Абайлаңыз! Пайдалану мерзімі өтіп кеткен, бүлінуге айналған азық-түлік сатып алып жүрмеңіз!

Күнделікті дүкеннен, болмаса базардан сатып алып, тұтынып жүрген азық-түлік өнімдері денсаулыққа қауіпсіз бе, сапалық жағынан санитарлық талаптарға жауап бере ме? Өкінішке орай, түрлі әлеміштенген орамдарға оралып ұсынылатын тауарлардың сапалы, не сапасыз екендігін бәріміз біле бермейміз. Бұл арада тұтынушыға Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің облыстық департаменті қызметкерлері көмекке келеді.

Аталмыш департамент мамандарының негізгі жұмысы – сауда орындарындағы сатуға шығарылған өнімдердің санитарлық талаптарға жауап беретінін, не бермейтінін анықтау. Биылғы жылы департамент мамандарымен 334 сауда орнының 3093 азық-түлік тауары зерттелді. Зертханалық зерттеудің қорытындысына сай, 532 немесе барлық зерттелген тауарлардың 17,2 пайызы санитарлық талапқа сай еместігі анықталды. Тұтынушыларға осындай санитарлық талапқа сай келмейтін азық-түлік өнімдерін ұсынушылардың арасында Ресей, Қытай, Түркия, Қырғызстан сияқты шет елдік компаниялармен бірге отандық өндірушілер де бар.
Санитарлық талапқа сай келмейтін өнімдерді сатуға шығарған сауда орындары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Департамент қызметкерлерінің араласуымен сауда орындарынан санитарлық талапқа сай келмейтін 3560,6 келі өнім алынып тасталды. Біздің жұмысымыздың нәтижесі жарамсыз өнімдерді сатудан алып тастап, оны саудаға шығарғандарды жауапкершілікке тарту ғана емес, ең бастысы, сондай сапасыз өнімдердің саудаға шығарылуына тосқауыл қою. Осы орайда, 2016 жылмен салыстырғанда биылғы жылы сапасыз өнімдер көлемінің біршама азайғаны департамент тарапынан атқарылған жұмыстардың нәтижесі десе болады.
Егер өнім сапасына күмән келтірген болсаңыз, онда департаментке хабарласып, азық-түлік тауарының сапалы, не сапасыздығын анықтауыңызға болады. Бұл үшін қажетті ақпараттарды департаменттің kooz.gov.kz сайтынан ала аласыз.

Айнагүл МУСИНА,
Ақмола облыстық қоғамдық
денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар