Зейнетақы да, жәрдемақы да өседі

Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 30 қарашадағы «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына сәйкес 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы, басқа да бірқатар әлеуметтік төлемдер арттырылады деп күтілуде. Мәселен, зейнетақының ең төменгі мөлшері 31 245 теңге болса, жаңа жылдан бастап бұл сома 33 745 теңгеге дейін көбейеді. Ал, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 15 274 теңге болады.

Қазіргі нарық заманына байланысты жәрдемақыны және басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін айлық есептік көрсеткіш (АЕК)
2 405 теңге болады деп белгіленіп отыр. Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері
28 284 теңгені құрайтын болады. Айта кетейік, ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесі оның құрылымын қайта қарастыру есебімен өзгерілді.
Сонымен қатар, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдері және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері сегіз пайызға өседі. Ең төменгі күнкөріс мөлшерінің өзгеруіне байланысты мүгедектік бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшерлері қайта қарастырылады. Айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің арттырылуына байланысты, №1, №2 тізімдері бойынша мемлекеттік арнаулы жәрдемақы, баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала күтімі бо-йынша ай сайынғы және арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерлері де арттырылмақшы.
Жалақының ең төменгі мөлшерінің өсуіне байланысты мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға да (қамқоршыларға, қорғаншыларға) жәрдемақының мөлшері ұлғайтылады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбек қабілетінен айырылуы жағдайы бойынша және асыраушысынан айырылуы жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер 16 пайызға өседі.
Еліміздің «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» Заңына өзгерістер енгізілуіне байланысты жаңа жылдан бастап мүгедектер алатын ай сайынғы мемлекеттік әлеуметтік және арнаулы мемлекеттік жәрдемақыларды біріктіру көзделген. Яғни, бұл дегеніміз екі түрлі жәрдемақылар бір жәрдемақыға бірігеді.
Мысалы, бұрындары бірінші топ мүгедектері ай сайын мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны (МӘЖ) 43 538 теңге мөлшерінде және де бұған қосымша 3 381 теңге мөлшерінде мүгедектігі бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы (АМЖ) алатын. Оның жалпы сомасы 46 919 теңгені құрайтын еді. Ал, 2018 жылғы 1 қаңтардан бас-тап төлемдердің бірігуіне және ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты жәрдемақының мөлшері 54 306 теңгені құрайтын болады. Бұдан былай екінші топ мүгедектері ай сайын 43 275 теңге, үшінші топ мүгедектері 29 416 теңге жәрдемақы алады.
Арнайы мемлекеттік жәрдемақы төлемі тек зейнеткерлерге және Байқоңыр қаласында тұратын мүгедектерге мүгедектігіне байланысты зейнетақысы Ресей Федерациясының заңнамаларына сәйкес тағайындалған жағдайда сақталады. Сонымен қатар, зейнет жасындағы азаматтарға зейнетақы төлемдеріне қосымша ретінде мүгедектігі бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленбейді.

Виталий ГОРОДЕЦКИЙ,
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақмола облысы бойынша филиалы – «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы»
департаментінің директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар