Ұзақ мерзімді мақсаттардың бағдарламасы

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауына қатысты Мәлімдемесі мен Жолдауы Ақмола облысы жұртшылығының үлкен қызығушылығын туғызып отыр. Елбасының Мәлімдемесін тыңдап және Жолдаудың өзімен танысып жатқан ақмолалықтар тәуелсіз еліміздің ұзақ мерзімді бағдарламасы болып саналатын 10 міндеттің барлығы да өзекті мәселе екендігін және оларды орындаудың ел экономикасын арттырудағы зор маңызы бар екендігін атап көрсетеді. Біз бүгін «Арқа ажары» газетінің редакция поштасына келіп түскен бір топ оқырмандарымыздың Жолдауға қатысты ой-пікірлерін жариялап отырмыз. Қосар ой, айтар пікіріңіз болса, қабыл аламыз!

Жедел басқару жұмысты жеделдетеді

Біздің бүгінгі жұмыс күніміз Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті Жолдауын ұжым болып талқылаудан басталды. Онда жылдың басты құжаты еліміз үшін айрықша маңыздағы мәселелерді алға тартуымен ерекшеленетіні атап көрсетілді. Себебі, Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы индустрияландыру бағдарламасымен құрылған кәсіпорнымыздың табысты қадамдарына тың серпін қосатыны анық.
Мен зауыт құрылған 2010 жылдан бастап жұмыс істеп келемін. Әртүрлі буындарда тәжірибе жинақтап, бүгінгі күні кептіру пешінің операторы мамандығын игердім. Бұл кәсіпорынның шешуші учаскесі саналады. Мұны мынадай мысалдармен ашып көрсетуге болады. Жалпы «ЕНКИ» серіктестігінде 15 бөліктен тұратын нысан бар. Өндірістік құрылымдардың 90 пайызы автоматтандырылған. Зауыт басшылығы биыл жұмыс барысын қуаттандыру үшін еуро талаптарға негізделген жабдықтардың жаңа легін алып келуді жоспарлап отыр. Яғни, уақыт ағымындағы күрделі міндеттер шебінде өндірістегі басқару орталықтары басты жүктемені атқарады дегім келеді.
Елбасы өз Жолдауында: «Кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізу қажет. Кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуге, сондай-ақ, өндірушілердің өз жұмыстарының экологиялық тазалығы мен тиімділігіне қойылатын талаптарды арттыру керек» деген міндеттерге басымдық берді. Бұл ұстаным бізде бар. Ал, жоғарыда айтылған мысалдар бұл бағыттағы ізденістердің үнемі жалғасын табатындығын білдіреді. Қазіргі қайтарым да көлемді. Зауыт өткен жылы 43 түрлі өнім шығарып, ішкі-сыртқы нарыққа 60 миллион дана керамикалық кірпіш жеткізді. Жаңа жылға белгіленген межелер де биік. Біздің әрқайсымыз өз учаскемізде уақыт талабы деңгейінде жұмыс істеу арқылы жетістіктерді еселей түсуге күш саламыз.

Ырысбек Аушахметов,
«ЕНКИ» ЖШС компьютерлік басқару орталығының операторы.

Білім – болашақтың кепілі

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы елінің болашағы мен ертеңін көрегендікпен болжау арқылы, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырғандығы ақиқат. Терең мағынаға ие әрбір жаңа Жолдау – ең алдымен егемен еліміздің ертеңгі жарқын болашағына бастар басты бағыт.
«Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс» деп зор міндет жүктеген Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы жас мемлекетіміздің келесі бір даму кезеңіне аяқ басқанын айғақтайды. Жолдауда аталған он басымдықтың дені бір арнаға тоғысады. Ол заман талабына сай туындап отырған экономикалық жаңа өзгерістерге қабілетті жаңа Қазақстанды қалыптастыру болып табылады. Экономикамызды жаһандық бәсекеге қабілетті етіп қайта құра отырып, сол жаңа технологиялармен жұмыс жасай алатын ІТ-білімді, қаржылық сауатты, ұлтжанды жас ұрпақ тәрбиелеп өсіруіміз керек.
Осы орайда, Жолдаудағы «Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек. Осыған орай, металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және ІТ-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек» деп бағыт сілтеуі кәсіби маман даярлауда үлкен жауапкершілік жүктеп, студенттер мен оқытушылардан ғылыми ізденіс пен кәсіби шеберлік, біліктілікті талап етеді. Ол үшін білім жүйесін инновациялық технологиялармен жабдықтап, білім алу мен білім берудің, оқытудың халықаралық талаптарын меңгерудің маңызы зор.
Осы орайда, тарихы тереңде жатқан ордалы оқу орнында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар Елбасы Жолдауында белгіленген міндеттермен өз үйлесімін тауып отыр деп айта аламыз. Аталған білім ордасында үздіксіз білім берудің нақты жүйесі құрылған. Қазіргі уақытта аталмыш білім шаңырағы бакалавриат, магистратура және докторантурадан тұратын көп деңгейлі құрылым болып табылады. Аталмыш оқу ордасында оқу үрдісін заманауи білім беру технологиялары негізінде жаңғыртуға, маман даярлаудың сапасына, ғылыми-педагогикалық кадрлардың әлеуетін нығайтуға көп көңіл бөлінуде. Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатымен физикалық, химиялық, техникалық және ауыл шаруашылығы зертханалары жаңадан жабдықталып, ғылыми-өндірістік кешен құрылды. Университеттің қазіргі кездегі негізгі ұстанымы, мақсат-мүдделері жаңа арнаға бет бұрған. Терең, жан-жақты білім беру, сапалық көрсеткіштерді арттырумен қатар, Елбасының жалпы жоғары оқу орындарына, университет оқыту-шыларына қойып отырған талаптарына сәйкес, аймақтық университеттердің мәртебесін көтеру, сол аймаққа маман даярлайтын болғандықтан, осы өңірге тән проблемалардың шешімін табу мақсатында аграрлық-техникалық бағыттағы мамандықтарды дамыту мәселесі алға қойылып отыр. Себебі, Ақмола облысы және оған көршілес орналасқан бірқатар аймақтар – аграрлық шаруашылыққа негізделген. Осыған орай, университет құрамында ғылыми-оқу-өндірістік «Элит» кешені ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта біздің студенттеріміздің сонда барып, іс-тәжірибеден өтуіне мүмкіндік жасалды, екіншіден, аталған кешенде 144 дәнді және майлы дақылдар сорттарын аймаққа үйлестіру, қалыптастыру, бейімдеу бағытындағы ғылыми жұмыстар да жүзеге асырылуда. Мұндағы түпкі мақсатымыз – білікті мамандар даярлайтын оқу-ғылыми кешенін құру. Сонымен бірге, университеттің оқу-зертханалық базасы қазіргі заман талабына сай толығымен жаңартылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Атқарылып жатқан ауқымды істердің арқасында университетіміздің абыройы артып, республикамыздың ЖОО-лары арасында жоғары деңгейге көтеріліп отыр. Осы зертханалардың ойдағыдай жұмыс істеп, одан да үлкен нәтижелерге қол жеткізуі үшін ұстаздарымыз бен мамандарымыздың біліктілігін арттыруды бірінші кезекке қойып отырмыз. Алдымызда тұрған үлкен бір мәселе – университеттің ғылыми әлеуетін арттыру. Осы мақсатта таяуда университет ғалымдары Ресейдің Омбы қаласындағы аграрлық университетіне тәжірибе алмасу мақсатында баруды жоспарлап отыр.Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жас азаматтарын білімді, еңбекқор, бастамашыл және белсенді болуға шақырып отыр. Президентіміз бізге барлық мүмкіндікті жасап берді, тек соларды дұрыс қолдана білейік, дегім келеді. Осының бәріне біз Тәуелсіздік арқылы әрі Елбасының сарабдал саясатының арқасында қол жеткізіп келеміз.
Қай кезеңде болмасын білім сапасын жақсарту, тәрбиені тәлімді жүргізу педагогтардың басты мақсаты болып қала бермек. Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында білім беру жүйесін дамытудың бағыттарының бірі оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және адами капиталын дамыту деп атап кетті. Сонымен қатар, бүгінгі жағдайда білімді жаһандандыру ұлттың қуаты мен әл-ауқаттылығын анықтайтын фактор болып отыр. Бұл басымдылыққа біздің Мемлекет басшысы әрдайым ерекше көңіл аударады.
Ендеше, Елбасының өрелі Жолдауымен, қайсар рухты, өр мінезді өршіл халқымыздың қолдауымен әлемдегі алдыңғы қатарлы дамыған 30 мемлекеттің қатарынан көрінетіндігімізге кәміл сенеміз! Әлемді өзіндік даму үрдісімен таңқалдырған, жасампаздығымен тамсандырған, өз тарихында «мың өліп, мың тірілген», жаңғырып, жалын атып қайта тұрған Қазақ елі өзін тағы да бір жаңа қырынан танытары хақ!

Әбдімүтәліп ӘБЖАППАРОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстан Республикасының білім саласындағы үздік қызметкері.

Іргелі ірі істерге жетелейді

Тәуелсіз Қазақстанның қарышты қадамдарына көз салған кісі оның өн бойынан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы жолбасшы Жолдауларының жемісті ізін көретіні анық. Мен де осынау іргелі өзгерістердің куәсімін әрі бұған белсене қатысушылардың бірімін деп есептеймін.
Мақсаты биік елдің болашағы жарқын болмақ. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» аталатын кешегі Жолдауы уақыттың сұранысынан туындағаны белгілі. Өйткені, бұл Қазақстан қоғамының 2050 жылға дейінгі стратегиялық даму барысындағы маңызды буын саналады.Президент аталған құжаттың салмағына мынадай баға берді: «Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни, Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды».
Елбасы күрделі міндеттерді еңсерудің нақты жолдарын көрсету арқылы баршамызды шешуші қадамдарға жігерлендіреді. Себебі, әр жылдан жақсылық күтетін халық бұдан да жақсырақ тіршілік кешуге, үрім-бұтағын гүлдендіріп, болашағын нықтауға құлшынуда. Сондықтан, байыпты бағдар, орындалуы күмәнсіз ортақ міндеттер белгіленгенде ешкім де бұдан шет қала алмайды. Еліміздің ең жақсы дәстүрі осыдан байқалатыны ғанибет. Ғанибет демекші, таңертең жұмысқа келгенімде өндірістік салалардың жетекшілері Жолдаудағы 10 міндеттің өздеріне қатысты буындарынан өрбітіп ұсыныс-пікірлерін айтып жатқаны көңілімді өсірді. Бұл біздің көпсалалы ұжымымызда Жолдау алға қойған міндеттер өз деңгейінде орындалады деген сөз.
Төртінші өнеркәсіптік революция нарықтық қатынастарды дамытуға бағытталған. Бізде қазіргі күні құс саны 500 мың бастан асып түседі. Голландиялық технологиямен жабдықталған цех тәулігіне 20 тоннаға жуық құс етін тұтынушыларға жеткізеді. Жұмыртқаның өзін бес сұрыпқа бөліп іріктейтін технологияны да енгізгенбіз. Егіншілік пен мал шаруашылығы өнімдері тегіс қайта өңделеді. Еліміздің бірнеше қаласында фирмалық дүкендеріміз бар. Бұл табысымыздың бір қыры ғана деп есептеймін. Көптен бері біздің өндірістік учаскелерімізде Астананың, Қарағандының жетекші жоғары оқу орындарының студенттері тағлымдамадан өтіп жүр. Мен өзім басшы ретінде, адам ретінде осы қадамдарды мақтан етемін. Бұл Жолдау міндеттерінің, еліміздің ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарларының орындалатынына сенім ұялатады. Дәл осы ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолекцияларын Интернетте орналастыру керек» деген сөздерін өндірістік мүдделермен жақындастырудың тиімді екендігін атап өткім келеді.

Ибрагим ЖАНҒОРАЗОВ,
«Ижевский» өндірістік кооперативі» серіктестігінің бас директоры, Социалистік Еңбек Ері.
Аршалы ауданы.

Бұл он міндет өз маңызын жоймайды

Бүгінгі әлемнің тынысы жиілеп тұр. Қос өкпеден қысқан түрлі дағдарыстардың әсерінен бе екен, әйтеуір жан баққан тіршіліктің алаң болар жайы да азаймай келеді. Бірімен-бірі мидай араласып кетіп бара жатқан заманның қазіргі дидары да, талабы да, талғамы да мүлдем басқа. Жаһандану деп жүрген сол талапты дүниенің ендігі ауасын жұтып, суын ішіп дегендей өмір сүруің үшін тірі болуың, тірі болуың үшін ірі болуың керек. Әйтпесе мына заманның шаңын қауып қаларың кәдік емес. Елбасы бізге, яғни, өз халқына осы жағдайды үнемі айтумен келеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауының да түпкі мәні мен ойы осыған келіп саяды. Рас, Елбасы айтып отырғанындай, Қазақстан осы уақытқа шейін əлемдегі түрлі дағдарыстар мен сан алуан сынақтарға төтеп бере алды. Соның нәтижесінде ел экономикасы қарқынды даму жолына түсті. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясы мен жүз нақты қадам Ұлт жоспары да белгіленді. Алайда өсеміз, өркендейміз, мемлекетіміздің қуатын арттырамыз деп отырған жалғыз біз ғана емеспіз ғой. Жер бетіндегі мемлекеттердің барлығы да өскісі, өркендегісі келіп отыр. Сол үшін бәрі де жанталасып жатыр.
Осы бір жанталасты дүние бәсекесінде ұтамыз ба, ұтыламыз ба, ол енді келіп өзімізге байланысты. Рас, бұрынғыдай емес масылдық пиғылдан арылып келеміз. Еңбек етсең ғана қолың әлдебір игілікке жететіндігін де түсінген сыңайлымыз. Бірақ, бұрынғы еңбек пен ендігі заманның еңбегінің арасында да жер мен көктей алшақтық айырма жол сала бастады.
Елбасы өз Жолдауын «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп атауы да негізсіз емес. Өнеркәсіптік революция адам өмірінің сан саласын қамтып, ол ендігі жағдайда адам баласының ақыл-ой санасына да, тұрмысы мен ғұрпына да, мына өмірге де, тұтас әлемге деген көзқарастарына да, таным-түйсіктеріне де түбегейлі өзгерістер әкелері хақ. Жеке халықтың да, тұтас мемлекеттің де ендігі тағдырын осы өнеркәсіптік революцияның анықтауы да ғажап емес. Өйткені, ендігі арада өнеркәсібі қуатты да дамыған елдер ғана экономикалық саясатты анықтап, өз ойы мен өз дегендерін жүзеге асыруға ұмтылатын болады. Мұны әлем дамуының қазіргі үрдісінен-ақ байқауға болады.
Міне, осы ой төңірегіндегі одан арғы әңгімемізді сабақтайтын болсақ, заманның даму заңдылықтары мен қауіп-қатерлерін Елбасы алдын ала болжап, айтып та келеді, соған төтеп бере аларлық қауқары бар бағдарламалық істерді жасатып та келеді. Соның бір жарқын мысалы – Қазақстанды индустрияландыру болса керек. Бұл жолғы осы индустрияландырудың міндеттерін дұрыс жүзеге асыра алсақ, бұл тәуелсіз Қазақстанның болашағын, тіпті оның тағдырын анықтайтын маңызы бар екендігін түсіне білуіміз керек.
Елбасының Жолдауында атап көрсетіліп, ел алдына қойылып отырған 10 міндеттің қашан болсын өз маңызын жоймайтындығы тағы да бар. Сол он міндеттің кез келгенін алыңыз барлығының да еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында, рухани жаңғыруында, тарих сахнасына бұрынғыдан да берік орныға түсуінде, әлемдік саясатта өз сөзіңді бүгінгідей айтуың үшін де аса зор маңызы бар екендігі дау тудырмайтын мәселе.
«Қазақстан-2050» Даму стратегиясында белгіленген реформаларды жүргізе отырып және де еліміздің Үшінші жаңғыруын бастап кеткен бүгінгі жағдайда Елбасы өз Жолдауында айтып отырғанындай «Бүгін адамзат жаңа өнеркəсіптік революция дəуіріне аяқ басып отыр. Заманауи технологиялар дүниені өзгеріске ұшыратуда. Жаһандық технологиялық ілгерілеушіліктер өзімен бірге сын-қатерлерді де, сондай-ақ өсімнің жаңа мүмкіндіктерін де алып келуде. Бұл – біздің əлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына жедел ену үшін тарихи мүмкіндігіміз», – деді.
Тарихи мүмкіндік! Расында да бұл қазір және тіпті жедел, тіпті ұйқы-күлкі көрмей де біздің аса тиімді пайдаланып қалуға тиісті тарихи мүмкіндігіміз! Сол тарихи мүмкіндікті тағы да жедел пайдаланып қалудың тағы бір маңызы бар. Ал, бұл келіп, өз еліміз бен болашағымыздың және келер ұрпағымыздың тағдыры алдындағы ұлы жауапкершілікке әкеліп саяды. Тереңірек зерделер болсақ, Қазақстан индустриясына жаңа технологияларды енгізудің, ел өнеркəсібіндегі еңбек өнімділігінің деңгейін көтеру мен өндірістік процестерді цифрландыру жəне заманауи бизнес-модельдерді меңгеру, Қазақстанның ресурстық əлеуетін пайдаланудың тиімділігін жақсарту, ақпараттық-технологиялық шешімдерді енгізу, агроөнеркəсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру және де транспорт пен логистикалық инфрақұрылымды одан əрі дамыта беру сияқты Елбасы алға тартып отырған осы міндеттердің қайсысын, кәне бүгінгі даму процестері үшін маңызды емес деп айта аларсыз. Бәрі де маңызды және де бұл міндеттерде әрқайсымыздың өмір тынысымыз, әрбірден соң, ел тағдырымен қоса өз тағдырымыз жатыр.
Бәріміздің өміріміз жол үстінде өтіп жатыр. Бәріміз де жолаушымыз! Осы бір ой төңірегінде отырып, назарым Жолдаудың «Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру» атты төртінші міндетке еріксіз тоқтап, осы мәселеге ерекше ден қойдым. Өйткені, бір-біріне жолдың аманшылығын тілеп және де сапарға шығарда жолаяқ жасайтын ғұрпы бар халқымыз қашан болсын қара жолды қасиет тұта білген. Осы орайда, бүгінгі Қазақстанның қай салада болмасын ілгерілеп кетуінің бір тармағы осы жолымызда жатыр. Елбасы көлік-логистика мәселесін бір бүгін ғана айтып отырған жоқ. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінен бастап көңіл бөліп, үзбей дамытудың талабын қойып, соны ұдайы айтып, өз бақылауында ұстап келеді.
Қазақстан қазірдің өзінде көліктік ірі аймаққа айналып отыр. Қазір Қазақстан арқылы бірнеше трансконтинентальды коридор өтетіндігі де белгілі. Соның нәтижесі болар, Жолдауда атап көрсетілгеніндей, Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті 2017 жылы 17 пайызға өсіп, ол 17 миллион тоннаға жуықтаса, енді транзиттен түсетін сол жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндеті қойылды. Осы бес миллиард долларға қол жетер болса, онда осы көлік-логистика инфрақұрылымына жұмсалған мемлекет қаражатының тез арада қайтарымы да болады.
Әрине, көлік-логистика саласын дамытып, жетілдіруге әлемнің кез келген мемлекеттерінің де ынталы болып, олар да осы саланы жетілдірудің небр амал-тәсілдерін жасап жатқандықтары да анықтауға мүмкіндік береді. Біз де солай жасауға міндеттіміз. Елбасы бұл орайда, өз Жолдауында жүк қозғалысын «онлайн» жүйесінде бақылап, олардың кедергісіз тасымалын қамтамасыз етіп отыруды және де кедендік операцияларды жеңілдету мақсатымен «блокчейн» сияқты цифрлық технологиялардың ауқымды түрде енгізілуін қамтамасыз етуді алға тартады. Өйткені, осы күнгі бұл заманауи шешімдер көлік-логистика саласының барлық буынының өзара байланысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Міне, осы аса маңызды саланың әлемдік озық үрдіспен дамуы мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жыл сайын бұған бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр.
Әрине, Елбасының биылғы Жолдауында елдің алдына қойылып отырған он міндеттің әрқайсысының да өмірлік, тарихи маңыздылығы орасан екендігін айтуға болады. Негізгі бағыт, әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену болса, енді келіп осы он міндет сол мақсатқа жету жолымыздағы темірқазығымыз іспеттес. Мақсатқа адаспай жету үшін ел бірлігін бәрінен де жоғары қояйық!

Жабал Ерғалиев,
жазушы, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар