аурухана жанындағы кардиологиялық орталығы ашылып, жаңа сипаттағы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ең алғашқы коронароангиография өткізілді. Саланың салмақтана түсуіне Үкіметтің «Қазақстан Республикасында 2007-2009 жылдарда кардиология саласын және кардиологиялық көмек көрсетуді жетілдіру туралы» қаулысы себепші болды. Бағдарлама аясында 2008 жылдың 1 сәуірінде бұрынғы ангиохирургия бөлімшесінде ангиография кабинетімен жабдықталған жиырма кереуеттік кардиохирургия бөлімшесі ашылды. Осы бағдарлама жалғыз біздің өңірде ғана емес, еліміздің барлық облыстарында кардиология саласын дамытуға бірден-бір себепші болды.
Мамандар тәжірибелері мол, біліктері бай шет елдерде оқып үйрене бастады. Өздері ғана барған жоқ, Еуропа елдерінің тәжірибелі мамандары да келіп нақты көмек көрсетті. Сөйтіп, нәтижелі әріптестік басталды. Кардиохирургия саласының мамандары Ресей, Литва, Израиль елдеріндегі озық тәжірибелерді меңгерді. Осы бөлімшеде 2008 жылдың 7 шілдесі күні тұңғыш рет аортокоронарлы шунттау операциясы Астана қаласының Ұлттық Медицина орталығының бас кардиохирургі Ю.Пяның қадағалауымен өткізілді. Литва кардиохирургтарының 2008-2009 аралығында көрсеткен практикалық көмегінен кейін 2009 жылдың 8 желтоқсанында алғаш рет Ақмола облыстық ауруханасында жергілікті кардиохирургиялық дәрігерлермен маммарлы-коронарлы отасы жасалды. Ота жасаған кардиохирург Нұрлан Мінайдаров. 2012 жылдың 4-ші қаңтарынан бастап кардиохирургия бөлімшесі «Жүрек орталығы» кешеннің бірінші қабатына көшіп, бөлімше меңгерушісі Нұрлан Мінайдаров болып тағайындалды. Сол жылы бөлімшеде туа пайда болған ақаулары бар балаларға хирургиялық ем жасала бастады. Тыңға түрен салудың қаншалықты қияпат шаруа екендігін әркім де біледі. Әріптестік негізінде жүрек-тамыр жүйесі
ауруларын диагностикадан өткізудің жаңа әдістемелері батыл енгізілетін болды.
–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығының арқасында денсаулық сақтау саласы жаңа биікке жетіп отыр,–дейді облыстық аурухананың бас дәрігері Серік Аяғанов,–жыл сайынғы халыққа жолдаған Жолдауларында да еліміздің басты байлығы болып саналатын денсаулыққа ұдайы көңіл бөлінуде. Осындай қамқорлықтың арқасында облыстық аурухананың жанындағы «Жүрек орталығының» материалдық-техникалық базасы жаңа заман талабына сай медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, кардиолог мамандарымыздың біліктілігі жетілдіріліп, орталықтың жалпы қуаты артып келеді. Солай бола тұра өңір тұрғындарына өз денсаулықтарына өздері қамқор болып, салауатты өмір салтын сақтау туралы кеңес берер едім.
Шынында да, жүрек ауруымен ауыратындар қатары жылдан-жылға көбейіп келе жатқаны да жасырын емес, себептері де саналуан. Жүрек аурулары әртүрлі аурулардың асқынуынан немесе қан тамыры жүйесі қызметінің бұзылуы мен зақымдануынан пайда болатын аурулар. Оның ішінде жиі кездесетін түрлері ревматизм, гипертония, жүрек ақауы, жүрек демікпесі, жүрек және қан тамыры неврозы, миокард инфарктісі және басқалары. Ғалымдардың айтуына қарағанда, бұл аурудың пайда болуының себепкері эмоциялық көңіл-күйдің түсуі мен күйзеліс көрінеді. Түсінікті тілмен айшықтайтын болсақ, адам күйзеліске түскенде оның сезім мүшелерінің қызметі төмендемек.
Жүрек аурулары түрлерінің жылдам көбейіп, елді алаңдатып отырғандарын жоғарыда айттық. Әйтсе де, ақ халатты абзал жандар дәрменсіз күйге түсіп, қол қусырып қарап отырған жоқ. 2008 жылы облыста тұңғыш рет бүйрек ұлпалық артериялық гипертензиясымен ауы-
ратын сырқатқа бүйрек стенттеуі жасалды. Осыдан бастап осы саладағы ғылыми жаңалықтар тәжірибеге батыл енгізіле бас-
тады. Ал, 2010 жылғы кардиостимулятор қою сырқаттардың ғұмырын ұзартатын жаңа бір әдіс болып есептеледі. Сырқаттар кардиология бөлімшесінде ем-дом қабылдап, ота жасалғаннан кейін олардың ағзасындағы өзгерісті дәрігерлердің мұқият қадағалауы қажет. 2010 жылдан бастап кардиология бөлімшесінде «Сау жүрек» кабинеті жұмыс істейді.
2013 жылы кардиология саласының барлық бөлімшелері жаңа ғимаратқа көшірілді. Ең жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қазіргі күні «Жүрек орталығында» екі кардиология, кардиохирургия, кардиосауықтыру, эндоваскулярлық хирургиясы бөлімшелері жұмыс істейді. Ұйымдастыру әдістемелік шараларын жүйелі жүргізудің нәтижесінде өңірде өткір миокарда инфаркті салдарынан өмірмен қош айтысатындар саны айтарлықтай азайып отыр. Кардиохирургтар жыл сайын жүрекке 230-дан астам ота жасайды.
Бүгінгі таңда «Жүрек орталығының» ұжымы диагностиканың жаңа да тиімді әдістерін жүрек-қан тамырлары сырқатымен ауыратындарды емдеудің нәтижелі тәсілдерін өздерінің күнделікті тәжірибелерінде батыл жүзеге асыруда. Уақыт бір орында тұрмайтыны тәрізді медицина саласында да, оның ішінде жүрек ауруларын емдеу тәсілдерінің де ұдайы жаңғырып, жаңарып отыратындығы әмбеге аян. Сондықтан да, емдеу сапасын жақсартуға байланысты ілкімді іс жүйелі түрде жүзеге асырылуда. «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде өткір миокарда инфарктіге душар болған сырқаттарға медициналық көмек көрсетудің жаңа моделін қамтитын 2016-2019 жылдарға арналған шаралар тізбесі жасалды.
Салауатты өмір салтын насихаттауға, аурудың алдын алуға үзбей көңіл бөлінуде. Алдағы уақытта да білімдері мен біліктіліктерін үзбей жетілдіре бермек. Кардиохирургиялық және интервенциялық кардиология бөлімшесінде жүректің ишемиялық ауруы, жүре пайда болған, туа пайда болған жүректің ақаулары бар науқастарға диагностикалық және хирургиялық ем көрсетіледі.
Білікті дәрігерлердің ем-домы шипа болып, сырқат жүрек соныдан қуат алғандай. Қайтадан қалыпты машықпен бүлкілдеп соға бастады. Осы үрдісің үзілмесін, елдің ет жүрегі.

Байқал Байәділов.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар