Ар-ождан бостандығы – тәуелсіздігіміз әкелген ірі жетістік

Кеңес заманында ана тілімізден ғана емес, ұлттық салт-дәстүрлерімізден және дінімізден де қол үзіп қала жаздағанымыз белгілі. Атеистік түсінік үстемдік алған сол кезеңде елімізде ата дініміз ислам діні ашық болмаса да, мемлекет тарапынан қысымға ұшырап, мешіттер жаппай жабылды. Намаз оқу, ораза ұстау надандықтың белгісі саналып, діни парыздарын орындаушыларға жұрт артта қалған адам ретінде қарайтын.
Тәуелсіздігімізбен бірге жоғалтып ала жаздаған көптеген ұлттық құндылықтарымыз, соның ішінде дінімізді қайта таптық. Еліміздің бар өңірлерінен мешіттер ашылып, адамдар, оның ішінде жастар жағы имандылыққа жүздерін бұра бастады. Қазіргі күні мешіттерде жұма намаздарына жастардың көп келетіні, ойын-тойларда ішімдік ішетіндер қатарының азая түсуі қуантады. Мемлекетіміз адамдардың ар-ождан бостандығын заң жүзінде нақты бекітіп, дін жолын ұстанушыларға барлық мүмкіндіктер берді. Десе де, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, дін атын жамылып, теріс саяси көзқарастарын халық арасына таратқысы келетіндер, ел ішінің бірлігі мен ынтымағын бұзып, ең асыл қазынамыз – тәуелсіздігімізге, мемлекеттік тұтастығымызға қатер төндіруді мақсат ететін жат пиғылды діни ағымдар да бой көрсетуде. Бүгінде әлемнің әр аймағында тұтанып жатқан соғыс ошақтары да сол жат діни ағымдардың теріс саяси пиғылдарының салдары екендігін көріп отырмыз. Осы орайда, елімізде мемлекеттік деңгейде теріс ағымдармен күрес, олардың адамзатқа жат көзқарастарын таратуға тосқауыл қою бағытында заң негізінде әрекеттер жасалуда.
Елімізде Азаматтық қоғам және дін істері жөніндегі министрліктің құрылуы дінаралық қатынас мәселесіне мемлекеттік деңгейде зор көңіл бөлінетіндігін айғақтайды. Министрліктің аймақтық құрылымы ретінде облыстық дін істері басқармасы заңда көрсетілген өз құзыреттілігі шеңберінде дінаралық қатынастарды реттеу, діни бірлестіктер арасында заң бұзушылыққа жол бермеу сияқты шаруалармен айналысады.
Бүгінгі күні облыс аумағында 221 діни бірлестік тіркеліп, жұмыс істеп жатыр. Тарата айтар болсақ: 123 ислам дінін ұстанушылар, 43 православие шіркеуі, 11 католик шіркеуі, 43 протестанттық шіркеу, 1 дәстүрлі емес «Бахай» бірлестігі заң шеңберінде қызметтерін жүргізуде. Сонымен бірге, тіркелмеген 10 Евангелие хриастиан баптистері бар. Олар тек Құдайдың ғана заңына бағынамыз деп мемлекеттік тіркеуден өтуге қарсы болып отыр. Тіркелмегендіктен, олардың жұмысына рұқсат етілмейді.
Қазіргі заң талаптары бойынша құдайға құлшылық ету тек арнайы салынған немесе жабдықталған ғимараттарда өтуі тиіс. Облысымыздың аумағында қазіргі күні 181 діни рәсімдер өткізілетін орын бар. Олардың – 122-сі мұсылман мешіттері, 27-сі православие шіркеулері, 10-ы католик костелі, 22-сі протестанттардың құлшылық үйлері. Оған қоса, діни рәсімдерді орындауға ыңғайланған 18 ғимарат бар. Олардың 18-і мұсылмандардың намаз оқитын орны болса, 1 православие часовнясы жұмыс істейді.
Қазіргі күні облысымыздың аумағында заңды түрде тіркеліп, діни уағызбен айналысып жүрген 96 миссионер бар. Біз өз құзыретіміз аясында олардың заңды бұзбауларын қадағалаймыз. Соңғы жүргізген әлеуметтік сұрау салу көрсеткендей, адамдардың 87 пайызы еліміздегі діни қатынастарды реттеу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға қанағаттанарлық білдіреді, 5,9 пайызы қолдамайтындықтарын айтса, 7,1 пайызы жауап беруге қиналатындықтарын мәлімдеген.
Дінаралық қатынастарды реттеу тек діни бірлестіктердің қызметін бақылау, заң бұзушылықтарға жол бермеу сияқты шаралармен ғана шектелмейді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың амалын ізде» дегендей, дінаралық қақтығыстарға, діни экстремизм, лаңкестік сияқты кесапаттарға жол бермеудің ең сенімді тәсілі – алдын алу екендігі түсінікті. Осы бағыттағы жұмыстарға дін істері басқармасы үлкен көңіл бөледі. Азаматтардың діни сауаттылығы мен білімін көтеру мақсатында 242 адамды біріктіретін 23 насихат тобы құрылып, облысымыздың барлық өңірлерінде белсенді жұмыс жүргізуде. Биылғы жылдың басынан бері осы насихат топтары 59135 адамды қамтыған 2061 шара өткізді. Бұл жұмыстарды дін істері басқармасы және басқарма жанынан құрылған «Дінаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Насихат» қоғамдық бірлестігі үйлестіріп отырады.
Жасыратыны жоқ, еліміздің тыныштығына қатер төндіретін діни ағымдардың көбі ислам дінінің ағымдары. Олардың қармағына түсіп жатқандардың дені діни сауаты жоқ адамдар. Осы орайда, дінтанушы теолог Н.Бақбасаров жетекшілік ететін «Насихат» қоғамдық бірлестігінің жүргізіп жатқан жұмыстарын атап өткен артық болмас. Жыл басынан бері осы қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен ауыл имамдарына арналған 5 оқыту курстары өтті. Ол курстарда республикалық діни ақпараттық топтың мүшесі Р.Батталұлы, Хазірет Сұлтан мешітінің ұстазы Д.Сманов, теолог А.Сабдин мен қари Т.Мұратов дәріс берді.
Түрлі қатерлі діни ағымдардың жұмысына тосқауыл қою шараларына Египеттің Аль Азхар университетін бітірген Р.Сәдуов, Нұр Мүбәрак университетінің түлегі Қ.Алшынбаев және Н.Бақбасаров сияқты сарапшылар тартылуда. Мәселен, жыл басынан бері Н.Бақбасаров – 127, ал Р.Сәдуов пен Қ.Алшынбаев 289 шара өткізді. Бұл шаралардың көбі адамдарды жеке қабылдап, әңгімелесу түрінде өтеді. Осындай әңгімелерден кейін теріс ағымдарға бой алдырып жүргендердің көбі райларынан қайтып, дәстүрлі Ханафи мәзхабына оралып жатады. Сонымен бірге, әйел жамағатпен жұмыс істейтін теолог мамандар да бар. Осы бағыттағы жүргізген жұмыстардың нәтижесінде 5 өзге ағымға өтіп кеткен әйел Ханафи мәзхабына қайта оралды.
Дін басқармасының жанынан құрылған «Дінаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандары ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Жыл басынан бері олар 48021 адамды қамтыған 1501 іс-шара өткізді. Сонымен бірге, экстремизмге қарсы түрлі форматтағы материалдар Ватсап телекоммуникациялық мессенджері арқылы 1000 абономентке жіберіліп тұрады. Жергілікті басылымдарда дін тақырыбына арналған 1600 материал жарияланды.
Жоғарыда айтылғандай, осы бағыттағы жүргізіліп жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. Облысымыздағы дінаралық қатынас қазіргі уақытта біршама тұрақты сақталып отыр. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстарды ешқашан әлсіретуге болмайды.
Болат ҚАСЕНОВ,
Ақмола облыстық дін істері
басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар