Дүбірлі дүние

Ұлттық валютасынан мән кетті

Молдавияда ұлттық валютаның құлдырауынан халық дүкендердің сөрелерінен азық-түлік өнімдері мен тауарларды жылан жалағандай етуде. Тек соңғы тәуліктің өзінде бағаның екі рет қымбаттауы салдарынан ірі сауда орталықтарында ұбақ-шұбақ кезектер пайда болды.
Бұған қоса, жанар-жағар май да қымбаттауға айналды. Бензин құнын өзгерту үшін кейбір жанар май станциялары жабылып қалды. Ал, жұмыс істеп жатқандарында көлік кезегі бір толастамауда. Өткен жылы молдаван лейінің курсы долларға шаққанда 20 пайыз төмендеген болатын. Биыл бұл көрсеткіш 25 пайызға жетіп, соңғы күндері ұлттық валюта – лей одан сайын құлдырауда.

 

Жұмыс жоқ, кедей-кепшік көп

17 ақпанда Косово республикасы  өз тәуелсіздігінің жеті жылдығын  атап өтті. Бриштиндегі мереке терең экономикалық дағдарыс жағдайында өтті. Косовадағы жұмыссыздық еңбекке қабілетті тұрғындардың 30 пайызын құрайды. Кедейшілік жағдайда өмір сүріп жатқан тұрғындардың қарасы өте көп. Жұмыстың жоқтығы косовалықтарды Батыс Европаға жайлы өмір іздетіп тентіретуде. Венгрия полициясының мәлімдеуінше, тек биыл жыл басынан бері ғана 23 мың мигрант елдің шекарасын кесіп өткен.

 

Толассыз қар тосылтып тастады

Канаданың кей провинцияларында рекордтық мөлшерде жауған қардан мектептер жабылып, жолдарды қар басып қалған. Аймақта аптаның басынан бері барлық мектептер, сондай-ақ, көптеген мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік дүкендер  қар «тұтқынында» жатыр. Өткен күндері орташа есеппен 60 сантиметр биіктіктен астам қар жауған. Қар жинайтын техника көшелерді тазалап үлгере алмауда. Қардың бір мезгілде шамадан тыс көп жауғанынан әуежайларда жүздеген авиарейстер кейінге шегеріліп, ұшақтарды қар басып тұр. 8 мыңнан астам үй шаруашылығына жарықтың берілмеуіне әкеліп соққан табиғаттың тосын мінезі енді ғана бәсеңсіп, қардың жаууы аздап толастай бастады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар