Жас келсе – іске

 Жақында Көкшетау қаласындағы осы заманғы кірпіш өнімдерін шығаратын «Енки» зауытында болғанымызда, жұмысшы кәсібінің көрігін қыздырған жап-жас қазақ қызын кезіктірдік. Демек, ер азаматтарды былай қойып, жаны нәзік жандар да жұмысшы мамандығының қыр-сырына қаныға алады екен ғой.

 

Өзін Салтанат Сағындықова деп таныстырған қаршадай қазақ қызы алып өндірістің  қайнаған ортасында білек сыбанып, жұмыс істеп жүр. Осы сәтте ауылдағы жұмыс жоқ деп, ауызын қу шөппен сүрткен жас жігіттердің селтеңбайлап жүргені ойға оралды. Жұмыс істеймін деген адамға екі қолға бір күрек табылады-ау. Әлде етектен тартқан еріншектік құлшынып жұмыс істеуге жар бермей ме екен?!.
Салтанат Сағындықова да шалғайдағы ауылда туып,  асқақ армандарға қол созған. Басқалар сияқты қазіргідей сәнге айналған қаржы, не заң қызметкері болуды қаламапты. Жұмысшы болу өмір мәніне айналғаны көрініп тұр.
Ауылдағы мектепте  9 сыныпты бітіргесін, өз мақсатына жету үшін Көкшетау қаласындағы жоғары техникалық мектепке  оқуға түседі. Мұнда құрылысшы мамандығын игеріп шығады. Соңғы курста қазір өзі  еңбек етіп жатқан «Енки» кірпіш зауытында іс-тәжірибеден өтеді. Жұмысы ұнаған болуы керек, зауыт әкімшілігінен ұсыныс түскенде бірден келісімін беріпті.
 Қазір ол өндірістен шығатын кірпіш өнімдеріне техникалық бақылау жасайды. Мамандығын  дұрыс таңдағанына сенімді екенін байқадық. Адам өз пешенесіне жазылған арман-қалауын шынайы құлшыныс танытқанда ғана жүзеге асыра алады. Салтанат та күні ертең жұмысшы кәсібінің қадір-қасиетіне одан сайын бойлап,  биік белестерден көрінеді деп ойлаймыз.
Өйткені, еңбек ететін ортасы оны осыған шыңдамай қоймайтындай. Бүгінгі таңда облыстағы ірі кәсіпорындардың бірінен саналатын «Енки» серіктестігі тек өткен жылы ғана керамикалық кірпіш шығаруды 6,9 пайызға ұлғайтты. Бұл табыста өздерінің де үлесі барын сезіну мұндағы жастарды жаңа биіктерге құлшындырмақшы.

Суретте: жас маман Салтанат Сағындықова.

Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар