Таңдау

«Достар» мәдениет сарайында басқа елге қоныс аударуына байланысты өзінің депутаттық мандатын мерзімінен бұрын тоқтатқан облыстық мәслихаттың депутаты Людмила Багапованың орнына «Нұр Отан» партиясынан депутаттыққа кандидат ұсыну бойынша таңдаушылар жиналысы болып өтті.

Жиынды ашып, жүргізіп отырған «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов таңдау жасалатын кандидат көпшіліктің ойынан шығуы тиістігіне назар аударды.
Алдымен, бастауыш ұйымнан ұсынылған кандидаттардың бірі – «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «Ақмола теміржол бөлімшесі» филиалының директоры Рамазан Айғайбеков өзінің өмір жолымен таныстырып, өзі  қоғамдық жұмысқа да белсене атсалысып жүргенін жеткізді. Бұл ретте бүгінде солтүстік өңірлердегі 65 теміржол бекеті қарайтын ірі құрылымға жетекшілік етіп отырғанын және «Арлан» хоккей клубына қол ұшын созып, бұл команданың ел біріншілігінде жүлделі орындардан көрінгенін тілге тиек етті.
Депутаттыққа келесі кандидат – қаржы полициясы ардагері Сайлаубек Жанашевтың есімі де осы өңірге етене таныс. Полковник шеніндегі ардагер облыстағы құқық қорғау саласына бар саналы ғұмырын арнапты. Ол сыбайлас жемқорлықпен күресте жинаған оң тәжірибесімен алдағы депутаттық мандатты ойдағыдай атқарып, биліктің бар саласына етене еніп кеткен осы дертпен күреске дәнекер боларына сенімді. Егер депутат бола қалса, қарапайым адамдардың мұң-мұқтажын биік мінберден айтып, өзінің міндетін адал атқаратынына уәде етті.
Ал, 20 жыл білім беру саласында еңбек етіп, кейін партиялық қызметте болған, бүгінде №22 оқу-тәрбие кешенін басқаратын Бауыржан Ыбыраев өзін депутаттыққа ұсынған партияластарына алғыс айта келе, олардан Рамазан Айғайбековты қолдауды сұрады. Ол мұндай шешімге келуін төмендегі айғақтармен негіздеп берді. Алдымен, Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» деп аталған жаңа бағдарламасында инфрақұрылымды жаңғырту мәселесіне айрықша назар аударылып отыр. Екіншіден, аталған округте жаңғыртуды қажет ететін бірқатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы желілері мен жолдар бар. Міне, осы жұмыстың барлығын атқаруға бұл бағыттағы істің жайын білетін, тәжірибелі  азаматтың сайланғаны абзал. Оның үстіне, ашылғанына бір жыл ғана болған оқу ошағында оны алда қыруар істер күтіп тұр. Кандидаттар санатынан өз кандидатурасын алып тастауды сұраған ол осындай тұжырымды ойды алға тартты.
Бұдан кейін жоғарыда аталған екі кандидаттың сенімді өкілдері сөз алып, ұсынылып отырған кандидаттардың халық қалаулысы атануға лайықты азаматтар екендігін әр қырынан көрсетті. Артынша, жиналысқа қатысқан 36 партиялық дауыс беріп, оның 30-ының таңдауы Рамазан Айғайбековке, ал, қалған алтауы Сайлаубек Жанашевқа түсті. Осылайша, сол №13 cайлау округінен шығып қалған депутаттың орнын иелену үшін болатын алдағы сайлауға «Нұр Отан» партиясы атынан қатысатындардың есімдері белгілі болды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар