Бақыттың бір белесі

 «Сөз өнері дертпен тең» депті Абай хакім. Арғы астарында жаратылыстың жұмбақ құдіретімен тұла бойыңа дарыған өнерді әлдебір дәрінің қуатымен немесе қылпылдаған қандауырмен сылып тастай алмас едіңіз. Тайқы маңдайға жазған тағдырдың сыйы да. Бәлкім, тым-тым ауыр, бәлкім, сөздің құны бөздің құнынан арзандап кеткен бүгінгі заманда қадірі кем, қасиеті аздау көрінгенімен, табысы шамалы, жалақысы жарытымсыз болғанымен, ат төбеліндей қалам ұстаған қауымның жол ортасында мамандық ауыстырып, басқа кәсіпке төселіп кеткенін көре қойған жоқпыз. Қаншалықты жанын жеп, жүйкеге салмақ салатын қияпатты шаруасы бастан асып жатса да, әуел бастан жан жүрегімен қалап, бүкіл ғұмырыңды арнаған сөз өнерінен енді қайтып ат кекілін үзіп кете алмас едіңіз. Дерт дейтіні де содан шығар. Бақыт Қайыржанұлы әуел баста еңбек әліппесін бұрынғы Көкшетау облысының Қызылту ауданына қарасты Өндіріс ауылындағы білім ошағында мұғалім болып бастапты. Кейін сол кездегі көкөрім жастар тәрізді кеңес әскері қатарында парызын өтеген. Одан соң облыс орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Институт қабырғасында жүргенде-ақ ғылыми жұмысқа талабы барлығын білетін едік. Алдынан мыңдаған шәкірт өткеріп, әрқайсысының қабілеті мен қарымын жаза баспай танитын ұстаздары да Бақыттан үлкен үміт күткен. Ойға алған шаруасын бір ыңғайламай басыла қоймайтын, табанды мінезі бар Бақыт әдебиет әлемінің мың қатпарлы шаруасына бел буып жегіліп кеткенінде ендігі бір биіктен көрінетін уақыты әбден болып еді. Оған қабілеті де, қайраты да қаптал жететін. Жоғары оқу орнын аяқтаған сәтте жазған диплом жұмысы да жоғары бағаланған болатын. Өмір айдынында желкенін керген жастықтың бағдарсыз қайығының қай тарапқа бет алары белгісіз. Жанай соққан  жел де, тура қаққан толқын да бағытын бұруға әсер ететіндігі даусыз. Қазіргі күні өзі де анық айта алмас еді. Әйтеуір, жүрегіне журналистика жақын болған. Сөйтіп, 1991 жылы облыстық «Көкшетау» газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа орналасты. Содан бастап журналистика саласындағы қауырт еңбегі басталды. Көзі қарақты газет оқырманы дайын өнім, яки, газет бетіндегі әрқилы тақырыптағы материалдарды оқығанымен, сол дүниенің қалай дайындалатынын пайымдай бермейтін де шығар. Әр кәсіптің өз қиындығы бар. Мамандығына адал, ісіне берік журналист ойға алған тақырыбын ашу жолында мың толғанып, жүз ойланып барып қалам тербетер. Дәл сол уағында оның арғы әлеміндегі білім мен білік таразы басына тартылар. Асылында сөз жаныңды жеп шығады. Сөз дәмін, алуан бояуын сезіне алмасаң, бәрі бекер. Бақыт та осындай өз мамандығының ауыртпалығын қажымай, талмай көтеріп келе жатқан қабырғалы қаламгерге айналғанынша іздену, толысу жолынан өтті.
Әрқилы себептермен жергілікті «Алаш үні», «Бұқпа!» газеттерінде істеді. Осы газет редакторларының орынбасары болды. Әсіресе, тәуелсіз «Бұқпа!» газетінде жүргенінде өнімді еңбек етті. Сөз еркіндігі мол тәуелсіз газеттің ащы да, ақырып та айта алатын ерекшелігі бар. Төбесінен төніп, тізгінін тартып отырған ешкім жоқ. Тек жазғаның шындық болсын. Негізі, қалам қайратымен әділет іздеген, шындықты көксеген адамға пайдасы тиген журналисте арман жоқ шығар.
1999 жылы Бақыт Смағұл облыстық «Арқа ажары» газетіне оралды. Қаламының желі бар жүйрік журналист мұнда да алғыс арқалады, абыройға бөленді. Кез-келген қалам иесінің оң жамбасына келетін, ұңғыл-шұңғылын әбден зерттеген өз тақырыбы болады. Ертеректе облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде еңбек жолымызды жаңа бастаған «сарыауыз балапан» кезімізде небір жүйріктерді көрдік. Марқұм, белгілі журналист Мәули Әлімов ағам ауыл шаруашылығы бөлімінде істеді. Бөлмеде отырып-ақ облыс бойынша жүз қойдан қанша қозы алынып, әр қойдан қанша жүн қырқылып жатқанын, қай ауданда қанша қой бар екендігін жатқа айтатын. Озат шопандардың сол жылғы табысын да қойын дәптерін ақтармай-ақ, қолмен қойғандай тізіп беретін. Алғаш жолсапарға шығып, жүз қойдан тоқсан қозы алған шопанды мақтап жазғанымда, күлгені бар еді. Содан соң жабыдан жүйрікті ажырату, тұғырдан тұлпарды бөлектеу жосығын үйреткен. Ол кездегі біз алдын көрген журналистика мектебінің дәстүрі, өнегесі тілмен айтып жеткізгісіз.
Ішіктің ішкі бауындай араласып жүрген әріптесім Бақыт та ілкіден келе жатқан сол мектептің тәлім-тәрбиесін көрді, балауса қаламын ұштады. Өсті, жетілді. Ердің жасы елуге толып жатқанында әріптес жайлы бір ауыз лебіз білдіргелі іштей сөз жұптап, пікір сабақтадым. Қолыма Бақыттың 2012 жылы жарық көрген «Арым – араша» атты жинағы ілікті. Осы жинақта журналистік еңбегінің бір парасы топтастырылған. Ашып оқып отырсаңыз, шым-шытырық оқиғаларға килігіп жүрген журналисті көресіз. Журналист болғанда да әділетсіздікке төзбейтін, бұра тартқандармен белдесуден таймайтын табанды журналист. Кей тұста жапа шеккендерге қамқор болыпты. Енді бір кезде алдына келіп мұңын айтқан қарапайым адамның жоғын жоқтап, шындықтың шебін бірге бекітіскен. Кейбір әріптестің кілең мақалалардан жинақталған кітапқа мұрнын шүйіріп қарайтын әдеті де бар. Менің ойымша халқына қаламмен қызмет етіп жүрген журналистің артына қалдырар мұрасын, азды-көпті еңбегін айғақтайтын дәйегі ғұмыры бір күндік газет бетінде жарық көрген мақалаларының ішіндегі біздің тілмен айтқанда «сүйектісін» сүзгіден өткізіп, халқына қайра ұсынып жатуының еш әбестігі жоқ. Бұл да бір ойыңды ойға, санаңды сегізге бөліп, көз майыңды тауысып жазған өз еңбегің ғой.
Облыстық «Арқа ажары» газетінің «Ішкі саясат және заң» бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақыт Смағұл қалам қайратына орай еңбегінің жемісін де көріп келеді. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің арнайы дипломымен марапатталды. Екі мәрте облыс әкімінің «Алтын қалам» облыстық байқауының иегері атанды.
Басқа кәсіп иелерінің дағдысын кім білсін, қолына қалам ұстаған журналист қауым көзін тырнап ашқан бозала таңнан бастап тың тақырып іздер. Өзге көрмеген, басқаның жанарына ілікпеген, ойына оралмаған тың дүние болса, шіркін. Қоғам дейтін бүлкілдеп қайнап, бұлықсып ағып жатқан айдынға қармақ салған, салған қармағынан салмақты дүние дәметкен көңіл де. Іліксе елдің жақсылығын айтпақ, озғанын өзгеге мысал етпек, өнегесін танытпақ. Жалпақ жұртты жасампаз іске жұмылдырып, бір мақсатқа топтастырып, елдіктің қамын ойлар. Біз білетін, сіздер жазғанын оқитын Бақыт та осы бағытта жүрдек қаламын қамшылап, ой тербеп келеді. Сол сапар ұзақ болғай!

 

 

Құрметті Бақыт Қайыржанұлы!

 

Сізді ердің жасы – 50-ге толуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Міне, көп жылдан бері бірімізге іні, бірімізге аға болып, «Арқа ажары» газетінде жемісті еңбек етіп келе жатырсыз. Осы жолда қаламыңыздың қарымын, білім-білігіңізді танытып, ел құрметіне бөлендіңіз.
 Алдағы уақытта да Сізге осы бетіңізден таймай, жаңа шығармашылық табыстарға жете беруіңізге тілектестігімізді білдіреміз. Денсаулығыңыз зор, өмір жасыңыз ұзақ, отбасыңыз аман болып, балаларыңыз бен немерелеріңіздің қызық-қуанышын көріңіз. Имандылық жолындағы ізгі қадамыңыз да оңынан оңғарылып, әр күніңіз жақсылыққа толы болсын!
Ізгі ниетпен: «Арқа ажары» газетінің ұжымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар