Саны көп, сапасы аз болып тұр

Облыстық әкімдіктің жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен байланыс жөніндегі кеңестің кезекті отырысында өткен жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындылары шығарылып, алдағы жылдың жұмыс жоспары бекітілді. Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова ашып, жүргізіп отырды.

Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар өз қызметін барлық салаларда жүргізіп, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың қолы бара қоймайтын қосалқы шаруаларды атқаруда. Қазіргі күні облысымыздың аумағында тіркелген 522 үкіметтік емес ұйым бар болса, олардың тек 181-і ғана республикалық мәліметтер базасына тіркелген екен. Әділет департаменті өкілінің айтуынша, құзырлы органда тіркеліп алып, мүлдем жұмыс жүргізбейтін ұйымдар аз емес көрінеді. «Sara» қоғамдық қорының басшысы Сара Баймағамбетова үкіметтік емес ұйымдарға әдістемелік, құқықтық және тәжірибелік көмек көрсету бағытында бір жылдың ішінде атқарылған шаруалар жайында және туындап отырған түйткілді мәселелер туралы баяндады. Аталмыш қоғамдық қордың негізгі жұмысы үкіметтік емес ұйымдарға түрлі көмектер көрсетіп, ақыл-кеңес беру болса, жыл ішінде қор 3 оқу-тәжірибелік курс ұйымдастырып, оған 13 үкіметтік емес ұйымның өкілдері тартылған. Мемлекеттік қызметкерлер арасында бір семинар және бес шеберлік сабағын өткізіпті. Оған қоса, 4 электрондық жинақ, терминдер сөздігін және үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне арналған буклеттер шығарған.
Бүгінгі күні облыс бойынша республикалық және жергілікті бюджеттен үкіметтік емес ұйымдардың қызметін қаржыландыруға 481 миллион теңге қаржы бөлінеді екен. Бұл аз қаржы емес. Жоғарыда айтылғандай, бес жүзден астам үкіметтік емес ұйымнан республикалық мәліметтер базасына 181-і тіркелсе, қызмет көрсету бойынша өткізілетін конкурстарға қатысып, нақты жұмыс істеп жатқандары отыздың үстінде ғана. Яғни, аты бар да, заты жоқ ұйымдар көп. Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары үкіметтік емес ұйымдардың қызмет аясын да, нақты жұмыс істейтіндерінің санын да көтеру қажеттігіне назар аударды. Мұндай ұйымдардың дені облыс орталығы мен Степногорск қаласында, Астана маңындағы аудандар мен Атбасар, Бурабай сияқты бірнеше іргелі аудандарда ғана орналасқан. Ал, шалғай аудандардың көбінде үкіметтік емес ұйымдар атымен жоқ. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары жұмыс тобын құрып, аудандарға барып көшпелі мәжілістер өткізу, үгіт-насихат жұмыстарын өрістету қажеттігін баса атап көрсетті.
Сонымен бірге, кеңесте үкіметтік емес ұйымдарға қызмет ұсынатын құзырлы орган өкілдерінің есептері де тыңдалды. Үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істейтіндер негізінен ішкі саясат, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармалары мен денсаулық, білім, спорт, дін істері жөніндегі басқармалар. Ал, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, энергетика салалары бойынша құзырлы органдар үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне көңіл бөлмей отыр. Алдағы жылда бұл жұмыстар сапалық жағынан да, сандық көрсеткіш бойынша да алға басуы тиіс. Ол үшін құзырлы органдар үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, осы бағытта белсенді жұмыс жүргізулері керек.

Қалкөз Жүсіп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар