Бес жылда бір адамға да жылжымаған бұл не қылған кезек?!.

Мен 43 жыл бойы шаруашылықта шопан болып, еліме адал еңбек еттім. Өмір бойы қыстың бораны, жаздың аптабында күн-түнім алдымен Еңбекшілдер ауданының «Донской», кейін Бурабай ауданының «Мәдениет» кеңшарларының Жаңаталап ауылында қой соңында өтті. Бұлай деп отырғаным, кешегі Кеңес одағы кезінде біздің ауылды қоспаған аудан, қоспаған шаруашылық жоқ. Үнемі бір төбенің басында бір отар қоймен өміріміз өтті.

1982 жылы шаруашылығымызға «Абылай хан» (сол кездегі Фрунзе) кеңшарында бас мал дәрігері болып істеген Егінбай Әбішев директор болып келді. Осы директордың арқасында қой шаруашылығы өрге басып, көптеген шопандар өз жұмыстарында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрді. Соның ішінде мен де ұдайы әр жүз саулықтан 100-110 қозыдан алып жүрдім. Бұған бір жағынан, 1956 жылдан он төрт жасымнан бастап қой баққан мол тәжірибем де көмектесті.
Бертін заман өзгеріп, ауыл шаруашылығы мүлдем қирап, біз жан-тәнімізді салған жұмыстың да тоз-тозы шықты. Жұрт ауылда мән қалмаған соң, қалаға қарай қозғала бастады. Сол кезде 11 бала тәрбиелеп өсірген Батыр ана, зайыбым Шолпан аурудың зардабынан бірінші топтағы мүгедек болатын. 14 жыл бойы сырқаттың ауыртпалығын тартып, үш рет инсульт алған еді.
Осы балаларымның анасы, өмірлік серігімнің денсаулығына қарайлап, іргедегі Щучинск қаласына көшіп бардым. 2006 жылы қалада тұрғын үй кезегіне тұрған едім. 2012 жылы төртінші категория бойынша тұрған кезегімді тексерткенде тізімде 11-інші болып тұр екем. Әне-міне алты жыл бойы күткен пәтеріме қолым жетіп қалатындай көрінген. Содан бері тағы бес жыл зырлап өте шығыпты. Сонда менің кезекте тұрғаныма ұзын-ырғасы 11 жыл толып, жаңа 2018 жылда он екінші жылға кетеді екен. Сол он екі жылда жылына бір пәтерден жылжыса да, ендігі үй алып қалатындай кезім болып еді.
Бірақ, бұл не масқара?! Әкімдік, оның тұрғын үй бөліміндегілер 2012 жылы кезекте әлі 11-інші болып тұрсам, қазір де арада бақандай бес жыл өткенде әлі сол 11-інші болып тұрғанымды айтады. Бұған күйінбегенде қайтесің?! Одан бері Щучинск қаласында оншақты үй салынды. Бұл шамамен бері алғанның өзінде 400-500 пәтер деген сөз. Сонда менің кезегім неге жылжымайды? Мұндай әділетсіздікке мысым құрып, әкімдік, тұрғын үй бөлімі, прокуратураның арасында сенделіп жүремін де қоямын. Тіпті болмаған соң, Елбасыға дейін жаздым. Бірақ, әлі де ештеңе өзгермей тұр. Президент әкімшілігіндегілер жергілікті жерге жібереді, ал, мұндағылар өздерінің үйреншікті жауабын кесе-көлденеңдетеді. Ол жауаптары – тосыңыз, қашан кезегіңіз келеді, сонда аласыз, тағысын тағылар. Жоғары жаққа жауап солай тоғытылады. Бұл түрімен біз бұл дүниеде жоқ болғанда ғана кезегіміз келер. Бірақ, одан не пайда?! Тірі адам бұл өмірдің жақсылығын тірісінде көруі керек емес пе?!.
Өмірде қарапайым қойшы болып өткенімізбен біз де бір нәрсені білеміз. Бұрынғы аудан әкімі Төлеген Тәшмағамбетовтың кезінде 2015 жылы 6 подъезді, 6 қабатты 144 пәтерлі үй пайдалануға берілді. Мен өзіме тиесілі баспананы, егер тұрғын үй кезегі әділетті жылжыса, сол үйден алуға тиіс едім. Бірақ, «көз қысты, бармақ бастымен» әкімнің қарамағындағылардың әділ жолды ұстанбауынан, заңды кезекте тұрған менің емес, өзге пысықайлардың жолы болып кетуінен әлі күнге үйсізбін.

Күні бүгінге дейін 90-ыншы жылдардың аяғында жұмыстың болмауынан, ең төменгі мөлшермен шыққан айлық зейнетақымның 30 мың теңгесін беріп, жалдамалы пәтерде тұрып жатырмын. Сіздердің редакцияларыңызға жолдап отырған бұл хатыма аудан басшыларының беретін жауабы да маған күні бұрын белгілі. Сол бір шеті Президент әкімшілігіне жолданған үйреншікті жолдар. Бірақ, ақиқат бәрінен де қымбат деп амалсыздан облыстық «Арқа ажары» газетіне осы хатымды жолдап отырмын. Ел біздей қарапайым адамдардың әділдік таппаған хал-жайын тағы бір білсін!

Жақсылық ҚҰРМАНҒОЖИН,
еңбек ардагері.
Щучинск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар