Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

Өткен жылы облыстық құрылыс басқармасы «Нұрлы жер», «Өңірлерді дамыту-2020» және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары аясында тұрғын үй құрылысы және инженерлік-коммуникациялық инфроқұрылымдарды дамыту, әлеуметтік нысандардың құрылысы, сумен қамтамасыз ету және ауыз судың қорын іздеу-барлау жұмысын жүргізу тәрізді бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асырды.

Былтырғы жылы 21 миллиард теңгенің 21-ші бюджеттік даму бағдарламасы жүзеге асырылды. Бұл облыстық жылдық даму бюджетінің 60 пайызын құрайды. Жыл қорытындысы бойынша қаржының 99,8 пайызы игерілді. 2017 жылы тұрғын үй құрылысы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 3,8 миллиард теңге бөлінді. Оның 1,1 миллиард теңгесі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына жұмсалды. Сөйтіп, 8,145 шақырым инженерлік жүйе тартылды. «Тұрғын үй құрылысы жинақтау жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй құрылысы» бағдарламасы бойынша Көкшетау қаласында 7 несиелік үй салынуда. Құрылыс мемлекеттік құнды қағаздар шығару арқылы «Бәйтерек девелопмент» акционерлік қоғамының қаржысын тарту есебінен жүргізілуде.
Өткен жылы бес көп пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 171 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы 2016 жылы басталған еді. «Әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар үшін жалға берілетін тұрғын үй қорын құру» бағыты аясында Аршалы мен Жақсы кенттерінде тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Өткен жылы өңірде жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар үшін төрт тұрғын үй пайдалануға берілді. Балкашин кентінде 18 отбасы қоныс тойын тойлады. Сондай-ақ, Степняк, Ерейментау, Макинск қалаларындағы тұрғын үйлердің құрылысы төрт жылға созылғанын атап өткен жөн. Тұрғын үйлерді пайдалануға берудің жылдық жоспары орындалды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2018 жылы 6,2 миллиард теңгенің 25 жобасына өтінім берілді. Бұл тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Өткен жылы әлеуметтік саладағы 31 нысанның құрылысына 7,5 миллиард теңге бөлінді. Көкшетау қаласы мен Астрахан, Бұланды, Зеренді, Целиноград, Бурабай, Есіл, Сандықтау, Шортанды аудандарындағы он бес әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде Ақкөл қаласы мен Зеренді, Целиноград, Есіл аудандарындағы проблемалық нысандар бар. Білім саласындағы 18 нысанның құрылысына 3,7 мил-лиард теңге бөлінді. Өткен жылы жоспарланған алты нысан пайдалануға берілді. 2018 жылы 12 жобаның құрылысы аяқталады. Денсаулық сақтау саласындағы 4 нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 149,8 миллион теңге бөлініп, Бурабай, Зеренді, Есіл, Целиноград аудандарындағы медициналық мекемелер іске қосылды. 2018 жылы облыстың әлеуметтік саласында 69 жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде 42 нысанның құрылысы қарастырылған. Бұл мақсатқа 9,6 миллиард теңге бөлінген. Басқарма бұл жобаларды жүзеге асыруға кірісіп кетті. Мемлекеттік сатып алу жоспары жасалды. Конкурс өткізу үшін техникалық құжаттама дайындалуда.
Биыл облыстағы ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы одан әрі жалғасады. Осы бағытта 20 жобаны жүзеге асыруға «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 4,6 миллиард теңге бөлінген. 2018 жылы ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ететін 11 нысан іске қосылады, 216,6 шақырым жаңа су құбыры жүйесі тартылады. Мұндағы құрылыс жұмысы аяқталған. Пайдалануға беру актілеріне қол қою үрдісі басталды. 9 жобаның жұмысы 2018 жылы жүргізіледі. 2017 жылы облыстағы 5 елді мекеннің тұрғындары орталықтандырылған суға қол жеткізді. Бұған дейін олар суды құдықтан немесе тасымалдап ішті. Биылғы жылы сумен қамтамасыз ететін нысандар пайдалануға берілсе, ауылдық елді мекендердің 58 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл бағытта Ақмола облысы республика бойынша алтыншы орында тұр. Жаңа жылда орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген ауылдық елді мекендер саны 357-іні құрайды. Суды тасымалдап ішетін ауылдың саны 22 ауылға азаяды. Жыл қорытындысы бойынша 19 елді мекенді жерасты суымен қамтамасыз етудің іздеу-барлау жұмысы аяқталды. Өңірдің 44 елді мекеніндегі нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, 43 елді мекенде жұмыс басталды. Ауыз су алатын үш су көзі мен жерасты суының бір учаскесіндегі жұмыс биыл аяқталады. Өткен жылы бұл мақсатта 573,404 миллион теңге бюджет қаржысы игерілді.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Макинск қаласындағы құс фабрикасының өндірістік инженерлік инфрақұрылымын салуға 1070,5 миллион теңге бөлінді. Өткен жылы сумен қамтамасыз етудің жүйесі мен нысандарының құрылысына бөлінген қаржы толық игерілді. Биыл 250 миллион теңгенің жұмысы атқарылады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында облыстық бюджет қаржысы есебінен Ақкөл ауданындағы туристік базаның инженерлік инфрақұрылымы салынды. Электрмен қамтамасыз ету желісі, сыртқы сумен қамтамасыз ету және кәріз жүйесі пайдалануға берілді. 2018 жылы республикалық бюджет сумен қамтамасыз етудің он жобасын қаржыландырады. Целиноград пен Жақсы аудандарындағы алты жобаны аяқтау жоспарланған. Биылғы жылы 11 жобаны қаржыландыруға және Астананың іргесіндегі аумақты дамытудың кешенді жоспары бойынша 20 жобалық-сметалық құжаттама жасауға облыстық бюджеттен 774,386 миллион теңге қарастырылған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бо-йынша Макинск құс фабрикасының екі нысанындағы инженерлік жүйесінің жұмысы жалғасады. Сөйтіп, биылғы жылы да құрылыс қарқыны бәсеңдемейді.

Марат ӘУБӘКІРОВ,
облыстық құрылыс басқармасының
басшысы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *