Ел сенімі ақталды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Геннадий Головкинге кәсіпқойлар арасындағы бокстан әлем чемпионы атағын қорғауына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады.

Бұл кездесуді бүкіл қазақстандықтар түні бойы тағатсыздана күтіп, ұйқы көрмеді десе де болады. Таң алдында біз үшін ақ түйенің қарны тағы бір жарылып, Геннадийдің жеңісі алып келген қуанышымызда шек болмады. Күні бойы кіммен әңгімелессең де, сөз тек осы туралы, қазақ елінің сайыпқыраны Генаның WBA және IBO версиялары бойынша чемпиондық атағын қорғау үшін болған жекпе-жекте британиялық Мартин Мюррейді 11-інші раундта нокаутпен жеңгені жөнінде болды. Сөйтіп, осы бір сүйкімді отандасымызға артқан бүкіл ел сенімі одан сайын ақталып, әлі де керемет бір қуаныштың, осындай ұлдары бар туған Қазақстанымыз үшін асқақтаған көтеріңкі көңіл-күйдің жетегінде жүргендейміз.
Елбасы даңқты спортшымызға жолдаған өзінің жеделхатында  «қазақстандықтар сенің әрбір табысыңа қуанады. Біз сенің келесі жекпе-жектерің-де отандық спорттың мәртебесін асырып, бұдан да жоғары деңгейге көтеретініне, өскелең ұрпаққа үлгі болатынына сенімдіміз», – деп атап көрсете келе,  атақты боксшыға мықты денсаулық және жаңа жеңістер тіледі.
Монаконың  Монте-Карло қаласындағы Salle des Etoiles аренасында өткен жекпе-жек барысында Генамыз қарсыласын төртінші раундта  екі рет нокдаунға жіберіп, оныншы раундта осынысын тағы бір қайталап, әбден есін шығарумен болды. Ал,  он бірінші раундта осындай ауыр соққылардан кейін төреші кездесу аяқталмай жатып, оны Геннадий Головкиннің пайдасына тоқтатуға мәжбүр болды.
Сөйтіп, кәсіпқой бокста ұтыс санын 32-ге жеткізіп, оның 29-ын нокаутпен аяқтаған отандасымыз атақты Майк Тайсонның нокаут саны жөніндегі рекордын қайталады. Ешкімге дес бермес қазақстандық спортшы келесі жекпе-жектерінде бұл рекордты одан әрі жаңартатынына ешқайсымыздың шүбәміз болмаса керек.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар